Мария Виктория Эухения Гуадалупе Мартинес дель Рио Морено-Руффо (; 31 мамыр 1962 жыл, Мехико, Мексика), көпшілікке Виктория Руффо () деген сахналық есімімен танымал — мексикалық театр, кино және теледидар актрисасы, сондай-ақ тележүргізуші.Victoria Ruffo. Мексиканың Мәдениет министрлігінің Мәдени ақпарат жүйесі.
Ол негізінен мексикалық теленовеллалардағы басты рөлдерімен танылды. Руффоның «La fiera» («Асау әйел»), «Simplemente María» («Қарапайым Мария»), «La madrastra» («Өгей ана»), «Victoria» («Виктория»), «Triunfo del amor» («Махаббат салтанаты») және «Corona de lágrimas» («Көз жасының тәжі») телехикаяларындағы рөлдері оған Латын Америкасында, АҚШ-та, Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде кең танымалдық әкелді. Испан тілді бұқаралық ақпарат құралдарында ол жиі «теленовеллалар ханшайымы» деп аталады.«Victoria Ruffo y su legado como “Reina de las telenovelas”». Imagen Televisión.
Өмірбаяны
Балалық шағы және отбасы
Виктория Руффо Мехикода Рамон Мартинес дель Рио мен Гуадалупе Морено Эрераның отбасында дүниеге келген. Ол отбасындағы үш қыздың үлкені. Оның Марсела және Габриэла есімді екі сіңлісі бар.
Марсела Руффо теледидар саласында продюсер болып еңбек етті. Габриэла Руффо, Габи Руффо деген есіммен танымал, актриса, тележүргізуші, радиожүргізуші және жазушы болды.«Victoria Ruffo tiene dos hermanas: ¿quiénes son y a qué se dedican Gaby y Marcela?». Univision.
Руффоның айтуынша, ол бала кезінен актриса болуды армандаған. Шамамен жеті жасында сіңлісі Марселамен бірге модельдік агенттікке барған кезде жарнамалық түсірілімге қатысу жөніндегі алғашқы ұсынысын алған. Кейін жарнамалық бейнероликтерге, фотоновеллаларға және телебағдарламаларға қатыса бастады.«Victoria Ruffo dice cómo incendió su casa y cómo inició su carrera». Las Estrellas.
Шығармашылық жолының басталуы
Руффо кәсіби шығармашылық жолын 1970-жылдардың соңында бастады. Алғашқы жылдары ол фотоновеллаларға — оқиғасы кәсіби актерлердің фотосуреттері мен қысқаша мәтіндер арқылы баяндалатын мерзімді басылымдарға түсті.«Alejandro Luna colecciona más de mil 700 fotonovelas de México». 20 Minutos.
Ол тікелей эфирде көрсетілген «Variedades de media noche» («Түн ортасындағы эстрада») бағдарламасын жүргізді. Кейін актриса тікелей эфирдегі жұмыс оның көпшілік алдында еркін сөйлеуіне және камера алдында өзін сенімді ұстауына көмектескенін айтқан.
Оның алғашқы кино жұмыстарының қатарына «Discoteca es amor» («Дискотека — махаббат»), «Ángel del silencio» («Үнсіздік періштесі») және «Perro callejero» («Көше иті») фильмдері жатады.
Теледидардағы алғашқы маңызды жұмыстарының бірі 1980 жылы көрсетілген «Conflictos de un médico» («Дәрігердің тартыстары») теленовелласы болды. Кейін «Al rojo vivo» («Қызу үстінде»), «Quiéreme siempre» («Мені әрдайым сүй») және «En busca del Paraíso» («Жұмақты іздеп») телехикаяларына қатысты.
1980-жылдардағы танымалдығы
1983–1984 жылдары Руффо «La fiera» («Асау әйел») теленовелласында Наталия Рамирестің басты рөлін сомдады. Бұл жұмыс оның Мексикадағы алғашқы үлкен жетістіктерінің біріне айналды. Осы рөлі үшін актриса 1984 жылы TVyNovelas сыйлығының «Үздік жас актриса» санатында жеңімпаз атанды.
