Қармыс батыр Бекболатұлы (Ер Қармыс деп те айтылады) — Байұлы тайпасы Адай руының Балықшы бөлімінен шыққан қазақ батыры. Маңғыстау мен Үстірт өңіріндегі қазақтардың түрікмен жасақтарымен болған қақтығыстары туралы ауызша тарихи әңгімелерде есімі сақталған. Қармыстың ерлігі Қалнияз Шопықұлының «Қармыс-Төлеп» тарихи жырына арқау болған.
Батырдың өмір сүрген жылдары жөнінде дереккөздерде әртүрлі мәлімет келтіріледі.
Шежіресі Адай батыр — Келімберді — Шыбынтай (Балықшы) — Қоршы — Ыршымбек — Бекболат — Қармыс.
Қармыстың әкесі Бекболаттың Бабай, Қожан, Атамбай, Қармыс және Сары есімді бес ұлы болған. Шежірелік деректерде Қармыс пен Сарының анасы түрікменнің шәудір руынан шыққаны көрсетіледі. Қармыстан Шопанбай, Шотан және Тұрсынбай есімді үш ұл тараған.
Өмір сүрген кезеңі Қармыс батырдың туған және қайтыс болған жылдары туралы мәліметтер бірізді емес. Өмірзақ Озғанбай «Қармыс батыр (1760–1840)» атты мақаласында оның өмір сүрген жылдарын 1760–1840 деп көрсетіп, 1840 жылы Қызылой жерінде болған шайқаста қаза тапқанын жазады. 2020 жылы «Ер Қармыс» дастанының жеке кітап болып басылуына байланысты өткен таныстырылымда ақын Светқали Нұржан батырдың XVIII ғасырдың 1720 жылдары дүниеге келген болуы мүмкін деген болжамын білдірген. Ал Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің 2023 жылғы материалында Қармыс Бекболатұлының өмір сүрген жылдары 1708–1783 деп берілген. Осылайша, батырдың өмір сүрген мерзімі жөнінде бірнеше нұсқа кездеседі.
Жиындағы әңгіме Қармыс батыр Бегей руынан шыққан Өмір, Темір және басқа да батырлардың замандасы әрі қарулас досы болған. Ел аузында сақталған әңгімелердің бірінде батырлар бас қосқан жиында болған оқиға баяндалады. Жиналған қонақтар ел ішіндегі батырлардың ерліктерін айтып, оларға қошемет көрсетеді. Әңгіме Қармысқа ауысқанда, жиында отырған нояндардың бірі басын иіп, күлімсіреп: «Қармыс баһадүрге теңесу қайда?» — дейді. Сол кезде Қармыстың оң жағында отырған Өмір батыр бойын тіктеп, былай деген екен: «Мен білетін Қармыс батыр ұрыс даласында жараланған, не болмаса, жау найзасының ұшынан өлген сарбаздарын тастаған жоқ. Сүйекті тастап, бас сауғалау дегенді Ер Қармыс білмейді. Сендерден жасырғанымда Құдайдан жасырып не қылайын? Менен ұрыс даласында екі сүйек қалды...» Осы сөздерден кейін Өмір батырдың өңі бұзылып, үнсіз қалғаны баяндалады.
Қызылойдағы шайқас 1840 жылы Қармыс батыр Қызылой жерінде болған шайқасқа қатысқан. Жау қолына түскен балаларының «аталаған» даусын естіген Қармыс қорғануды қойып, қарсыластарына шабуыл жасаған. Ол жаудың тағы алты адамын найзамен шаншып түсіргенімен, өзі қоршауда қалған. Шайқас барысында жау найзасы батырдың оң жақ қарнын тесіп өткен. Қармыс оқыс бұрылғанда найза сынып, ұшы денесінде қалып қойған. Оң қолы ұйи бастаған батыр найзасын сол қолымен ұстап, шайқасты жалғастырған. Қармыстың ауыр жараланғанын байқаған жау сарбаздары оны бірнеше жақтан найзалап, аттан құлатқан. Жерге құлаған батырды он найзаның ұшымен жоғары көтермек болғанда, Төлеп бастаған қуғыншылардың жақындағаны туралы айқай шыққан. Қуғыншылардың көтерген шаңын көрген жау жасағы Қармысты тастап, ілгері қарай шегінген. Қармыс құлаған жерінде қансырап жатып қалған. Оны Төлеп бастаған топ тауып алған. «Ассалаумағалейкум!» деп аттан түскен Төлеп бір қырынан жатқан Қармысты сүйемелдеп, шалқасынан жатқызған. Сонда батыр әлсіз дауыспен: «Төлеп, маған айналмаңдар, жаулар ұзап кетпей жетіңдер. Қармыс сендерге енді жоқ. Бақұл болыңдар. Аузыбіршілікте болыңдар...» — деген. Осылайша Қармыс батыр 1840 жылы Қызылой жерінде дүниеден өткен.
Естелік 1992 жылы Балықшы руының өкілдері Үстірттегі Қыземшек төбесінде Қармыс батырға арнап ескерткіш орнатқан. Бұл жер батырдың соңғы шайқасы туралы тарихи әңгімелермен байланыстырылады.
2022 жылы Ақтау қаласының 30-шағынауданындағы Білім-инновация лицейінің жанында Ер Қармыс, Балуанияз батыр және Тұрыш ишанға арналған «Үш алып» аллеясы ашылған. Онда биіктігі 12 метрлік стелла орнатылып, үш тұлға туралы мәліметтер жазылған тақтайшалар қойылған. Аллея Балықшы ата ұрпақтарының бастамасымен салынған.
Тағы қараңыз Қармыс-Төлеп (жыр)
Дереккөздер
Санат:Қазақ батырлары