Хожантты басып алу — Ресейдің Бұхараны жаулап алу жорығы мен Қоқан-Ресей соғысы аясында жүргізілген, Ресей әскери қолбасшылығының рұқсатынсыз басталған әскери операциялардың бірі. Операцияға әскери губернатор Д. И. Романовский басшылық етті. Оның негізгі мақсаты — Ресей мен Бұхара арасындағы шекара бойындағы бірқатар елді мекендерді, соның ішінде Хожантты басып алу еді. Хожант тарихи тұрғыдан өзін-өзі басқарған дербес қала болатын. Қоршаудан бірнеше ай бұрын қала Бұхара әмірлігінің билігінен тәуелсіздігін жариялаған еді. Соған қарамастан, орыс әскері қаланы қоршауға алып, артиллериялық оқ жаудырды. Қоршау барысында Хожанттың белгілі бір тобы орыс әскерімен бейбіт келіссөз жүргізуге әрекет жасады. Алайда қала басшылары келіссөзге барғандарды көп ұзамай тұтқынға алды.

Осыдан кейін Ресейдің жоғары әскери қолбасшылығы қаланы тікелей шабуыл арқылы алуға дайындала бастады. Бірнеше күнге созылған артиллериялық атқылаудан соң, 24 мамырда Хожантқа шешуші шабуыл басталды. Алғашқы кезеңде қала қорғаушылары күшті қарсылық көрсеткенімен, орыс әскерлері бірнеше бағыттан қала ішіне кіріп, қорғанысты бұзып өтті. Түн ортасына қарай негізгі ұрыс қимылдары тоқтады. Ал Хожанттың ресми түрде берілуі 5 маусымда рәсімделді.

Орыс әскерінің шығыны аз болды. Ал қала үшін болған шайқаста шамамен 2 500 хожанттық қаза тапты. Хожанттың алынуы Ресей әскерінің Орталық Азиядағы әскери-саяси ілгерілеуін одан әрі күшейтіп, Ресей мен Қоқан арасындағы қақтығыстың жаңа кезеңіне жол ашты.

Алғышарты thumb|right|250px|Хожанттағы ішкі бекініс Хожант қаласы тарихи тұрғыдан Қоқан хандығы мен Бұхара әмірлігінің арасында таласқа түскен қала болды. Орталық Азиядағы осы екі мұсылман мемлекетінің ықпалына қарамастан, Хожант іс жүзінде едәуір дербестік сақтап, өзіндік басқару жүйесі мен жергілікті билік құрылымдарына ие болды. Қала тұрғындарының өзіндік жергілікті болмысы мен ортақ мүддесі де қалыптасты. 1865 жылы Қоқан хандығы Ташкент үшін болған шайқаста Ресей империясынан жеңілгеннен кейін, Хожантты Бұхара әскері басып алды. Алайда бір жылдан соң, Ыржар түбінде Бұхара әскерінің жеңілуінен кейін, Хожант Бұхара билігінен қайта бөлініп, толық дербестігін жариялады. Қалада Кереуші молда Түйші Датқаның қолбасшылығымен тәуелсіз әскери гарнизон орналасты. Сондықтан орыс әскері Хожантқа жорық бастаған кезде, қала әлі де дербес саяси құрылым ретінде өмір сүріп тұрған еді.

