Кэнроку-эн саябағы

Кэнроку-эн саябағы (жап. 兼六園) — Канадзава қаласындағы ең ірі саябақтардың бірі, Жапонияның үш әйгілі саябағының қатарына жатады. Оның атауы «Алты қасиет бағы» деген мағынаны білдіреді. Бастапқыда ол Канадзава қамалының құрамындағы бақ болған. Саябақ XVII ғасырда қалыптаса бастап, 1875 жылы көпшілік үшін ашылды.

Аумағы шамамен 25 акрды (114 436,65 м²) құрайтын саябақта көптеген ағаштар (шамамен 8750), гүлдер мен басқа да өсімдіктердің 183 түрі өседі. Сонымен қатар оның аумағында тоғандар, сарқырамалар, бұлақтар және көпірлер орналасқан. Саябақтың көрікті орындарының қатарында ежелгі субұрқақ пен шай ішуге арналған үй бар.http://www.pref.ishikawa.jp/siro-niwa/kenrokuen/e/index.html Официальный сайт сада Кэнроку-эн

Саябаққа су алыстағы өзеннен 1632 жылы салынған күрделі су жүйесі арқылы жеткізіледі. Қыста Кэнроку-эннің өзіндік көрінісін ағаштардың төбесіне тартылған арнайы арқандар толықтырады. Олар ағаш бұтақтарын қалың қардың салмағынан сынып кетуден қорғау үшін пайдаланылады.

Тарихы

Кэнроку-эн саябағы 1620–1840 жылдар аралығында Эдо дәуірінде қазіргі Исикава және Тояма префектураларының аумағын қамтыған Кага иелігін басқарған даймё Маэда әулеті тарапынан қалыптастырылды.

Саябақ Канадзава қамалының сыртқы жағында орналасқан және 114 436,65 м² аумақты алып жатыр. Оның тарихы 1676 жылдан басталады. Сол жылы бесінші билеуші Маэда Цунамори өз әкімшілігін қамалға көшіріп, оған іргелес аумақты абаттандыру жұмыстарын бастады. Алайда бұл бақ 1759 жылы болған өрт кезінде жойылды.

Саябақты қалпына келтіру жұмыстары 1774 жылы он бірінші билеуші Маэда Харунага тұсында басталды. Ол Мидори-таки сарқырамасын және Югао-тэй шай павильонын салдырды. Көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары 1822 жылға дейін жалғасты. Сол жылы он екінші даймё Маэда Наринага бақ аумағына Тацуми арнасынан су алатын көптеген бұлақтар мен су арналары жүргізді.

Он үшінші билеуші Маэда Нариясу су арналарының санын көбейтіп, Касуми тоғанын кеңейтті.

Саябақ 1874 жылғы 7 мамырда көпшілікке ашылды.