Мария Дмитриевна Достоевская, туғандағы тегі Констант, алғашқы некесінде — Исаева (1 қыркүйек 1824 жыл, Таганрог — 15 сәуір 1864 жыл, Мәскеу) — Фёдор Михайлович Достоевскийдің алғашқы жұбайы. Олардың некесі жеті жылға созылды. Мария Дмитрийқызының мінез-құлқы мен өмірбаянындағы кейбір оқиғалар жазушы шығармаларында көрініс тапқан.
Шығу тегі. Білімі Мария Дмитрийқызы Констант француз текті әулеттен шыққан. Оның әкесі жағынан атасы XVIII ғасырдың соңында Франциядағы саяси оқиғаларға байланысты отанын тастап, Ресейге қоныс аударған француз дворяны болған. Ол Ресейде православие дінін қабылдап, Степан есімін алған. Кейін француз эмигрантымен отбасын құрып, осы некеден Дмитрий Степанович Констант дүниеге келген.
Марияның әкесі Дмитрий Степанович Констант жоғары білімді әрі беделді мемлекеттік қызметкер болды. Ол ұзақ жылдар бойы Астрахань карантинінің директоры қызметін атқарды. Қала шетіндегі карантин кешенінің құрамында аурухана, кеңсе, сауда орындары мен арнайы карантин аймақтары болған. Замандастары Дмитрий Степановичті білімді, зиялы әрі қонақжай адам ретінде сипаттаған. 1858 жылы Астраханьға сапары кезінде француз жазушысы Александр Дюма-әкесі оның үйіне арнайы қонақ болып келген.
Дмитрий Степановичтің отбасында жеті бала – үш ұл және төрт қыз тәрбиеленді. Мария Дмитрийқызы екінші бала әрі қыздарының үлкені болды. Ол 1824 жылғы 1 (14) қыркүйекте Таганрог қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Таганрогтағы асыл текті қыздарға арналған пансионда алып, кейін әкесі қызмет бабымен Астрахан қаласына көшкен соң, Астраханьдағы асыл текті қыздар институтында тәрбиеленді. Институтта француз тілі, әдебиет, музыка және зайырлы тәрбие бойынша жан-жақты білім алды.
Кейін Фёдор Достоевский қайын атасы Дмитрий Степановичке жазған хаттарының бірінде Мария Дмитрийқызының Астрахандағы ата-анасының үйін ерекше сағынышпен еске алатынын, әкесін әрдайым зор құрметпен әрі шынайы сүйіспеншілікпен еске алып жүретінін жазған.
Алғашқы некесі. Семей нобай|оңға|300px|Семей. 1850-жылдардың соңы Замандастары Мария Дмитрийқызын сымбатты, «өте көрікті» ақсары шашты әйел ретінде сипаттап, оның «қызуқандылығын, асқақ сезімталдығын, сергектігі мен әсерленгіштігін» ерекше атап өткен. 1846 жылы ол әкесінің қарамағында қызмет еткен жиырма төрт жастағы кеден қызметкері Александр Иванович Исаевқа тұрмысқа шықты. Бір жылдан кейін Павел атты ұл дүниеге келді (1847–1900). 1850-жылдардың басында отбасы бірнеше рет қоныс аударды: алдымен Мария Дмитрийқызы ұлымен бірге күйеуінің соңынан Петропавлға, кейін Семейге, одан соң Кузнецкке (қазіргі Новокузнецк) көшті.
1854 жылдың көктемінде Семейге келген Достоевский Исаевтармен подполковник Белиховтың үйінде танысты. Жазушы Александр Ивановичтің қызметте өсіп келе жатқан, зиялы адам ретінде беделі жоғары кезеңін көрген жоқ. Фёдор Михайлович ағасы Михаилге жазған хатында жаңа танысының басшылықпен жанжалдасып, қызметінен айырылғанын, соның салдарынан қоғамдағы беделінен айырылып, отбасының жоқшылыққа ұшырағанын жазды: «Дегенмен, ол табиғатынан аса қабілетті әрі өте мейірімді адам еді».
Исаевқа жанашырлық танытып, оның араққа салынуын қызметтік қиындықтармен байланыстырған Достоевский сонымен бірге: «Мені өзіне күйеуі емес, оның әйелі Мария Дмитрийқызы тартты», – деп мойындаған.
