Қазақ мемлекеттігі — әр жылдарда қазіргі Қазақстан аумағында мекендеген мемлекеттер, тұтастай алғанда мемлекеттің қалыптасу кезеңдері.
Қазақстанның көне тарихы Сақтар (б.з.д. VIII-III ғғ.)
Қазақстандағы өмір сүрген тайпалардың ішінде аты-жөні жақсы сақталған тайпалардың бірі - сақтар. Археологиялық зерттерлеуге және жазба деректерге қарағанда б.з.б. VII-IV ғғ. сақ тайпалары Орта Азия және Қазақстан жерін мекендеген. Парсы жазба деректері бойынша, Орта Азия мен Қазақстан территориясында мекендейтін көшпелі тайпаларды жалпы атпен сақтар деп атаса, ал гректің атақты тарихшысы Геродот (б.з.б. V ғ.) сақтарды «азиялық скифтер» деп атаған. нобай|солға|200px|Орта Азиядан шыққан сақ шабандозы, б.з.д. 300 ж. thumb|оңға|300px|Сақтар мекендеген жерлер. Сақтар жылқы өсірген. Екі тұқымы болғаны анықталды, оның біреуі басы үлкен, аяғы жуан, денесі шомбал, жатаған жылқы, ал екіншісі шоқтығы биік бойшаң, сымбатты жылқы, оны қарулы жауынгерлер мінетін болған. Қой бағумен де айналысқан, олар қазақтың кәзіргі құйрықты қойлары тұқымына жақын болған. Түйе шаруашылығы да кең дамыды. Ал сиырдың көшпелі тіршілікке бейімделген мұндай тұқымының өзгеден айырмасы — өнімділігі төмен, тірілей салмағы аз, жемшөпті көп талғамайтын. Суықта сыр бермейтін, жүні қалың, тебін малы болды.
Қыстау маңындағы егіншілік сақтарды астықпен қамтамасыз еткен. Олар тары, арпа, бидай еккен. Оңтүстік Сырдария алқабында сақтардың Шірік-Рабат, Бәбіш Молда, Баланды секілді қоңыстарында табылған.
Сақ тайпалары арасында металл өндіру және оны өңдеу, әсіресе қола құюға байланысты кәсіпшіліктері дамыған. Б.э.д. 1 мыңжылдықта Қазақстан және Орта Азияны мекендеген сақ тайпалары темірден заттар жасауды меңгерді. Темір мен мыс, қалайы мен қорғасын, алтын мен күміс өндіру жоғары дәрежеде дамыған. Мәселен, Имантау кен орнында 3 млн. пұт мыс рудасы, ал Жезқазған мен Успенскіден 10 мың және 26 мың пұт руда өндірілген, сонда сол руданың көбісі сақтар заманында өндірілгені анықталды. Сақ зергерлері қоладан қанжарлар, оқ жебелері мен сүңгі ұштарын, аттың қайыс әбзелдерін, әшекейлер мен айна, қазандар мен құрбандық ыдыстарын жасаған.
Сақтардың археологиялық ескерткіштерінің бірі – Бәбіш Молда қаласы. Шірік-Рабат – апасиактардың («су жағасын мекендеген сақтар») астанасы. Бұл қала қазіргі Қызылқұм шөлінде, жерді алып жатқан төбеде орналасқан. Қаланың орнынан көптеген дуал, мұнара құрылыстар табылған. Алматы облысындағы Есік обасы – б. з. б. VIII-III ғғ. сақ моласы. Бұл молада әрі жауынгер, әрі малшы, әрі абыз адам жерленген. Ол алтын адам деп аталған. Онымен бірге қару-жарақ, басқа да шаруашылық құралдар көмілген.
Массагеттер (б.з.д. VIII-III ғғ.)