XIX ғасырдың орта шенінде Ресей империясы Орталық Азияның оңтүстігіндегі мемлекеттермен шекарада қауіпсіз әрі орнықты шекаралық аймақ қалыптастыру мақсатында өңірдегі бірқатар аумақтарды жаулап алды. 1865 жылға қарай бұл аумақтар Ресейдің бақылауына өтті. Алайда 1866 жылы Ресей мен көршілес Бұхара әмірлігі арасындағы бірқатар даулы мәселелер, соның ішінде Ресей елшілігінің ұсталып қалуы, жаңа әскери қақтығыстың өршуіне алып келді. Орынбор әскери губернаторы Д. И. Романовскийге Бұхараның Ыржар бекінісіне шабуыл жасауға жасырын түрде рұқсат берілді. Нәтижесінде Бұхара әскері ойсырай жеңілді. Осы жеңістен кейін Романовский әскери қимылдарды қай бағытта жалғастыру керектігін шешуге тиіс болды. Оның алдында екі жол тұрды. Біріншісі — Үрейтөбе, Жызақ және Самарқан арқылы Бұхараның ішкі аймақтарына қарай жылжу болса, екіншісі — Сырдария бойындағы шекаралық қалаларды, соның ішінде Хожантты басып алу еді.

Ресей әскери қолбасшылығы Сырдария бағытын әскери тұрғыдан жеңілірек деп санады. Алайда бұл бағыттың таңдалуы Ресей мен Бұхара арасындағы шекарадағы саяси жағдайды одан әрі тұрақсыздандыруы мүмкін еді. Соған қарамастан, Романовский Сырдария бағытын таңдады. Орынбор генерал-губернаторы Н. А. Крыжановскийге жазған хатында бұл шешімнің ықтимал кері салдарын барынша төмендетіп көрсетті. Соған қарамастан, ол Н. А. Крыжановскийдің ресми рұқсатын күтпестен, әскери қимылдарын осы бағытта жалғастырды. 1866 жылғы 14 мамырда орыс әскері жорыққа шығып, Нау бекінісін басып алды. Романовский Нау бекінісінің стратегиялық маңызына айрықша мән берді, өйткені ол Қоқан мен Бұхараны жалғастыратын негізгі жолдың бойында орналасқан еді. 17 мамырда орыс әскері Наудан шығып, көп ұзамай Хожантқа жетті.

Қоршау Барлау әрекеті thumb|left|250px|Хожантқа шабуыл жасау жоспары Орыс әскері қалаға дейін 5,3 шақырым жерде, Сырдарияның жағалауында тоқтады. Қала бекінісіне барлау жүргізіліп, оны басып алудың аса қиын болатыны анықталды. Бекініс қабырғаларының сыртындағы ғимараттар мен ағаштар қорғаушыларға тасалануға мүмкіндік бермеу үшін алдын ала қиратылған, ал қалаға апаратын негізгі жол суару арналары арқылы суға толтырылған еді. Қаланың өзі өте биік әрі қалың қос қорған қабырғасымен қорғалды. Қабырғалардың жекелеген тұстары мұнаралармен және барбеттермен күшейтіліп, зеңбірек орналастырылған артиллериялық алаңдармен жабдықталған болатын. Осындай берік қорғаныс жүйесі қаланы тікелей шабуылмен алуды аса қиындатты. Осыған байланысты орыс әскері шабуылға көшпес бұрын, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге әрекет жасап көруге ұйғарды. Алайда қалаға жақындауға әрекеттенген орыс елшілеріне оқ атылды. Осыдан кейін келіссөз арқылы шешу жоспары тоқтатылып, әскери қимылға дайындық басталды.

Хожантқа келген соң Романовский Крыжановскийден жорыққа қажетті әскери жабдықтар мен материалдарды сұратқаны үшін сөгіс алған хат алды. Бұған дейін аймақтық әскери жабдықтау қызметіне арнайы бұйрық беріліп, алдын ала нақты мақсатқа бөлінбеген қаражатты жұмсауға қатаң тыйым салынған еді. Ал Романовский бұл жорыққа қажетті қаражатты алдын ала белгілеп қоймағандықтан, оның жасағына бұдан әрі ешқандай қаржы да, қажетті ресурс та бөлінбейтін болды. Ташкентте қалған Романовскийдің адъютанты Хожантқа жасалатын соңғы көлік тасымалын қамтамасыз ету үшін Ташкенттің ауқатты тұрғындарының бірінен 3000 рубль қарыз алуға мәжбүр болды.

