Мауыздай. қазіргі қазақ тілінде «мауыздай» сөзі ірі, зор мағыналарында қолданылғанмен, жағымсыз реңкті аңғартады.

Дыбыстық құрамы жағынан бұған сәйкес сөзді парсы тілінен кездестіреміз: моұз — банан (ыстық жақта өсетін үлкен жапырақты биік өсімдік). Осымен сәйкестіруге өсімдік ағашының ірілігі ұқсас болғанмен, адам жеміс ретінде кәдеге асыратын нәрсенің, жағымсыз нәрсенің теңеуіне ілігуі күмән тудырады.

Сондықтан «мауыздай» сөзінің түбірін түркі тілдерінің өзінен іздестірген жөн көрінеді. Тува тілінде «моос» тұлғалы сөз — ертегілерде кездесетін керемет қорқынышты мақұлық мағынасын ұғындырады. Дәл осы сөз якут тілінің жергілікті ерекшеліктерінің бірінде «монус» қалпында үшырап, «мешкей, обыр» мағыналарын береді . моңғол тілінде «жалмауыз» мағынасын «мангас», қалмақтарда «мус» сөздері түсіндіреді.

Біздің байқауымызша, сөздің алғашқы дыбыстық құрамы «монус», одан әрі тува тіліндегі «моос» туындап, түркі тіддерінен қалмақтар қабылдап, «мус» қалпына дейін өзгертсе керек.

«Моос»— қазақ тілінің өзіне тән дыбыс заңдылықтарына байланысты «моуз», одан әрі «мауыз» болып өзгеріске түскен (қырғызша — тоо, қазақтарда — тау екенін ескерсек те жеткілікті). Осы өзгерген түбірге теңеу тудыратын -дай жұрнағы қосылып, «мауыздай» сөзі пайда болған.

Тілімізде ұшырайтын «маубас» сөзінің де негізі осы «мауыз»-бен байланысты болуы мүмкін. Ертеректе «мауыз бас» тіркесі қолданылып, кейін тіліміздегі бірқатар сөздерде дыбыс түсуі нәтижесінен пайда болған біріккен сөздер сияқты (бүгін — бұл + күн, биыл — бұл + жыл) «з» дыбысының түсіп қалуынан «мауы бас», одан әрі «маубас» түрінде қалыптасқан деуге болады.Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6

Дереккөздер

Санат:Лингвистика