Гурьев облысындағы саяси қуғын-сүргін — 1920-1950 жылдар аралығында Кеңес Одағында орнаған сталиндік режим жеке тұлғаның құқығы мен өміріне қатыгез саяси жүйеге айналды. Күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргін, халықты әлеуметтік азаптау саясаты, жаппай депортациялар — осының бәрі қазақ тағдырына орасан зор қайғы-қасірет әкелді.

Атырау өңірінде азаматтарға қарсы жүргізілген саяси қуғын-сүргін Ресми деректер бойынша, 1920-1950 жылдары республикада 120 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам атылған. Дегенмен, әлі де бұл ақиқатқа сай емес. Мысалы, бір ғана Атырау өңірінде әрбір 10 адамның бірі қуғын-сүргінге ұшыраған. Халқының саны 1938 жылы 200 мыңға да жетпеген Гурьев облысы бойынша сол 22 мыңнан астам адам саяси қудаланып, 1990 жылдардың соңына таман ғана 3365-і ақталған. Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы «үштігінің» шешімімен 2500 адам сотталып, олардың арасынан 730 адам ату жазасына кесіліп, 621 адам атылған. 1938 жылы өлім жазасына кесіліп, атылғандардың қатарында Атырау өңірінен төмендегідей азаматтар болған: Б.Айтмағанбетов (Қазақ АКСР-алғашқы әділет министрі), М.Әубәкіров (Батыс Қазақстан облысы Фурманов партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған), Х.Досмұхамедов (ғалым, Алашорда басшыларының бірі), М.Елеусінов (1930 жылы Гурьев қаласының прокуроры болған), А.Құлбасов (Теңіз ауданының прокуроры қызметінде болған), Х.Акботин (Гурьев округі обкомының бірінші хатшысы қызметін атқарған).

Прорва лагері тұтқындарының тағдыры бүгінге дейін белгісіз еді. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, Прорва лагері тұтқындары арасынан 63 адам ату жазасына кесілген. ХХ ғасырдың 30-жылдары Атырау өңірінде көптеген мешіттер және олардың жанындағы діни мектептер талқандалып, мұғалімдері жазаланған. Мысалы, Тайсойғандағы Ахмедияр халфе мешіті, Қарабала мешіті, Хасан хазірет мешіті, Еркінғали мешіті, Мырзағали мешіті, Қосмұқан мешіті, Жайық бойында Тегісбай мешіті, Құспен мешіті, Тасжан қажы мешіті, Ғаббас мешіті, Толыбайда Ғүбайдолла мешіті, Нұғман мешіті, Орпа мен Обалыда Байғазы қажының ұрпақтарының мешіттері талқандалып, оларда ұстаздық еткен халық мұғалімдері қуғынға ұшыраған.

1928 жылғы тамыздағы декрет қазақ еліне зор қасірет әкелді. Бай, кулактарды тап ретінде жою билік тарапынан мақсатты түрде жүргізілді. Қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне кетті. Архивте ОГПУ орындарының Қазақстанда 10-нан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымды" әшкерелеп, жойғандығы жөнінде мәлімет кездеседі. Мысалы, 1937 школы 29 шілдедегі Гурьев окружкомының бюро отырысының 29-протоколында мұнай рабфагының директоры Адаев Иманғалидың мәселесі талқыланып, оны «контрреволюциялық ұлтшыл мендешевтік топты» қорғады, т.б. желеумен қызметінен түсіріп, партиядан шығарғаны көрсетілген. Облыс прокуроры Телешовтің республика прокуроры Көрпебаевка жазған мәліметінде 1938 жылдың ақпан наурыз айларында Гурьев облысында шет мемлекеттердің пайдасына тыңшылық және саботаж жасады деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке 45 адамның тартылғаны, НКВД органдарында контрреволюциялық қылмыстар туралы істердің көбейгені, түрмелердің лимиті бұзылып, 200 тұтқынға арналған орында 700 тұтқын отырғаны айтылған.

Атырау өңіріндегі ГУЛАГ лагерь жүйесі. Прорва және Астрахан еңбекпен түзету лагерлері Бұл аймақта ГУЛАГ бөлімшелері 1930 жылдардың басында Прорва ИТЛ (Прорвалаг), одан кейін Астрахан ИТЛ (Астраханлаг) түрінде пайда болды. Солтүстік Каспий аймағындағы лагерлер жүйесі, яғни шағын балық аулау лагерлері тарихнамадағы толық зерттелмеген мәселелердің бірі. 2022 жылы гранттық жоба аясында У.Т.Ахметова, Г.М.Иванова, Ә.Мұқтардың редакциялық алқасымен «Лагерная система в Прикаспийском регионе Казахстана (1932-1953 гг.)» құжаттар мен материалдар жинағы жарық көрді.Лагерная система в Прикаспийском регионе Казахстана (1932-1953 гг.). - «Арыс» баспасы, 2022.

1932 жылдың 2-жартысында Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан жаңа балық аулау аймағы — Прорва ОГПУ лагері пайдалануға берілді. Прорва ауданы 1932 жылдың шілдесінде лагерлер жүйесіне бекітіліп, ұйымдастыру жұмыстары басталды. 1932 жылдың кеме қатынасының жабылу қарсаңында, яғни 4 айдың ішінде кәсіпшілік қажетті көлемде салынып және көктемгі маусымға дайындық үшін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Қыс бойы өндірістік ғимараттар бой көтеріп, теңізден кәсіпшілікке келуді жеңілдету үшін ұзындығы 3 шақырымдай канал қазылды.Лагерная система в Прикаспийском регионе Казахстана (1932-1953 гг.). Сборник документов и материалов. - Алматы: Арыс, 2022. - 176 с. - 10-б. Прорва еңбекпен түзету лагері (Прорвалаг) КСРО ОГПУ-дің 09.05.1932 жылғы №858/с бұйрығымен ұйымдастырылған. Лагерь әкімшілігі Гурьев (Атырау) қаласында орналасты, ал лагерь, негізінен, Прорва аралында болды. Лагердегі тұтқындар Каспий теңізі, Жайық пен Еділ өзендерінің төменгі ағысында ауланған балықты алу және өңдеумен айналысты. 1940 жылы ПрорваЛаг жабылып, сол жылы көктемде Астрахан ИТЛ болып қайта құрылды. Қазақстанның Каспий аймағындағы лагерлер жүйесін қайта құру Сталин қайты болғаннан кейін орын алған түбегейлі өзгерістерге сәйкес жүрді. 1953 жылы наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы рақымшылық жасау туралы жарлық шығарып, оның негізінде бірнеше айдың ішінде лагерлер мен колониялардан миллионнан астам тұтқын босатылды. 1953 жылдың жазына қарай «тұтқындар контигентінің күрт қысқаруына байланысты» Гурьев қаласындағы №1 лагерь бөлімі дербес бірлік ретінде таратылды. Оның артынша басқа да балық аулау лагерлерінің бөлімдері жойылды.

Дереккөздер

Санат:Атырау облысы тарихы