18 мамырда орыс әскері Хожантты қайта барлады. Бұл жолы әскери саптардың бірі Сырдарияның сол жағалауымен қалаға қарай жақындаса, екіншісі өзеннің оң жағалауынан қозғалды. Қала қорғаушылары оларға зеңбірек пен атыс қаруларынан оқ жаудырды. Соған қарамастан, орыс әскері қаланың солтүстік-шығыс қабырғасындағы әлсіз тұсты анықтап, қаланы қоршауға алды. Ресей деректерінде осы кезде Қоқан әскери жасақтары қалаға жақындап, жергілікті ауыл тұрғындарын орыс әскеріне қарсы айдап салуға әрекеттенгені айтылады. Алайда тарихшы Иномжон Мамадалиев бұл мәліметке күмән келтіреді. Оның пікірінше, Қоқан мен Хожант арасындағы терең жаулық қатынастарды ескерсек, мұндай әрекеттің болғанына сену қиын.

Артиллериялық атқылау thumb|right|250px|Михайловтың артиллериялық атысынан қираған, шабуылға жол ашқан бекініс қабырғалары 19 және 20 мамырға қараған түндері орыс әскері 18 зеңбірек пен екі минометтен тұратын төрт артиллериялық батарея орнатты. Осы батареялар кейін Хожантты бір тәулік бойы үздіксіз атқылады. Қалаға жауған зеңбірек пен миномет снарядтары тұрғындар арасында үлкен дүрбелең туғызып, қаланың әр жерінде жекелеген өрттердің шығуына себеп болды. Алайда бұл өрттер кең көлемде таралып, қаланы жаппай шарпыған жоқ. Артиллериялық атқылаудан кейін Хожант тұрғындары екі топқа бөлінді. Неғұрлым ықпалды топты екі бас қазы мен беделді тұлға Қожа Азамат бастап, келіссөз жүргізуді жақтады. Ал ақсақалдар бастаған екінші топтың ықпалы әлсіз болғанымен, олар қарулы қарсылық көрсетуді талап етті.

21 мамырда таңғы сағат 3-те орыс әскері қалаға шабуыл бастады. Алайда әскер қала қабырғаларына жете бергенде, Қожа Азамат бастаған Хожант елшілігі жолын бөгеді. Азамат Романовскийге қаланың бейбіт жолмен берілетініне уәде беріп, кейін қалаға қайтты. Бірақ Хожантқа оралған соң, оны және бас қазыларды ақсақалдар тұтқындады. Осылайша бейбіт келісім жасауға бағытталған ешқандай әрекет жүзеге аспады. Келесі күні түсте қаланың ресми түрде берілуіне белгіленген мерзім аяқталды. Бұдан кейін Романовский ауыр артиллериямен қаланы жаппай атқылауға бұйрық берді. Бұл артиллериялық атқылау 24 мамырға дейін жалғасты.

21 мамырдағы тоқтатылған шабуыл орыс әскерінің негізгі жоспарын қала қорғаушыларына аңғартып қойған еді. Сондықтан 23 мамырда орыс әскері қаланың оңтүстік жағынан әдейі алаңдатушы шабуыл ұйымдастырды. Бұл қимыл қала қорғаушыларының назарын негізгі шабуыл жасалатын бағыттан бұрып әкетті. Осыны пайдаланған орыс әскері Хожантқа апаратын жолдардың барлығын толық бақылауға алып, қаланың сыртқы әлеммен қатынасын үзіп тастады.

