Алшын — қазақ халқының құрамындағы eң ірі тайпа. Ол Әлімұлы және Байұлы рулық бірлестіктерінің ортақ атауы болып саналады.
Алшындардың шығу тегі туралы пікірлердің бірі тарихшы, политолог және генетик Жақсылық Сәбитовтың зерттеулеріне негізделген. Оның айтуынша, Алшындар X ғасырда қазіргі Моңғолия аумағын мекендеген татарлардың алчи тайпасынан тарайды. Бұл тұжырым Рашид ад-Диннің «Джами-ат-таварих» («Жылнамалар жинағы») еңбегіне сүйенеді. Аталған деректе: «алшы тайпасынан шыққан ерлер — алшытай, ал әйелдер — алшын аталады» деп көрсетілген. Зерттеушілер бұл жерде әйелдерді «алшын» деп атау автордың түркі тілін толық меңгермеуімен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) кезеңінде Алшындар мемлекет құрылымында маңызды орын алған. Олар жоғары әскери және әкімшілік қызметтер атқарған. Мысалы, Батудың әмірі Ит-Қара, Жәнібек ханның сенімді әмірі әрі шежіре бойынша Алшындардың түп атасы саналатын Алау баһадүр, сондай-ақ Барақ ханның әмірі Құтет есімдері белгілі. Алтын Орда әлсіреген кезеңде де Алшын өкілдері әмір, би, басқақ, сардар сияқты беделді лауазымдарда болып, саяси және қоғамдық өмірге белсенді қатысқан.
Алшын тайпасының атағы қазақ тарихында әсіресе жауынгерлік қасиетімен танылған. Халық арасында кең тараған «Кіші Жүзді найза бер де, жауға қой» деген сөз олардың әскери қуатын, батырлық болмысын бейнелейді. Қазақ хандығы дәуірінде, қалмақ және жоңғар шапқыншылығы кезінде, Кіші Жүз ханы Әбілқайыр баһадүр бас сардар болып, Алшын және Жетіру жасақтарын бастап, ел қорғауда ерекше рөл атқарған.
Бұл туралы халық ауыз әдебиетінде де көрініс тапқан. Үйсін Майқы би: «Бектен туған Алшынды, Біз үшін қанға малшынды. Іргеңе жауың келгенде, Сілтейтін найза, қамшыңды.» деп сипаттаса, ақын-жырау Сүйінбай Аронұлы Алшынның ру-тайпалық құрамын және батырлық болмысын жырға қосқан.
Алшын тайпаларының ежелгі атамекені Алтай өңірі деп есептеледі. X ғасыр шамасында олар Арал теңізі маңы мен Каспий теңізі аймағына қарай қоныс аударған. Кейбір деректер бойынша, олардың бір бөлігі Батысқа қарай жылжып, Еуропа мен Мысырға дейін жеткен. Соның ішінде мәмлүк дәуірінде Египетте билік жүргізген әйгілі қолбасшы Бейбарыс — Алшын құрамындағы Беріш руынан шыққан.
Алшындар әр кезеңде әскери жорықтарға қатысып, Еуразия кеңістігінің тарихи-этникалық қалыптасуына ықпал еткен. Бүгінде Алшын ұрпақтары қазақ халқының құрамында ғана емес, сондай-ақ башқұрт, татар, өзбек және басқа да түркі халықтарының арасында кездеседі.Батыс Қазақстан облысы. Эндиклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2002 ISBN 9965-607-02-8
Орта жүзде Орта жүзде бұрынғы Қарқаралы уезінде, қазіргі Шет, Нұра аудандарында Алшындар бірыңғай тұрады. Олар Сырым Датұлы көтерілісі аяқталған соң қоныс аударған әкелген Шеркеш, Байбақты ұрпақтары.
Әдебиет Тынышпаев М., Материалы к истории киргиз-казахского народа, Таш., 1925; Востров В.В., Муканов М.С., Родоплеменной состав и расселение казахов, А.-А., 1968; Маданов X., Кіші жүздің шежіресі, А., 1994; Рашид ад-Дин, Сборник летописей, т. 1, кн. 1, М.-Л., 1952; Кипчаки в истории средневекового Казахстана, А., 1995; Әнес Сарай, Адайлардың арғы тарихы, А., 1998
Дереккөздер