Массагеттерді қазіргі тарихшылар Орталық Азияның көшпелі тайпаларының одағы ретінде қабылдайды. Массагеттер сақтардың тайпалық одағымен тығыз байланысты болды. Археология ғылымында осы тайпалардың мәдениетін жалпы «сако-массагет шеңберінің мәдениеті» деген атпен біріктіру дәстүрге айналған. Тілдік және мәдени жағынан массагеттер скифтермен туыстас болды. Бұл тайпалық бірлестіктің сақтарға жақын орналасуын ескере отырып, оның қоныс аудару аумағын дәл анықтау мүмкін емес, бірақ сако-массагет шеңбері мәдениеттерінің негізгі таралу орталықтары Орталық және Шығыс аймақтары, Қазақстан, Жетісу, Арал аймағы және Памир болды. нобай|оңға|300px|Томирис патшайым Кирдің басы алдында. Ежелгі деректерге сүйенсек, массагеттер Каспийден Әмудария өзеніне дейін өмір сүрген. Геродот оларды батыл жауынгерлердің үлкен тайпасы ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, массагеттер садақтармен, найзалармен және айбалталармен қаруланған, олар мыс пен алтыннан бұйымдар жасаған. Олардың негізгі кәсібі - мал шаруашылығы және балық аулау болған. Геродот көбінесе массагеттерді скифтермен салыстырады, олар ұқсас киім киіп, ұқсас өмір салтын ұстанған. Олардың жалғыз құдайы - күн. Олар жылқыларды күн үшін құрбандыққа шалған.
Ежелгі дәуірде Орта Азия мен Қазақстан жерінде тайпа бірлестіктерінің ең күштісі массагеттер болды. Олар әрдайым көрші патшалықтармен қарым-қатынаста болып, жауласқанмен жағаласып, тойласқанымен табысып отырды. Көшпенді де еркін, ержүрек халықты табанына таптау үшін талай рет парсы, грек, қытай патшалары жорық жасаған. Жаулардың ешқайсысына да берілмей қайта өздеріне айықпас соққы беріп отырған. Скифтердің әйелдері де батыр, қайсарлықтарымен тарихта өз аттарын қалдырып отырды. Соның бірі, әйгілі әйел патшайым –Томирис. Массагеттер патшасы Томирис өз кезегінде ешкім тоқтата алмаған парсы патшасы Кирге қатты соққы беріп, әскерін талқандап, өзін қолға түсіріп басын алады.
Әлемнің жартысын жаулап алып, төрткүл дүниеге қаталдығымен, жойқын жаугершілігімен танымал болған Кир және одан кейінгі “жеңілмес” патшалар: Дари, Ескендір Зұлқайнар массагеттер даласына келгенде таулары шағылып, кері қайтып отырған. Қайсар-батырлықтың арқасында сақ-скиф, массагеттер кең байтақ Евразия даласын ешкімге бермей жайлап жатты.
Қаңлылар (б.з.д. III ғ. - б.з. IV ғ.)
Б. з. б. II ғасырдың екінші жартысындағы «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» деп аталып кеткен тарихи оқиғалардың нәтижесінде Орталық Азияда жаңа мемлекеттік бірлестіктер, соның ішінде Үйсін, Янцай, Қаңлы мемлекеттері қалыптасады. Қазіргі Қазақстан Республикасы аумағындағы жерлерде бірінші болып, б.з.б. IV ғасырдан бұрын біріккен Қаңлы мемлекеті болған. thumb|солға|200px|Қаңлы тамгасы нобай|оңға|300px|Қаңлы аумағы Тарихнаманың ауқымды болғанына қарамастан, қаңлылардың зерттелуі әлі де қанағаттандырмайды. Бұған жазбаша деректемелердің мейлінше шектеулілігі себеп болды, оның үстіне деректер үздік-создық және қарама-қайшы, мұның езі мәселенің әркелкі түсіндірілуін туғызады. Мемлекеттің аумағы ұланбайтақ жерді: Ташкент жазирасы мен Сырдария, Жаңадария, Қуаңдария алабының ежелгі арналарын және Жетісудың онтүстік-батыс бөлігін қоса Оңтүстік Қазақстанды алып жатты. Ең құдіретті кезінде оған Сусе, Фумо, Юйни, Цзи, Юйцзянь сияқты бес «шағын иелік», сондай-ақ Янцай бағынды. Алайда олардың орналасуы даулы болып қалып отыр. Айтылған аймақта археологтар сол уақыттағы негізгі үш мәдениетті - қаңлы мәдениетіне баланатын Қауыншы, Отырар-Қаратау, Жетіасар мәдениетін атап көрсетеді. Осы мәдениеттерді 70—80-жылдары белсенді түрде өрістетілген зерттеу қаңлы тұрғындарының материалдық мәдениетінің сипаты, шаруашылығы, қоленері туралы деректерді едәуір толықтыра түседі.
