Франклин Джеймс Шеффнер (; 30 мамыр 1920, Токио, Жапония — 2 шілде 1989, Санта-Моника, Калифорния, АҚШ) — америкалық кино және телевизия режиссері. «Паттон» (1970) фильмі үшін «Оскар» сыйлығының иегері, «Соғыс әміршісі», «Маймылдар ғаламшары», «Көбелек», «Николай және Александра» және т.б. фильмдердің қоюшысы. Сондай-ақ 1940 жылдардың соңы мен 1950 жылдардың басында телевизиялық бағдарламаларды түсіруге қозғалмалы камераларды пайдаланудың жаңа әдістерін енгізуімен танымал, бұл көрерменнің статикалық көрнекі қатарымен салыстырғанда жаңалықтар бағдарламалары мен репортаждарын қабылдауын айтарлықтай өзгертті. 1987–1989 жылдары — Америка режиссерлер гильдиясының президенті.

Өмірбаяны 1920 жылы Токио қаласында протестант миссионерлерінің отбасында дүниеге келген. Жасөспірім шағында отбасымен бірге АҚШ-қа көшіп келді. Пенсильвания штатындағы Ланкастер округінде колледж оқып жүргенде драма студиясының жұмысына әуестенді. Колумбия университетіне түсіп, юриспруденция мамандығын оқыды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде оқуын аяқтамай, АҚШ Әскери-теңіз күштеріне әскери қызметке шақырылды. Солтүстік Африкадағы ұрыс әрекеттеріне, Еуропадағы шайқастарға қатысты, кейін АҚШ ӘТК Тынық мұхит флотына ауыстырылды.

Әскери қызметін аяқтаған соң АҚШ-қа оралып, CBS телестудиясында жұмыс істей бастады. 1954 жылы-ақ Реджинальд Роуздың «Он екі ашулы кісі» пьесасының телевизиялық қойылымы үшін өзінің алғашқы «Эмми» сыйлығын иеленді (1957 жылы бұл пьесаны Сидни Люмет аттас көркем фильм ретінде табысты түрде экранға шығарды). Келесі жылы Шеффнер Бродвей театр сахнасындағы «Кейн» кемесіндегі бүлік. Трибунал» () пьесасының телебейімдеуін жасағаны үшін тағы екі «Эмми» сыйлығын алды. «Қорғаушылар» сериалының алғашқы маусымдарындағы режиссерлік жұмысы жоғары бағаланып, оған төртінші «Эмми» сыйлығын әкелді.

1963 жылы сыни пікірлері жақсы болған өзінің тұңғыш толықметражды «Стриптизші» () көркем фильмін түсірді. 1964 жылы Гор Видалдың пьесасы бойынша басты рөлді Генри Фонда сомдаған «Ең лайықты» () саяси драмасын сахналады. Бұл фильм бірнеше кинематографиялық марапатқа ұсынылып, Карловы Вары кинофестивалінің арнайы қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.

1965 жылғы «The War Lord» («Соғыс әміршісі») атты келесі фильм Голливуд үшін біршама жаңашыл туынды болды. Себебі ол дәстүрлі рыцарлық романтизмнен өзгеше түрде, феодализм дәуіріндегі әлеуметтік теңсіздіктің жағымсыз тұстарын көрсетіп, христиан діні мен паган дінінің күресі тақырыбын көтерді. Басты рөлді Юл Бриннер сомдаған «Қос агент» () саяси детективі 1967 жылы Ұлыбританияда түсірілгенімен, халықаралық деңгейде үлкен жетістікке жете алмады.

Америка кино институты оның атымен аталатын жыл сайынғы сыйлық тағайындады.

Дереккөздер

Санат:АҚШ телережиссерлері Санат:Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары Санат:Америка режиссерлер гильдиясының президенттері Санат:Эмми сыйлығының иегерлері Санат:Америка режиссерлер гильдиясы сыйлығының лауреаттары