Осмостық реттелу (грек. osmos - қысым және лат. regulo - бағыттаймын) — жануарлар ағзасын ішкі ортасының салыстырмалы тұрақтылығын қамтамасыз ететін физикалық-химиялық процесстер жиынтығы; ішкі ортадағы осмостық қысым деңгейінің қалыпты жағдайын реттеп отыратын физиологиялық процесс.

Осмостық реттелу тұщы су мен құрлықта тіршілік ететін жануарларға тән қасиет. Бұл жануарлар осы ерекшеліктеріне қарай 2 топқа бөлінеді:

Пойкилоосмостық жануарлар — денесіндегі ішкі сұйықтықтарының осмостық концентрациясы сыртқы ортаның осмостық жағдайына тәуелді болады; Гомойоосмостық жануарлар — денесіндегі осмостық сұйықтықтың қысымы сыртқы ортаның осмостық жағдайы өзгергенмен тұрақты қалпын сақтайды.

Осмостық реттелу ішкі ортадағы осмостық қысым деңгейінің өзгеруі салдарынан арнаулы осморецепторлардың тітіркенуінен басталатын рефлекс болып саналады. Бұл сезімтал құрылымдарда пайда болған тітіркеніс (импульс) жүйке орталықтарына бағытталып, су мен тұздарды қабылдау және оларды ағзадан бөліп шығаратын арнаулы органдардың (нефридиялар, бүйрек, тұз бездері) қызметімен реттеледі.

Осмостық реттелу гиперосмостық және гипоосмостық жолдар арқылы жүзеге асады. Біріншісінде судың артық мөлшері организмнен бүйрек (өсімдіктерде — лептесік) арқылы шығарылады. Бұл құбылыс тұщы су жәндіктері мен теңіздің шеміршекті балықтарына тән. Екіншісінде — ағза жоғалтқан су мөлшерін толтыру үшін тұзды суды қабылдап, артық тұзды түз бездері арқылы бөліп отырады. Мұндай реттелу негізінен теңіздің сүйекті балықтарында, бауырымен жорғалаушыларда (жыландар, тасбақалар) байқалады. Олар суды дене жабындысы не зор зәр арқылы шығарады да, оның орнына арнаулы түз бездерінің клеткасында тұшытылған теңіз суымен толықтырып отырады. Сүтқоректілерде негізгі осмостық реттелу органы болып бүйрек саналады. Тұз жетіспеген жағдайда — гипотониялы, ал тұз көп болса — гипертониялы зәр шығарады. Албырттар мен шаянтәрізділерде осы аталған екі жағдай да байқалады. Пойколоосмосты жануарларда (моллюскілер, тікентерілілер) қанның осмостық қысымы оның сыртқы ортадағы деңгейіне байланысты өзгеріп отырады. Бұларда клеткалық осмостық реттелу байқалады, яғни, қанның осмостық қысымы жоғарыласа, сол мөлшерде жасушадағы мембрана арқылы нашар өтетін органик заттардың (аминқышқылдары) концентрациясы жоғарылайды. Соның нәтижесінде жасушадағы тұздар мен судың концентрациясы өзгермейді, осмосты белсенді заттардың жинақталуынан осмостық қысым теңеседі . Дереккөздер

Санат:Биология Санат:Гомеостаз