Транскреация () — «translation» (аударма) және «creation» (жасау, шығармашылық) сөздерінің бірігуінен қалыптасқан термин. Ол аударматану ғылымында бастапқы мәтіннің мақсатын, стилін, эмоциялық реңкін және мәдени контексін сақтай отырып, оны басқа тілге бейімдеу үдерісін сипаттау үшін қолданылады.Rodríguez, M. A., Fernández (2019). «Transcreación: Retórica cultural y traducción publicitaria. Castilla» // Estudios de Literatura. № 10: 223–250. DOI: 10.24197/cel.10.2019.223-250. HDL: 10486/691786. Сәтті жүзеге асырылған транскреация нәтижесінде аударылған мәтін түпнұсқа мәтінмен бірдей эмоциялық әсер қалдырып, мақсатты аудиторияға сол мағыналық астарды жеткізеді. Бұл ұғым локализациямен тығыз байланысты, өйткені екі тәсіл де мәтінді белгілі бір аудиторияның тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімдеуді көздейді. Алайда транскреация аудармашының шығармашылық рөлін ерекше атап көрсетеді. Дәстүрлі аударма түрлерінен айырмашылығы, транскреация тек сөздерді ғана емес, сонымен қатар бейнелерді, бейнематериалдарды және басқа да мультимедиалық элементтерді мақсатты аудиторияның ерекшеліктеріне сәйкес қайта өңдеуді қамтуы мүмкін. Транскреация теориясы алғашында көркем аударма саласында қалыптасқанымен, XXI ғасырдың басынан бастап халықаралық маркетинг пен жарнамада кеңінен қолданыла бастады. Қазіргі таңда бұл тәсіл бейнеойындар мен мобильді қосымшаларды аудару үдерісінде де маңызды рөл атқарады. Транскреация тұжырымдамасы аудармашының дербес шығармашылық қызметіне негізделеді.Pedersen, Daniel (2019). «Managing Transcreation Projects: An Ethnographic Study» // Translation Practice in the Field: Current Research on Socio-Cognitive Processes. John Benjamins. ISBN 978-90-272-6219-6. Маркетинг саласында транскреациямен айналысатын мамандар көбінесе копирайтерлер, копиэдиторлар немесе транскреаторлар деп аталады.Roturier, Johann (2015). Localizing Apps: A Practical Guide for Translators and Translation Students. Routledge. ISBN 978-1-317-62167-6.

«Транскреация» термині алғаш рет 1676 жылы неміс философы Готфрид Вильгельм Лейбництің еңбектерінде кездеседі. Бұл тәсіл бастапқы мәтіннің мазмұнын тұтас қабылдап, оны мақсатты тілде қайта құруға бағытталған. Транскреация барысында енгізілетін өзгерістердің өзіндік себептері, түрлері, деңгейлері және шектеулері болады.Pedersen, Daniel (2019). «Managing Transcreation Projects: An Ethnographic Study» // Translation Practice in the Field: Current Research on Socio-Cognitive Processes. John Benjamins. ISBN 978-90-272-6219-6.

Жалпы мәлімет

Транскреация ұғымын ХХ ғасырдың ортасында Үндістан мен Бразилия аудармашылары ғылыми айналымға енгізді. 1964 жылы үнді ғалымы Пурушоттама Лал санскрит классикалық шығармаларының аудармасы туралы пікір білдіре отырып, аудармашының міндеті мәтінді өңдеу,үйлестіру және қайта түрлендіру екенін атап өткен. Оның пікірінше, мұндай қызмет көбіне транскреация сипатында жүзеге асады.Hagan, Minako; Mangiron, Carmen (2013). Game Localization: Translating for the Global Digital Entertainment Industry. John Benjamins. ISBN 978-90-272-7186-0.

Бразилияда бұл термин ақын әрі аудармашы Харолду ди Кампустың еңбектерімен байланыстырылады. Ол транскреацияны қан құю үдерісімен салыстырып, түпнұсқа мәтіннің «өмірлік күшін» жаңа тілде қайта жаңғырту тәсілі ретінде сипаттаған.

Транскреация ұғымы Қытайда да кеңінен танылған. 2010 жылы қытайлық Modern Advertising Magazine журналы бұл терминді алғаш рет жарнама және дизайн саласына арналған мақаласында қарастырды.«Textappeal: The Advantage of Talents» // Modern Advertising. Тамыз 2010. 20–21-бб.

Мақсаты

Жарнама берушілер жаңа нарықтарға шыққан сайын, тілдік және мәдени шекаралардан асып түсу қажеттілігі арта түседі. Жарнамалық мәтіннің дұрыс аударылуын қамтамасыз етумен қатар, мәдениет, салт-дәстүр, диалектілер, идиомалар, юмор және контекст сияқты факторлар да ескеріледі. Жергілікті мұраға, құндылықтарға, наным-сенімдер мен мәдениетке құрметсіздік танытудың кез келген белгісі тұтынушыларға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан халықаралық нарықта жұмыс істейтін компаниялар жарнама агенттіктері арқылы немесе транскреацияға маманданған компаниялардың көмегімен транскреацияны барған сайын кеңінен қолдануда.Polak, Elliot; Cuttita, Frank (2006 жылғы наурыз). «Global Marketing Disasters and Recoveries» // Admap. № 470: 36–38-бб.

