Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейі — 2017 жылдың 30 қарашасында Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің №284 қаулысымен «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру» аясында құрылды. 2018 жылдың 29 қыркүйегі күні салтанатты түрде ашылып халыққа қызмет көрсетуде.

Мұражай залдары Музей ғимаратының жалпы ауданы 3 03,2 шаршы метрді құрайды. Экспозициялық залдардың саны – үшеу. Олар – «Тарихи-археологиялық» зал, «Рухани жаңғыру» залы және «Батырлар» залы. Музейге қойылған жалпы жәдігерлердің саны – 3 520-ны құрайды.

Музейдің бірінші үлкен тарихи-археология залында адамзат баласының алғашқы қоғамдастық дәуірінен Қазақ хандығы кезеңінің аралығындағы жәдігерлер жинақталған. Олар полеолит дәуірінде қолданыста болған ежелгі тас құралдарынан бастап, орта ғасырлардағы Жуалы аймағындағы Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шавғар, Баркуаб, Шақпақ, Қырықкүрзі қалашықтарынан табылған тарихи жәдігерлер.

Музейдің «Рухани жаңғыру» аталатын екінші залында Жуалы ауданының құрылу тарихы, мемлекеттік тізімге енген тарихи-мәдени нысандар, аудан аймағындағы киелі орындар туралы витриналар қойылған. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, ұлттық ойындар мен ұлттық қолөнерді насихаттайтын жәдігерлер орын алған.

Үшінші Батырлар залында Ұлы Отан соғысының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері және Жуалы ауданынан шыққан генералдардың портреттері мен өмір және еңбек жолдары туралы мәліметтер берілген. Қазіргі таңда Батырлар залында Ауған соғысының ардагерлері, Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқандар туралы материалдар және Жуалы ауданының түрлі салада жетістіктерге жеткен белгілі тұлғалар туралы мәліметтер мен тың деректер жинақталуда.

Дереккөздер

Санат:Жуалы ауданы