1985 жылы ол «Juana Iris» («Хуана Ирис») теленовелласында, ал 1987–1988 жылдары «Victoria» («Виктория») телехикаясында басты рөлдерді орындады.
«Қарапайым Мария» және халықаралық танымалдық
1989–1990 жылдары Виктория Руффо «Simplemente María» («Қарапайым Мария») теленовелласында Мария Лопестің рөлін сомдады. Телехикаяда кедей ауыл қызынан табысты сәнгерге дейін көтерілген әйелдің тағдыры баяндалады.
Телехикая Латын Америкасынан тыс көптеген мемлекеттерде көрсетіліп, Руффоға халықаралық танымалдық әкелді. «Simplemente María» («Қарапайым Мария») бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде де ерекше танымал болды.
1994 жылғы наурызда Руффо актер Тоньо Мауримен бірге Ресейге сапар шекті. Ол Мәскеу, Қазан, Тула, Пермь және Санкт-Петербург қалаларында болып, көрермендермен кездесті. Сапар барысында актриса ресейлік «МММ» компаниясының бірнеше жарнамалық бейнеролигіне түсті.«Rusia se rinde ante los pies de María». El Tiempo, 1994.
1990-жылдары Руффо «Capricho» («Қыңырлық»), «Pobre niña rica» («Бейшара бай қыз») және «Vivo por Elena» («Элена үшін өмір сүремін») теленовеллаларында басты рөлдерді орындады.
2000-жылдар
2000–2001 жылдары Руффо «Abrázame muy fuerte» («Мені қатты құшақта») теленовелласында Кристина Альварес Ривастың рөлін сомдады.
Бірнеше жылдық үзілістен кейін 2005 жылы ол «La madrastra» («Өгей ана») теленовелласында Мария Фернандес Акунья де Сан Романның рөлімен экранға оралды. Оның кейіпкері — жасамаған қылмысы үшін түрмеде жиырма жыл отырғаннан кейін өзіне тағылған айыптан арылып, балаларын қайтаруға тырысатын әйел. Бұл рөл Руффоның ең танымал жұмыстарының біріне айналды.
2007–2008 жылдары актриса колумбиялық-мексикалық «Victoria» («Виктория») теленовелласында елу жасқа жақындаған шағында өмірін қайта бастауға тырысатын Виктория Сантьестебан де Мендосаның рөлін сомдады.
2008–2009 жылдары ол «En nombre del amor» («Махаббат атынан») телехикаясында Макарена Эспиноса де лос Монтеростың, ал 2010–2011 жылдары «Triunfo del amor» («Махаббат салтанаты») теленовелласында сән үйінің иесі Виктория Сандовальдың рөлін орындады.
Кейінгі шығармашылығы
2012 жылы Руффо «Corona de lágrimas» («Көз жасының тәжі») теленовелласында үш ұлын жалғыз тәрбиелеп отырған Рефухио Чавероның рөлін сомдады. Осы жұмысы үшін 2013 жылы TVyNovelas сыйлығының «Басты рөлдегі үздік актриса» санатында жеңімпаз атанды. Телехикаяның оқиғасы 2022–2023 жылдары көрсетілген екінші бөлімде жалғасты.«¿De qué trata Corona de Lágrimas 2?». Las Estrellas, 5 тамыз 2022.
2014 жылы ол «La malquerida» («Сүйілмеген әйел»), 2016 жылы «Las amazonas» («Амазонкалар»), ал 2019 жылы «Cita a ciegas» («Соқыр кездесу») теленовеллаларында ойнады.«Victoria Ruffo regresa a las telenovelas con “Cita a ciegas”». Milenio.