нобай|оңға|300px|Семейдегі Достоевский үйі
Бұл ханым әлі жас, жиырма сегіз жаста, көрікті, өте білімді, өте ақылды, мейірімді, сүйкімді, сымбатты, аса кеңпейіл жүректі жан еді. Өз тағдырын сабырмен көтерді, ешқашан шағымданбады. Ұқыпсыз күйеуінің де, кішкентай ұлының да күтімін өзі жасап, қызметші міндетін де атқарды. Мен достық ниетпен күйеуіне талай ақыл-кеңес беріп жүрдім. -Ф. М. Достоевский
Сол жылдың күзінде Семейге жаңа облыстық прокурор Александр Егорович Врангель келді. Кейін ол Достоевскийдің Сібірдегі өмірі туралы естеліктер жазды. Фёдор Михайлович пен Мария Дмитрийқызы арасындағы қарым-қатынасты бақылай отырып, Врангель Исаеваның сезімінен гөрі тағдыр тәлкегіне түскен адамға деген аяушылық басым болғанын, ал Достоевскийдің «жастық жалынмен ғашық болғанын» атап өткен.
Кузнецкіге көшу thumb|150px|А. Е. Врангель 1855 жылдың көктемінде Исаевтар Кузнецкіге көшіп, Александр Иванович кеден бөлімдерінің біріне қызметке орналасты. Александр Врангельдің естелігіне қарағанда, отбасын жолға шығарып салған Достоевский айырылысуды өте ауыр қабылдап, қоштасу кезінде «кішкентай баладай еңіреп жылаған». Ол Кузнецкіге ұзақ хаттар жолдап, Мария Дмитрийқызының «әйелдік жүрегі мен шексіз мейірімділігіне» тәнті екенін жазды. Мария жауап хаттарында шағын уездік қаладағы тұрмыстың ауыр екенін, отбасының бұрынғысынша жоқшылық көріп отырғанын хабарлаған. Тамыз айында Мария Дмитрийқызынан күйеуінің қайтыс болғаны туралы хабар келді. Бұл хабарды Достоевский ауыр қабылдап, Врангельге жазған хатында өзінің «әбден күйзелгенін» мойындады.
Достоевский Мария Дмитрийқызына үйленуге ұсыныс жасады, бірақ ол бірден келісім бермеді. Ол кезде жесір әйел жергілікті мұғалім Николай Борисович Вергуновқа көңіл бөлген еді. Вергунов оның ұлы Павелге сурет салудан сабақ берсе, өзі Мариядан француз тілін үйренді. Врангельдің айтуынша, Кузнецкіден келген хаттарда Марияның жаңа танысының «асқақ жан дүниесі» туралы оқыған сайын Достоевский қызғаныштан қатты қиналып, оның жабырқаңқы күйіне қарау ауыр болған.
Екінші некесі thumb|150px|Ф. М. Достоевский. 1859 жыл Мария Дмитрийқызы Достоевскийдің үйлену туралы ұсынысына 1856 жылдың күзінде келісімін берді. Үйлену тойына қажетті қаражатты таныстарынан қарызға алған және басшылықтан он бес күндік демалыс алған Фёдор Михайлович Кузнецкіге жол тартты. Неке қию рәсімі 1857 жылғы 6 ақпанда Одигитриев шіркеуінде өтті. Қалыңдық жағынан куәгерлердің бірі Николай Вергунов болды.
Одан кейін жас жұбайлар Семейге аттанды. Достоевскийдің өмірбаянын зерттеушілердің айтуынша, жол үстінде Мария Дмитрийқызына қатты әсер еткен оқиға болды: Барнауыл қаласында жазушының алғашқы ауыр эпилепсия ұстамасы байқалды. Кейінірек Фёдор Михайлович ағасына жазған хатында былай деп жазды: Дәрігер бұрынғы дәрігерлердің пікіріне қайшы, менде нағыз қояншық ауруы бар екенін айтты... Үйленерде дәрігерлердің бұл жай ғана жүйке ұстамалары, өмір салтын өзгертсе жазылып кетеді деген сөзіне толық сенген едім. Егер менде шын мәнінде қояншық бар екенін анық білсем, ешқашан үйленбес едім". Заң жүзінде олардың некесі жеті жылға созылғанымен, бірге тұрған уақыты онша ұзақ болған жоқ. Семейден оралғаннан кейін Достоевский мен Мария Дмитрийқызы көбіне бөлек тұрды. Кейде олар әртүрлі үйлерде ғана емес, әртүрлі қалаларда өмір сүрді.
1862 жылы Достоевский алғашқы шетел сапарына жұбайын ертпей шықты. Ол мұны Санкт-Петербургте өгей ұлы Павелдің гимназияға түсу емтихандарына дайындалуын қадағалау қажеттілігімен түсіндірді.
