Каспий аймағының Алтын Орда тарихындағы орны — 1227 жылы Шыңғысхан қайтыс болғаннан кейін 1235 жылы Қарақорымда монғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысында Шығыс Европаға жаңа жорық жасау туралы шешім қабылданды. Монғол әскерін Шыңғыс ханның немересі Батый басқаратын болды.

Шығыс Европаны бағындыруға аттанған Батый басқарған монғол армиясының көпшілік бөлігін қыпшақтар құрады. Сондықтан деректерде оның әскері қыпшақтық деп аталған. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздықтарын бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, Валахияны, Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа монғол мемлекеті — Алтын Орданы құрды. Бұл мемлекеттің аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Әмударияның төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм және Батыс Сібір территориясының бір бөлігін қамтыды. Бастапқыда астанасы Астрахан маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін астана Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.

Алтын Орда көп ұлтты мемлекеттік құрылым еді. Ол әралуан халықтар мен тайпалардан құралды. Монғолдардың өздері тіпті аз еді. XIV ғасырда монғолдар іс жүзінде түріктеніп кеткен еді, ал Алтын Орданың халқы «татарлар» деп атала бастады. Сонымен, белгілі шығыстанушы Л.Н.Гумилев атап көрсеткендей «жеңген монғолдар өздері құрған мемлекетте азшылықта қалып, жеңілген және бағындырылған халықтар шын мәніндегі қуатты күшке айналып шыға келді».Гумилев Л.Н. Қиял патшалығын іздеу - Алматы, 1992

Алтын Орда алғашқы кезде Монғол империясының бір бөлігі болды, сөйтіп, әуелгі кезде монғолдың ұлы ханына қарайтын, бірақ Батый хан (1242-1256) өзін тәуелсіз билеуші ретінде ұстады. 1260 ж. Монғол империясы тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Ол елді басқарған кезде Алтын Орда Монғол империясынан біржолата бөлінді. Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындап, ұлы ханның қолынан «князь» атағын алып, алым-салық төлеп тұрды. Бірақ билеушілердің хан тағына таласып, өзара қырқысуының салдарынан Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. Сөйтіп, бұл жылдар Алтын Орда тарихында «Ұлы дүрбелең кезеңі» деп аталады. 1380 жылы Алтын Орданың уақытша билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ XIY ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389, 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. XҮ ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.

Мемлекеттік құрылымы Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі бастамасы сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз кезегінде ұлыстары неғүрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекет болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, әскери ақсүйектерден құралған әкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны және мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Алтын Орданың билеушісі — хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Ханның атынан бүкіл әскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық биліктің басында уәзір тұрды. Беклербек уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды. Алтын Ордада атқарушы орган — диуанның басында уәзір тұрды. Атқарушы өкіметтің орталық органы — диуанның қарауында қаржы, салық және басқа ведомстволар болды. Диуанның хатшысы бітікші деп аталды. Уәзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан баскару ісінде ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік баскару жүйесінде даруғалар мен басқақтар маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскерн бақылауды жүзеге асырды. Олар сонымен қатар қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та жинады.

Зардаптары мен жағымды жақтары Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, ортағасырлық қала мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды. Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған. Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы — «Ясасына» сәйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде пайдаланылады.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан тарихы Санат:Атырау облысы тарихы