Транскреатордың міндеттеріне аудитория мен хабарлама арасында эмоционалдық байланыс орнату және оның мәдени тұрғыдан барынша өзекті болуын қамтамасыз ету жатады.Kates, Steven M.; Goh, Charlene (2003). «Brand Morphing: Implications for Advertising Theory and Practice» // Journal of Advertising. 32 (1): 59–68. DOI: 10.1080/00913367.2003.10639049. ISSN 0091-3367. JSTOR 4622150. S2CID 144167731. Мәдени және тілдік шекаралардан өткен кезде көптеген факторлар өзгеруі мүмкін және оларды ескеру қажет. Оларға мәдени мұра, ортақ құндылықтар, қалыптасқан тәжірибелер, кең таралған әлеуметтік ишаралар және олардың қабылдануы, эмоцияларды білдіру тәсілдері, ым-ишара, дене қимылы және бет әлпетінің өзгерістері жатады. Бұл факторлар өз кезегінде тұтынушылардың мінез-құлқына және жарнаманың мәтін, дауыс ырғағы, юмор, көрініс орны, актерлерді таңдау және жалпы мәнер секілді элементтеріне реакциясына әсер етеді.

Транскреация веб-сайттың іздеу жүйелеріндегі оңтайландыру көрсеткіштеріне де оң әсер етуі мүмкін, өйткені іздеу жүйелері пайдаланушы тәжірибесі мен контент сапасына басымдық береді.Stein, Adriana (2021 жылғы 13 шілде). «Your Cheat Sheet to Google's 200 (Known) Ranking Factors» // blog.hubspot.com. 2022 жылғы 10 тамызда қаралды.

Аудармамен байланысы

Классикалық тұрғыдан алғанда, XVII ғасырдан бері қалыптасқан жіктеу бойынша аударма үш тәсілге бөлінеді: метафраза, яғни сөзбе-сөз аударма; парафраза, яғни ойды басқа сөздермен жеткізу; және имитация.Hopkins, David (2014). «Dryden as Translator» // Oxford Handbooks Online. DOI: 10.1093/oxfordhb/9780199935338.013.10. ISBN 978-0-19-993533-8. Осы тұрғыдан алғанда, транскреация аудармадағы «имитация» немесе «бейімдеу» тәсілінің бір түрі болып саналады.St-Pierre, David (2016). «Theory and Practice: Translation in India» // Unity in Diversity: Current Trends in Translation Studies. Routledge. ISBN 978-1-134-96042-2. Сол сияқты еркін аударма мен сөзбе-сөз аударма арасындағы аралықты қарастырғанда, транскреация осы екі тәсілдің ішінде «еркін аудармаға» ең жақын орналасады.Gaballo, Viviana (2012). «Exploring the Boundaries of Transcreation in Specialized Translation» // ESP Across Cultures.

Алайда транскреацияны аударманың дербес түрі ретінде қарастырудың негізділігіне күмән келтірілген. Бұл термин жаңа бизнес мүмкіндіктерін іздейтін аударма делдалдары арасында кеңінен қолдау тапқанымен, кәсіби аудармашылар тарапынан оған едәуір дәрежеде күмәнмен қаралады.<ref>Gaballo, Viviana (2012). «Exploring the Boundaries of Transcreation in Specialized Translation» // ESP Across Cultures. 9.

Коммерциялық қолданысы

XXI ғасырда кейбір аударма агенттіктері өздерін арнайы транскреация агенттіктері ретінде таныта бастады. Транскреация жергілікті маркетологтарға жаһандық жарнамалық хабарламаның негізгі мәнін сақтай отырып, оны өз нарығының ерекшеліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді. Осылайша, транскреациядан өткен жаһандық жарнамалық науқан жалпы әлемдік стратегияны сақтай отырып, икемдірек сипатқа ие болады.

Осыған сәйкес, транскреацияның кең таралуы халықаралық маркетингтік науқандардың өсуімен қатар жүрді. 1960 жылы халықаралық тапсырыстар АҚШ-тағы ең ірі он жарнама агенттігінің жалпы кірісінің 6 пайызын құрады. 1991 жылға қарай бұл көрсеткіш 60 пайызға дейін өсті және содан бері де артып келеді.Ducoffe, Robert; Grein, Andreas (1998). «Strategic Responses to Market Globalization Among Advertising Agencies» // International Journal of Advertising. 17 (3): 301–319 Бұл үрдіс «жаһандық ойла, жергілікті әрекет ет» қағидатына сәйкес дамып отыр.Harris, Greg (1994). «International Advertising Standardization: What Do the Multinationals Actually Standardize?» // Journal of International Marketing. 2 (4): 13–30. DOI: 10.1177/1069031X9400200402. ISSN 1069-031X. JSTOR 25048564. S2CID 158254531.

Дереккөздер