Қытайдың тарихи хроникалық деректерінің ерекшеліктері мынадай: тек соларға ғана қарап бұл мемлекеттің пайда болған уақытын, оның нақты шекарасын, астанасы Битянь қаласының қайда екенін, тәуелді бес иеліктің қалай орналасқанын және басқа да көптеген нәрселерді айқын анықтау мүмкін емес.
Қаңлы мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы И. Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне «Давань туралы хикаяда» берген түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазір қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі кешіп жүрген Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» қаңлының орналасуы туралы былай делінген: «Қаңлы Даванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде жатыр. Бұл — әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқсайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың билігін таниды».
Қаңлы мемлекеті б.з. IІІ ғасырынан бастап құлдырады. Соған байланысты Қаңлы мемлекетінің вассалы болған, қаңлы князьдары билеген оңтүстік өңірдегі қала-қыстақтық аймақтар дербес елге айнала бастады. Сондай-ақ, олардың тіршілік және тұрмыстық формасының ерекшеленуіне байланысты олардың рухани мәдениеті өзіндік даму үрдісіне түсті. Сонымен, қаңлының оңтүстігі мен солтүстігіндегі тұрғындардың этникалық ерекшеліктері айшықтала түсті. Ал қаңлының солтүстігінде көшпенді немесе жартылай көшпенді өмір сүрген тұрғындардың дамуы үйсіндерге жақындасу бағытында болды. Демек, әлеуметтік өндіріс тіршілік формасындағы айырмашылықтардың алшақтауы ел ішіндегі біртұтастықты әлсіретті. Соның салдарынан Қаңлы мемлекеті б.з. V ғасырында ыдырай бастады, VI ғасырда Түрік қағанатының құрамына қосылды.
Үйсіндер (б.з.д. III ғ.-б.з. III ғ.)
Үйсін мемлекеті - (б.з.д. VIIIғ - б.з. V ғасырда) Қазақстанды мекендеген тайпаларда мемлекеттіктің алғашқы белгілері болды. нобай|300px|right|Үйсіндер тұрған жер Бұлар сақтардың этномәдени мұрагерлері үйсіндер болатын. Қазақ мемлекеттігінің тағы бір қайнар көзі үйсіндер мемлекеті болып есептеледі. Үйсіндерде ежелгі өркениетке тән дамудың барлық белгілері байқалды. Бұл қалыпты даму белгілеріне мемлекеттік билік жүйесін, жазудың болғандығын, тұрақты әскерді, елшілік жоралғыларын және т.б. жатқызуға болады. Сақ дәуірінде болған малға, еңбек құралдарына және тұрмыс бұйымдарына деген жеке меншік үйсіндерде де кең қанат жайды. Қоғамның билеуші және бағынышты топтарға бөлінуі мейлінше айқын байқалды. Қоғам — ру ақсүйектері мен тәуелді ұсақ өндірушілер, жартылай тәуелді құлдарға бөлінді. Жерді жеке иеленумен қатар иерархиялық иелену түрі де дамыды (рулық, тайпалық, қауымдық). Ежелгі үйсіндерде әлеуметтік-экономикалық қатынастар өтпелі кезеңге тән сипатта болды. Дамудың