«Қазақ Республикасы қазақсыз қалады», Мұхтар Әуезовтің мақаласы. Қазақ Орталық атқару комитетінің 1921 жылы 10 желтоқсандағы ашаршылық туралы кеңесінде сөйлеген сөзі. Бұрын еш жерде жарияланбаған. Әуезовтің 50 томдық толық жинағының 3-томына енгізілді (А., 1998, 5-6-беттер). 1921 жылдың қарашасынан бастап қазақ даласын ашаршылық жайлайды. Осыған байланысты Әуезов үкімет алдына шұғыл шара қолдану жөнінде мәселе қояды да, оның себебін көрсетеді. Біріншіден, ауылдардың мұқтаждарын анықтайтын қызметкерлер жоқ; екіншіден, жетекші адам болмаса, қазақтар қайыр сұрағаннан гөрі, үйінде аштан өлгенді артық санайды; үшіншіден, аштарға көмек көрсету ұйымы жақын жердегі қалалар мен соның маңындағы мекендерге қамқорлық жасауға тырысады да, шалғайдағы қазақ ауылдары кейінге ысырылып қалады. «Егер де бұл аудандарды аштықтан құтқару үшін, дәл қазір шұғыл түрде шешуші шара қолданылмаса, онда Қазақ республикасы қазақсыз қалады»

деп, жазушы мәселені тұтқиылдан қояды. Автор сөзінің соңында қырдағы аудандарға, аштарға көмек көрсетудің жоспарын ұсынады. Жарыссөз бен талқылаудан кейін кеңес осы ұсыныстың негізінде қаулы қабылдады.Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 978-601-282-175-8

Дереккөздер

Санат:Мақалалар Санат:Мұхтар Әуезов шығармалары Санат:1921 жыл