2023 жылдан бастап Руффо «Los amantes perfectos» («Мінсіз ғашықтар») комедиялық қойылымында Карлотита рөлін орындап, Мексика мен басқа елдердегі театрларға гастрольдік сапармен шықты.«Los amantes perfectos». Taquilla Cero.
thumb|center|700px|«Los amantes perfectos» («Мінсіз ғашықтар») қойылымының актерлік құрамы, 2023 жыл
2024 жылы Руффо «El roomie» («Бөлмелес») комедиялық фильмінде мектеп директорының рөлін орындады. Сол жылдан бастап ол әйелдердің ішкі күш-жігері мен өмірлік қиындықтарды жеңуі туралы «Las Leonas» («Арыстан әйелдер») театр қойылымында өнер көрсетті.«Las Leonas, obra de teatro que explora el empoderamiento femenino». N+, 30 мамыр 2025.
2025 жылы актриса ұлы Хосе Эдуардо Дербес пен Вадир Дербес жүргізген «Par de Ideotas» («Қос ақымақ») ойын-сауық телесериясына арнайы қонақ ретінде қатысты.«Ve “Par de Ideotas” en ViX, la serie que reúne a Victoria Ruffo y Eugenio Derbez». Univision/ViX, 28 ақпан 2025.
Ресейге екінші сапары
2026 жылғы маусымда Виктория Руффо Сочи қаласында өткен III «Еуразия-Кинофест» халықаралық кинофестиваліне қатысты. Фестивальдің ашылу салтанатында оған кинематографты дамытуға қосқан үлесі үшін диплом мен арнайы мүсінше табыс етілді.«Звезду “Просто Марии” Викторию Руффо наградили на “Евразия-Кинофесте”». Комсомольская правда, 14 маусым 2026.
Ресейлік басылымдарға берген сұхбатында Руффо «Қарапайым Марияның» орыс тілді көрермендер арасында әлі де танымал болғанына ризашылығын білдіріп, Мексикада театрда ойнауды және кино мен тележобаларға қатысуды жалғастырып жүргенін айтты.«Виктория Руффо: “Я, как хорошее вино, с годами становлюсь только лучше”». Metro, 14 маусым 2026.
Жеке өмірі
Эухенио Дербеспен қарым-қатынасы
1980-жылдардың соңында Виктория Руффо мексикалық актер, режиссер әрі әзілкеш Эухенио Дербеспен қарым-қатынаста болды. Олар «Simplemente María» («Қарапайым Мария») теленовелласының түсірілімі кезінде танысқан.
1992 жылғы 14 сәуірде олардың ұлы Хосе Эдуардо Дербес дүниеге келді. Ол кейін ата-анасының жолын қуып, актер және тележүргізуші болды.
Руффо мен Дербестің қарым-қатынасы 1990-жылдардың ортасында аяқталды. Хосе Эдуардо негізінен анасымен бірге өсті.
Омар Файядпен некесі
2001 жылғы 9 наурызда Виктория Руффо мексикалық заңгер және саясаткер Омар Файядқа тұрмысқа шықты. Неке қию рәсімі Мехикодағы Сан-Агустин шіркеуінде өтті.
2004 жылғы 11 тамызда ерлі-зайыптылардың егіз балалары — қызы Виктория және ұлы Ануар дүниеге келді.«¿Cuántos años tienen Vicky y Anuar Fayad, los gemelos de Victoria Ruffo y Omar Fayad?». Univision.
Файяд Хосе Эдуардоның тәрбиесіне де қатысып, онымен жақын отбасылық қарым-қатынас орнатты. Руффоның айтуынша, балаларына болашақ мамандығын өз еркімен таңдауға мүмкіндік берілген. Хосе Эдуардо актерлік жолды таңдаса, Виктория сән саласына қызығушылық танытқан, ал Ануар көпшілік назарынан тыс өмір сүрген.
2023 жылдың соңында Омар Файяд Мексиканың Норвегиядағы елшісі қызметіне кірісті. Осыған байланысты Файяд негізінен Норвегияда, ал Руффо кәсіби жұмысына байланысты Мексикада тұра бастады. Актриса олардың бөлек тұруы некенің аяқталғанын білдірмейтінін және араларындағы сүйіспеншілік пен өзара құрмет сақталғанын айтты.«Victoria Ruffo habla de su matrimonio a distancia con Omar Fayad». ¡Hola!, 20 маусым 2025.
