Quiet Quitting — еңбек міндеттерін тек ресми талаптар шеңберінде орындауды көздейтін жұмыс тәсілі. Атауына қарамастан, бұл құбылыс жұмыстан кетуді білдірмейді. Оның мәні қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді ғана орындап, қосымша күш жұмсаудан, артық жұмыс істеуден және жұмыс уақытынан тыс еңбек қызметімен айналысудан бас тартуында жатыр.
Quiet Quitting жақтастары бұл құбылысты кейде «жалақыңа сай жұмыс істеу» немесе «теңгерімді үлес қосу» деп атайды. Олардың пікірінше, негізгі мақсат жұмыс орнындағы тәртіпті бұзу емес, кәсіби күйзелістің алдын алу, жеке дербестікті сақтау және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету болып табылады Tapper, James. Quiet quitting: why doing the bare minimum at work has gone global // The Guardian. – 2022. – 6 тамыз.
Терминнің пайда болуы Бұл терминді алғаш кім енгізгені туралы нақты деректер жоқ. Зерттеушілер Quiet Quitting құбылысының пайда болуын Қытайда кең тараған Tang Ping («жату», «артық күш салмау») қозғалысымен байланыстырады. Бұл қозғалыс әлеуметтік желілерде танымал болып, қоғамдағы шамадан тыс бәсекелестікке қарсы көзқарастың көрінісіне айналды.
Кейіннен бұл идеялар Қытайдағы «инволюция» ұғымымен байланыстырылды. Инволюция қоғамдағы жоғары бәсекелестік жағдайында адамдардың көп күш жұмсағанымен, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмауын сипаттайды. Бұл құбылыс көптеген адамдардың шаршау сезімін күшейтіп, еңбекке деген көзқарастың өзгеруіне ықпал етті «Игра в имитацию: что такое "тихое увольнение" и как с ним бороться» // ТАСС. – Қолжетімділік күні: 21 желтоқсан 2025.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Quiet Quitting қазіргі заманғы «үздіксіз еңбек ету мәдениетіне» қарсы реакция болып табылады. Бұл көзқарас адамның құндылығы жұмысқа жұмсаған сағаттар санымен емес, оның өмір сапасымен және әл-ауқатымен өлшенуі тиіс деген идеяға негізделеді.
Терминнің өзі салыстырмалы түрде жаңа болғанымен, оның негізіндегі идеялар бұрыннан белгілі. Quiet Quitting ұғымы 2022 жылы АҚШ-та TikTok әлеуметтік желісі арқылы кеңінен таралып, қоғам назарын аударды. Қысқа уақыт ішінде бұл тақырып көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланып, еңбек мәдениетіндегі маңызды үрдістердің біріне айналды.
Алғышарттары мен себептері
Негізгі алғышарттары мен себептері ретінде мыналар аталады: * Yasemin Boy;Mahmut Sürmeli. Quiet quitting: A significant risk for global healthcare // Journal of Global Health. – 2023. – Vol. 13. – № 03014. – DOI: 10.7189/jogh.13.03014. – https://doi.org/10.7189/jogh.13.03014.
• Пандемияның салдары және қашықтан жұмыс істеуге көшу. COVID-19 пандемиясынан кейін қашықтан жұмыс істеудің кең таралуы қызметкерлердің күйзелісі мен кәсіби қажуының артуына, сондай-ақ еңбек нарығындағы тұрақсыздықтың күшеюіне ықпал етті.
• Қызметкерлердің жұмысқа тартылу деңгейінің төмендеуі. Көптеген зерттеулер қызметкерлердің өз жұмысына деген қызығушылығы мен ұйым қызметіне белсенді қатысуының азайғанын көрсетеді. Нәтижесінде кейбір қызметкерлер еңбек шартында көзделген міндеттерді ғана орындап, қосымша жауапкершіліктерді қабылдаудан бас тартады.
• Z буыны мен миллениалдардың құндылықтарының өзгеруі. Бұл буын өкілдері жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке ерекше мән беріп, икемді еңбек жағдайларын және жұмыс уақытын өз бетінше басқару мүмкіндігін жоғары бағалайды.
• Қолайсыз еңбек жағдайлары және басқару сапасының төмендігі. Жалақының төмен болуы, мансаптық өсу мүмкіндіктерінің шектеулілігі, қызметкерлердің еңбегінің бағаланбауы және басшылық тарапынан қолдаудың жеткіліксіздігі олардың еңбекке деген ынтасын төмендететін негізгі факторлар болып саналады.
Осылайша, Quiet Quitting – бірнеше фактордың ықпалымен қалыптасатын құбылыс. Оның пайда болуына қызметкерлердің еңбек пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікке басымдық беруі, сондай-ақ жұмыс берушілер мен ұйым басшылығы тарапынан жеткілікті қолдау мен ынталандырудың болмауы әсер етеді.
Соңғы жылдары Quiet Quitting-пен байланысты жаңа үрдістер де пайда болды. Солардың бірі — Quiet Cutting, яғни қызметкерлерді жұмыстан шығарудың орнына басқа лауазымдарға ауыстыру тәжірибесі. Бұл еңбек нарығындағы жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы қарым-қатынастың өзгеріп жатқанын көрсетеді *Jenna Campton; Aaron Tham; Hiram Ting. Quiet Quitting – Implications for Asian Businesses // Asian Journal of Business Research. – 2023. – Т. 13, № 2. – Б. 128–134. – DOI: 10.14707/ajbr.230153.
Қазіргі таңда Quiet Quitting еңбек мәдениеті, қызметкерлердің психологиялық жағдайы және жұмыс тиімділігі мәселелерін зерттеудегі өзекті тақырыптардың бірі болып саналады.
Дереккөздер
Санат:Психология