Шабуыл 24 мамырда Хожантқа жасалатын шешуші шабуыл алдында орыс әскері үш әскери сапқа бөлінді. Оның екеуін ротмистр Баранов пен капитан Михайлов басқарды. Әр саптың құрамында екі рота жаяу әскер мен төрт зеңбірек болды. Ал майор Назаров басқарған үшінші сапта екі рота жаяу әскер және қосалқы жасақ ретінде 100 казак атты әскері болды. Таң сәріде үш сап та Хожант қорғаушыларына байқатпастан, айналадағы бақтардың арасымен өтіп, өздеріне белгіленген шептерге жетті. Капитан Михайловтың жасағы қақпадан небәрі 270 метр жерде артиллериялық батарея орнатып, бекініс қабырғасының бір бөлігін зеңбірек оғымен қирата алды. Сағат 14:00-де артиллериялық атқылау тоқтатылды. Көп ұзамай Михайловтың жауынгерлік ұраны естіліп, бұл шабуылдың басталғанын білдірді.

Михайловтың әскери сапы солтүстік-шығыс қабырғадағы зеңбірек оғынан пайда болған ойық арқылы шабуылға шықты. Барановтың сапы солтүстік-шығыстағы Қала-и-Нау және Қоқан қақпаларына қарай бет алды. Ал Назаров басқарған қосалқы жасақ Қала-и-Нау қақпасының маңындағы мешітке жасырынды. Михайловтың сапындағы бір рота қорған қабырғасына шығу үшін үш шабуыл сатысын пайдалануға әрекеттенді. Алайда қорғаушылар оларға оқ жаудырып, тас лақтыра бастаған соң, шабуылшылар кері шегінді. Оның үстіне сатылардың өзі шабуылға кедергі келтірді: үшеуі де тым қысқа әрі тар болып шықты, тіпті біреуінің ұзындығы қабырғаға ілінуге де жетпеді. Шабуыл кезінде Михайлов басынан ауыр жараланып, қолбасшылықты капитан Бергбаумға беруге мәжбүр болды. Артиллерия жүзімшоғыр оғын жаудырып, қала қорғаушыларын ығыстырғаннан кейін, Михайловтың сапы бекіністің солтүстік-шығыс қабырғасына көтеріліп, оны басып алды. Кейін қабырғадан төмен түсіп, қала ішіне кірді. Барановтың сапы да осындай қарсылыққа тап болғанымен, ол қорған қабырғасына көтеріліп, Қала-и-Нау қақпасын басып алды. Қақпа ашылғаннан кейін Барановтың қалған әскері, оның соңынан Назаровтың қосалқы жасағы, казак атты әскері және Романовский басқарған қалған жаяу әскер қала ішіне кіріп, цитадельге қарай бет алды. Осы кезде полковник Краевский басқарған жасақ баржамен қаланың өзен жағалауындағы қорған қабырғасына жетіп, сол жерден қабырғаға көтеріліп, қала ішіне кірдіЗайцев В. Н. История 4-го Туркестанского линейного батальона, с картой, за период с 1771 по 1882 год, как материал к описанию движения русских в Среднюю Азию. 1882. 283 с..

Алайда Хожант қорғаушылары қарсылығын тоқтатпады. Олар қала көшелерінде артиллериялық тосқауылдар орнатып, ғимараттардың арасынан орыс жауынгерлеріне оқ жаудырды. Кешкі сағат 19:00-ге қарай ұрыс айтарлықтай бәсеңдеді. Ал түн ортасында қалада тыныштық орнады. Осы кезде Хожант тұрғындарының бір бөлігі атқа мініп, қаладан қашып шығуға әрекет жасады. Алайда Романовский жолдарды күзетуге бұйрық берген әскери бөлімдер қашып бара жатқандардың едәуір бөлігін жол үстінде өлтірді немесе жараладыМихайлов А. А. Первый бросок на юг / А. А. Михайлов. — М.: ООО «Издательство ACT»; СПб.: «Северо-Запад Пресс», 2003. — 429 с. — (Военно-историческая библиотека). Тираж 5000 экз. ISBN 5-17-020773-5 (ООО «Издательство ACT»). ISBN 5-93699-163-0 («Северо-Запад Пресс»)..

Шабуылдан кейінгі жағдай thumb|left|250px|Хожантты басып алғаны үшін Георгий орденінің иегерлері