Дональд Трамп пен Владимир Путиннің 2025 жылғы ақпандағы телефон арқылы сөйлесуі () — Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Украинадағы соғыс қимылдарын тоқтатуға бағытталған алғашқы телефон арқылы келіссөздері 2025 жылдың ақпан айында өтті.

Тарихы 2024 жылғы 7 қарашада Владимир Путин Дональд Трампты АҚШ-тағы сайлаудағы жеңісімен құттықтап, сайланған президенттің Украинадағы қақтығысты аяқтауға деген ұмтылысы «назар аударуға тұрарлық» деп қосты.

2024 жылғы 9 қарашада Дональд Трамптың кеңесшісі Брайан Ланза АҚШ президентінің әкімшілігі Украинаға тартып алынған аумақтарды қайтаруға емес, «Украинада бейбітшілікке қол жеткізуге басымдық беретінін» мәлімдеді.

2025 жылғы 7 ақпанда Дональд Трамп Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл мәлімдемені растаудан бас тартты.

2025 жылғы 11 ақпанда АҚШ президентінің Таяу Шығыс бойынша арнаулы өкілі Стивен Уиткофф АҚШ азаматы Марк Фогельді ресейлік Александр Винникке айырбастауды ұйымдастыру мақсатында Мәскеуге келді. Fox News мәліметінше, сапары барысында Уиткофф Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізген, бұл кейіннен Кремль тарапынан ресми түрде расталмады да, теріске шығарылмады да. АҚШ президенті әкімшілігінің өкілдері тұтқындарды «айырбастау» Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты аяқтау жөніндегі күш-жігерді қайта жандандырудың бастамасы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

2025 жылғы 12 ақпанда Брюссельдегі НАТО штаб-пәтерінде өткен кездесуде АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет АҚШ Украинаның НАТО-ға мүше болу ұмтылысын қолдамайтынын мәлімдеді.

Келіссөздер Сөйлесу ұзақтығы бір жарым сағатты құрады. Бұл РФ мен АҚШ көшбасшылары арасындағы 2022 жылдың ақпан айынан бергі алғашқы тікелей пікір алмасу болды.

Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған егжей-тегжейлі мәлімдемеге сәйкес, әңгіме Украинадағы жағдайды, Таяу Шығысты, энергетиканы, жасанды интеллектті, доллардың қуатын және басқа да мәселелерді қамтитын кең ауқымды тақырыптарды қамтыды.

Америкалық тараптың ресми мәлімдемелеріне сәйкес, әңгіме «ұзақ әрі өте нәтижелі» деп сипатталды. Сұхбат барысында көшбасшылар бірқатар мәселелерді талқылады, олардың бастысы 2022 жылы басталған Украинадағы қарулы қақтығыс төңірегіндегі жағдай болды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша президент Трамп Украинадағы әскери қимылдарды тоқтату бойынша дереу келіссөздерді бастау туралы келісімге келгенін мәлімдеді. Екі тарапта қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеуді іздестіруде «өте тығыз» ынтымақтасу ниеторайын білдірді.

АҚШ президенті өз тарапынан бейбіт келіссөздерді басқаруды АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиоға, ОБА-ның директоры Джон Ли Рэтклиффке, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолтцқа және Таяу Шығыстағы арнайы өкіл Стив Уиткоффқа тапсырды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сөйлесу фактісін растады және әңгіме барысында Владимир Путин «қақтығыстың түпкі себептерін жою қажеттілігін» атап өткенін хабарлады. Көшбасшылардың бір-бірінің елдеріне сапармен келуге өзара шақырулары, атап айтқанда, Трамптың Мәскеуге шақырылғаны белгілі болды.

Салдары Дональд Трамп Владимир Путинмен Сауд Арабиясында өтетін алдағы жеке кездесуін хабарлады.

Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин АҚШ президенті РФ басшысымен сөйлескеннен кейін Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді. Трамп ресейлік көшбасшымен болған әңгіменің егжей-тегжейімен бөлісті және бейбіт келіссөздерді дереу бастау туралы келісімге келді.

Украина, Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия, Польша, Германия сыртқы істер министрлері, Еуроодақтың сыртқы саясат мекемесінің басшысы («Веймар+» тобы) Париждегі кездесу қорытындысы бойынша Украинаны қолдайтындарын білдірді және келіссөздер үдерісіне ЕО-ның міндетті түрде қатысуын талап етті.

2025 жылғы 13 ақпанда Ресей қоры нарығы Владимир Путин мен Дональд Трамп арасында өткізілген әңгімеден кейін 8,34 пайызға өсумен жауап қайтарды.

Дональд Трамп Владимир Путинмен және Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін 14—16 ақпанда Мюнхенде АҚШ, Ресей және Украинаның қатысуымен үшжақты келіссөздер өтетінін жариялады (бұл тек сөз күйінде қалды: Мюнхенде Ресей өкілдері болған жоқ).

2025 жылғы 15 ақпанда АҚШ президентінің Украина және Ресей мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Кит Келлог екі соғысушы елге арналған бейбітшілік жоспары бірнеше күн немесе апта ішінде әзірленуі мүмкін екенін мәлімдеді.

2025 жылғы 15 ақпанда Владимир Зеленский «Еуропа армиясын» құруға шақырды, өйткені АҚШ бұдан былай құрлыққа көмекке келе алмайды деп есептейді. Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаның НАТО-ға мүшелігі және оған қауіпсіздік кепілдіктерін беру төңірегіндегі Еуропаның ұстанымын талқылау үшін Парижде еуропалық көшбасшылардың шұғыл кездесуін ұйымдастыратынын жариялады.

