1380 жылғы Қалқа өзеніндегі шайқас — Алтын Орданың батыс бөлігінің іс жүзіндегі билеушісі Мамай мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыс хан арасында өткен шайқас. Шайқаста Тоқтамыс толық жеңіске жетіп, Алтын Орданың саяси бірлігін қалпына келтірді.
Алғышарттары Шайқасқа дейін Алтын Ордада жиырма жылға созылған тақ үшін өзара күрес жүрді. Сол күрестің басты тұлғаларының бірі Мамай болды. Алайда ол Шыңғыс хан әулетінен шықпағандықтан, хан тағына заңды түрде отыра алмады. Сондықтан ол Шыңғыс әулетінен шыққан сұлтандардың бірін хан етіп жариялап, өзін беклербек қызметінде қалдыру арқылы билікті өз қолында ұстауға тырысты. Мамайдың негізгі тірегі Алтын Орданың Еділден батысқа қарай орналасқан өңірлері, әсіресе Қырым болды. Ол Бату әулетін қолдап, хандарды сол әулеттен таңдауға ұмтылды. Ал қарсыластары Шыңғыс хан ұрпақтарының басқа тармақтарына жататындықтан, көптеген ақсүйектер оларды заңсыз билікке ұмтылушылар деп санады.
1370 жылдан бастап Мамайдың қолдауымен жас хан Мұхаммед Бұлақ хан билік құрды. Ол 1374 жылы Сарайдан қуылғанымен, Мамай екеуі Алтын Орданың батыс бөлігінде өздерін заңды билеушілер ретінде көрсете берді. 1380 жылы Мамай Руське үлкен жорық ұйымдастырмақ болды. Алайда орыс жасақтары оған қарсы алдын ала аттанып, Куликов шайқасында Мамай әскерін жеңді. Соған қарамастан, орыс әскері оны қуа алмады, ал Мамай оңтүстікке шегініп, өз күшін қайта қалпына келтірді. Дегенмен Куликово даласында оның қолдауындағы хан Мұхаммед қаза тауып, Мамай заңды билікке сүйену мүмкіндігінен айырылды.
Шайқас Куликово шайқасынан кейін Русьпен соғыс екінші кезекке ысырылды. Бұл кезде шығыстан Тоқтамыс жорыққа шықты. Ол бұған дейін Алтын Орданың сол қанатын, Шибан ұлысын және Сарайды басып алып, мемлекет аумағының басым бөлігін өзіне қаратқан болатын. Ұзаққа созылған азаматтық қақтығыстардан қажыған Орда халқы мен ақсүйектерінің көпшілігі Тоқтамысты заңды хан ретінде қолдады.
1380 жылдың қазан немесе қараша айында екі жақтың әскері Қалқа өзені бойында кездесті. Алайда шешуші шайқас болмады. Мамай әскерінің едәуір бөлігі заңды хан деп таныған Тоқтамыс жағына өтіп кетті. Соның нәтижесінде Мамай жеңіліске ұшырады. Мамай Қырымға қашып барып, генуялықтардың Кафа (қазіргі Феодосия) бекінісіне жасырынуға әрекет жасады. Алайда қалаға кіргізілмеді. Кейін ол Солхат (қазіргі Ескі Қырым) маңында қолға түсіп, өлтірілді. Деректер бойынша, Тоқтамыстың бұйрығымен Мамай лайықты құрметпен жерленген.
Салдары 1380 жылғы Қалқа өзеніндегі шайқастан кейін Тоқтамыс Алтын Орданың дара билеушісіне айналды. Осылайша мемлекеттің әскери және саяси бірлігі уақытша қалпына келтіріліп, ұзаққа созылған тақ үшін күрес аяқталды.
Дереккөздер
Санат:Алтын Орда шайқастары