Руффо ұзақ некенің негізі өзара түсіністік, құрмет, ашық әңгімелесу және ерлі-зайыптылардың бір-бірінің кәсіби қызметін қабылдай білуі деп есептейтінін бірнеше рет айтқан.«Victoria Ruffo habla de su vida en matrimonio con Omar Fayad». ¡Hola!, 19 сәуір 2021.
Ана болуы және денсаулығы
Руффо ана болу жолының оңай болмағанын ашық айтқан. Хосе Эдуардо дүниеге келген кезеңде оған ауыр дәрежедегі эндометриоз диагнозы қойылған.
Актрисаның айтуынша, ол бірнеше операциядан өтіп, аналық безі мен жатыр түтігінің бір бөлігі алынған және ұзақ уақыт гормондық ем қабылдаған. Дәрігерлер оның қайтадан бала көтеру мүмкіндігін төмен бағалағандықтан, Руффо егіздері Виктория мен Ануардың дүниеге келуін өміріндегі ерекше оқиға деп сипаттайды.«Victoria Ruffo padece endometriosis y por poco le impide ser madre». Univision, 19 қазан 2021.
Әже болуы
2024 жылғы 30 маусымда Хосе Эдуардо Дербес пен оның серігі Паола Далайдың Тесса есімді қызы дүниеге келді. Тесса Виктория Руффоның алғашқы немересі болды.«Victoria Ruffo habla por primera vez de su nieta Tessa». Las Estrellas, 2024.
Руффо немересінің дүниеге келуін отбасы үшін үлкен қуаныш деп сипаттады. Тессаның дүниеге келуіне байланысты Руффо мен Эухенио Дербес те бірқатар отбасылық шараларға бірге қатысты.
Қоғамдық қызметі
Омар Файяд Пачука-де-Сото қаласының муниципалдық президенті болған 2006–2009 жылдары Виктория Руффо қаланың бірінші ханымы міндетін атқарып, Отбасының жан-жақты дамуы жүйесінің жергілікті бөлімшесін — DIF мекемесін басқарды.
Руффо бұл қызметті саяси мансаптан гөрі әлеуметтік жұмыс ретінде қабылдайтынын мәлімдеді. Оның басшылығымен тұрмысы төмен отбасыларға, балаларға, қарт адамдарға және әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындарға арналған бағдарламалар жүзеге асырылды.«Victoria Ruffo: “La Madrastra de Pachuca”». El Universal, 14 мамыр 2006.
2016 жылғы 5 қыркүйектен 2022 жылғы 4 қыркүйекке дейін Омар Файяд Идальго штатының губернаторы болған кезде Руффо штаттың бірінші ханымы және Идальгодағы DIF жүйесінің президенті қызметін атқарды.«DIF Nacional entrega apoyos para población vulnerable a DIF Hidalgo». Мексика үкіметі, 11 қараша 2016.
Шығармашылық ерекшелігі
Виктория Руффоның экрандық бейнесі көбіне қиындықтарға қарамастан отбасын қорғап, әділетсіздікпен күресетін, ерік-жігері мықты әйел кейіпкерлерімен байланысты. Оның теленовеллаларындағы кейіпкерлері әлеуметтік теңсіздік, жалғызбасты ана болу, отбасылық қайшылықтар, сатқындық, кешірім және өмірді қайта бастау тақырыптарын қамтиды.
Актриса сұхбаттарында жағымсыз кейіпкерді сомдауға қызығатынын, алайда телепродюсерлер оған көбіне жағымды және түрлі қиындықтарды бастан кешіретін әйелдердің рөлдерін ұсынатынын айтқан.«Victoria Ruffo: “No me dan chance en televisión de ser villana”». El Universo, 10 қараша 2018.
Фильмографиясы
Теленовеллалар