Бағалаулар CNN бағалауынша, Путин мен Трамп арасындағы телефон арқылы сөйлесу, НАТО-ның еуропалық мүшелері әскери шығындарды өз бетінше көтеретіні туралы Пентагонның мәлімдемелерімен қатар, АҚШ-Еуропа қарым-қатынасындағы айтарлықтай өзгерістерді білдірді. Басылым Трамптың ұстанымы оның «Бірінші кезекте — Америка» принципін және халықаралық қатынастарды қаржылық пайда тұрғысынан бағалауға ұмтылысын көрсететінін атап өтеді. The Washington Post еуропалық елдердің қорғаныс саласындағы мүдделері екінші жоспарға ысырылып жатқанын баса айтады.

BBC екі ел көшбасшыларының ықтимал өзара сапары екіжақты қарым-қатынастағы түбегейлі бетбұрысты білдіретінін атап өтті, өйткені АҚШ президенті Ресейге он жылдан астам уақыт бойы барған жоқ. Axios басылымы телефон арқылы сөйлесуді, көшбасшылардың ықтимал кездесуін және бұған дейін жарияланған тұтқындарды алмасуды мұздатылған АҚШ-Ресей қарым-қатынастарының жылу белгілері ретінде сипаттады.

The New York Times бағалауынша, Владимир Путин үшін бұл телефон қоңырауы үш жылдық Украина қақтығысындағы шешуші шайқастармен маңызы жағынан салыстыруға болатын бетбұрысты сәт болды.

The Guardian басылымының пікірінше, Ресеймен келіссөздердің жылдам басталуы және Украинадан аумақты беруді ашық талап ету Киевте және Украинаның еуропалық одақтастары арасында үрей туғызды. Олар Трамп әкімшілігі мәмілені тезірек жасау үшін Путиннің талаптарына айтарлықтай жол беруі мүмкін деген қауіптерін білдірді. Әл-Жазира телеарнасы болған оқиғаны «АШҚ-тың Киевке қатысты саясатындағы үш жылдағы елеулі бетбұрыс» деп сипаттады.

The Times мәліметіше, 90 минуттық әңгіме Ресейді оқшаулау және Путинді халықаралық қуғыншыға айналдыру әрекеттерінің сәтсіздікке ұшырағанының дәлелі болып табылады. Süddeutsche Zeitung Трамптың Украинаның өзі мен еуропалық серіктестердің қатысуынсыз Украина тағдырын шешуге жол бермеу туралы еуропалық ұстанымды кері қайтарғанына назар аударып, болжамды келіссөздер үстелінде тек екі қатысушы: Трамп пен Путин болатынын баса айтқанын атап өтті. Bloomberg деректері бойынша, еуропалық шенеуніктер дайындалып жатқан әңгіме туралы алдын ала хабарлама алмаған және оның орын алғанына есеңгіреп қалған. Handelsblatt басылымы ЕО басшылары Трамп Еуропаның есебінен Путинге айтарлықтай жол беруге дайын болуы мүмкін деп қауіптенетінін атап өтеді.

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл әңгімеге пікір білдіре отырып, бейбітшілікке ұмтылу Украинаны «сатқындық» болып табылмайтынын атап өтті және Ресей агрессиясы НАТО үшін «қайта жүктеу» қызметін атқарғанын айтты. Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Джон Болтон Трамп Украина мәселесі бойынша Владимир Путиннің алдында «іс жүзінде тізе бүкті» деп мәлімдеді.

2025 жылғы 13 ақпанда Франция президенті Эммануэль Макрон Трамп пен Путиннің келіссөздерінен кейін көп ұзамай берген сұхбатында «Еуропаның жеделдеп, әрекет етуді бастайтын сәті келді» деп мәлімдеді. Германия канцлері Олаф Шольц келіссөздерден кейінгі өзінің бейнежолдауында Еуропаның «айқын, жылдам әрі шешімді ұстанымының» қажеттілігі туралы түсініктеме берді.

2025 жылғы 15 ақпанда Владимир Зеленский Дональд Трамптың алғашқы қоңырауы Владимир Путинге болғанына «көңілі толмайтынын» хабарлады және егер АҚШ президенті Ресей президентімен өзінен бұрын кездесетін болса, бұл одан да «қауіптірек» болатынын ескертті.

2025 жылғы 15 ақпанда Польша Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский АҚШ президенті Дональд Трамптың Владимир Путинге қоңырау шалуы қателік болды деп мәлімдеді, «өйткені бұл Путинді қолдайды және Украинаның рухын түсіреді».

Келіссөзден соң 12 ақпаннан кейін Путин мен Трамп арасындағы телефон келіссөздері 18 наурыз, 19 мамыр, 4 маусым, 14 маусым, 3 шілде, 18 тамыз (Мәскеу уақыты бойынша 19 тамызға қараған түні) және 16 қазан күндері өтті. Тамыз айындағы телефон арқылы сөйлесудің алдында, 2025 жылғы 15 тамызда өткен Ресей-АҚШ саммиті барысында жеке келіссөздер болған еді.

Дереккөздер

Санат:Трамптың екінші әкімшілігіне қатысты даулар Санат:Владимир Путин президенттігі Санат:12 ақпан оқиғалары Санат:2025 жылдағы халықаралық қатынастар Санат:Владимир Путин Санат:АҚШ-Украина қатынастары Санат:АҚШ және Ресейдің Украинаға басып кіруі