Ауруы және қайтыс болуы 1860-жылдардың басында Мария Дмитрийқызынан туберкулез белгілері анықталды. Достоевский жұбайын Санкт-Петербургтен Владимир қаласына көшіріп, оған күтім жасайтын адамдарды жалдады. Жазушы климаттың өзгеруі оның денсаулығына оң әсер етеді деп үміттенді. Алайда 1863 жылдың күзіне қарай Мария Дмитрийқызының білікті дәрігерлерден алыс жерде болуы қауіпті екені белгілі болды. Сол жылдың қараша айында Достоевский оның Мәскеуге көшірілуін ұйымдастырды. Достоевскийдің өмірбаянын зерттеуші Людмила Сараскинаның пікірінше, жазушының 1863 жылдың соңы мен 1864 жылдың көктемінің басында жазған хаттары отыз тоғыз жастағы әйелдің өмірінің біртіндеп сөнуін тіркеген дәрігерлік бюллетеньдерді еске түсіреді.
Мария Дмитрийқызы 1864 жылғы 15 сәуірде (ескі стиль бойынша) күйеуі мен туған әпкелерінің бірінің көз алдында қайтыс болды. Оның ұлы Павел Санкт-Петербургтен Достоевский жіберген жеделхаттан кейін жерлеу рәсіміне келді.
Кейін Александр Врангельге жұбайының соңғы күндері туралы айтқан Достоевский: Ол мені шексіз сүйді, мен де оны өлшеусіз сүйдім, бірақ біз бақытты өмір сүрмедік... Ол өмірімде кездескен ең адал, ең арлы әрі ең жомарт әйел еді. (Ф. М. Достоевский)
Мария Дмитрийқызы Достоевский шығармашылығында Зерттеушілердің пікірінше, Мария Дмитрийқызының мінез-құлқы мен өміріндегі кейбір оқиғалар Достоевскийдің шығармаларында көрініс тапқан. Мәселен, оның алғашқы күйеуі Александр Исаев «Қылмыс пен жаза» романындағы титулярлық кеңесші Семён Захарович Мармеладов бейнесінің прототиптерінің бірі болған. Ал Мармеладовтың жұбайы Катерина Ивановнаның бейнесінен де Мария Дмитрийқызының өмірбаянының кейбір белгілерін көруге болады. Ол да ақсүйек қыздар институтының тәрбиеленушісі болған, жас кезінде жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген, кейін алыс уездік қалада жоқшылықта өмір сүруге мәжбүр болған. Людмила Сараскина Мария Дмитрийқызы, Николай Вергунов және Достоевский арасындағы шынайы махаббат тарихы мен «Қор болғандар мен қорланғандар» романындағы сюжеттік желілердің бірі арасында ұқсастық бар екенін атап өтеді.
Мария Дмитрийқызының адамгершілік қасиеттері осы романның кейіпкері Наташа Ихменевадан, сондай-ақ «Ағайдың түсі» повесіндегі Зинаида Москалёва образынан да байқалады.
Замандастарының естеліктері Мария Дмитрийқызы туралы замандастары көптеген естеліктер қалдырған. Географ Пётр Петрович Семёнов-Тян-Шанский оны «Семей қоғамындағы ең білімді әрі зиялы әйел» деп бағалаған. Ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов, Достоевскийдің жақын таныстарының бірі ретінде, Мария Дмитрийқызының «тартымдылығын, ақылын және мейірімділігін» ерекше атап өткен. Достоевскийдің екінші жұбайы Анна Григорьевна Достоевская өзінің естеліктерінде Фёдор Михайловичтің алғашқы некесі туралы тек бір рет қана әңгімелегенін жазады: «Ол каторгадағы өмірін, сол төрт жыл ішінде көрген азаптарын еске алды. Мария Дмитрийқызымен некесінен аңсаған отбасылық бақытты табамын деп үміттенгенін, бірақ ол үміттің ақталмағанын айтты. Мария Дмитрийқызынан балалары болмады, ал оның күмәншіл, сырқатқа бейім әрі қиялшыл мінезі олардың отбасылық өмірін өте ауыр еткен еді.»
Кинода 2010 жылы түсірілген «Достоевский» атты өмірбаяндық көркем фильмде (режиссері — Владимир Хотиненко, сценарий авторы — Эдуард Володарский) Мария Дмитрийқызының рөлін Чулпан Хаматова сомдады.
Дереккөздер
Әдебиеттер
Санат:Фёдор Достоевский