мұндай ерекше түрінің болу себебі экономикалық кұрылысқа байланысты. Жартылай көшпелі және жартылай отырықшы үйсін коғамында өндірістің екі негізгі түрі болды: мал және жер. Мал түріндегі байлықтың жиналуы, мал-мүлік, жиһазға жеке меншіктің, тауар алмасудың дамуына әкелді. Әйтсе де көшпелі қоғам ерекшелігіне сай — әлеуметтік қатынастар аса ірі және шағын дәулетті мал иелерінің жеке меншік қатынастары түрінде дамыды. Рулық құрылыстың ыдырауы барысында туындаған таптық қатынастар құлиеленушілік сипатқа ие болды. Дегенмен ежелгі үйсін қоғамында құлдың еңбегін пайдалану өзіндік ерекше түрде дамыды; яғни, құл еңбегі өндірістің негізгі тірегіне айналған жоқ, ал құл иелену классикалық түрге жете алмады. Жазбаша және археологиялық деректерден ежелгі үйсін қоғамында б.з.д. II—I ғасырлардың өзінде-ақ жекелеген адамдардың қолында байлықтың шоғырланғандығы байқалды. Қытай деректерінде: "Үйсіндерде жылқы көп. Олардың ең бай адамдарында төрт-бес мың жылқы болады", — деп көрсетілген.
Үйсін мемлекеті толассыз соғыстардан, ушыға түскен тақ таласы әсерінен әлсірей түсті. Нәтижесінде, үйсін жұрты VI ғасырдың орта шенінде құрылған Түрік қағандығының құрамына енді.
Сарматтар (б.з.д. VII ғ.-б.з. IV ғ.)
Сармат тайпалары Батыс Қазақстан аймағында өмір сүрген. Көне деректерде б.з.б. III ғасырдан бастап «Сармат» атауы кездеседі. Б.з.б. II ғасырда олар қазіргі Батыс Қазақстан жеріне еніп, Қара теңіздің солтүстік аймақтарына дейін жеткен. Сарматтар Жайық, Тобыл өзендерінің солтүстік сағаларынан Жем өзені мен Солтүстік Каспий маңы құмдарына дейін, Мұғалжар тауынан Дон өзеніне дейінгі орасан зор аумақты мекендеді. Сармат тайпалар одағына - роксоландар, аорсылар, сирактар және аландар жатады. Сармат тайпалары жөнінде деректер грек, рим тарихшылары Диодордың, Геродоттың, Үлкен Плиний мен Полибийдің еңбектерінде кездеседі. Мәселен, грек тарихшысы Диодордың айтуы бойынша «Сарматтар скифтердің жеріне басып кіреді де, жер-суын иемденіп, халқын қырғынға ұшыратады» делінген. Дегенмен, жазба деректерде сармат тайпалары жөнінде мәліметтер өте аз. Геродот «сарматтарды әйелдер басқарған» деп жазса, қазба ескерткіштер де сармат қоғамында әйелдердің үстемдік құрғанын нақтылай түседі. Барлық көшпелі тайпаларға тән тұрғындар санының өсуі тіршілік ету аясын кеңейтуді қажет етті. Осындай жағдайда олар өз көршілері скифтерге қарағанда Алдыңғы Азия, Солтүстік Кавказ бен Парфияға сәтті басқыншылық жорықтар жасаған. Б.з.б. I ғасырда Сармат тайпалар одағының бірі роксоландар сонау Мидия шекараларына дейін жетсе, кейіннен олардың ізін Арал теңізінің солтүстігін мекендеген аландар басып өткен.
нобай|солға|150px|Сармат нобай|оңға|200px|Атырау облысы Аралтөбе қорымынан табылған сармат көсемі