Еңбек Даңқы ордені () — КСРО мемлекеттік марапаты, 1974 жылы 18 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен тағайындалған. Орденді жасау жұмыстарын КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы М. П. Георгадзе қадағалады. Орден суретінің авторы — «Гознак» фабрикасының суретшісі Ю. М. Егоров.

Еңбек Даңқы орденінің үш дәрежесі бар, орденнің ең жоғары дәрежесі — бірінші дәреже. Марапаттау рет-ретімен жүргізіледі: алдымен үшінші, содан кейін екінші, одан соң бірінші дәрежемен марапатталады. Бұл — еңбектегі ерекшелігі үшін табысталатын кеңестік ордендердің ішінде дәрежелерге бөлінетін жалғыз орден. Өзінің статуты және барлық үш дәрежесінің иегерлеріне берілетін жеңілдіктері бойынша Еңбек Даңқы ордені Даңқ орденіне сәйкес келеді.

Еңбек Даңқы орденімен алғашқы марапаттаулар 1974 жылы 9 тамызда жүргізілді. Бесжылдық тапсырмалары мен социалистік міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындағаны үшін III дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен: «Азовсталь» зауытының бір топ жұмысшысы; Қиыр Шығыстың шахтерлері; Кузбасс «Юбилейная» шахтасының кеншілері марапатталды.

1983 жылы 7 қаңтарда 35 еңбек ері Еңбек Даңқы орденінің алғашқы толық иегерлері атанды. Әзербайжан КСР-інің «Каспбурнефтегазпром» өндірістік бірлестігінің бұрғылаушысы Векил Гаджагаоғлы Аббасов № 1 I дәрежелі Еңбек Даңқы орденін алды.

Орденнің толық иегерлері арасында бір Социалистік Еңбек Ері (Б. И. Вашакидзе) және екі Ресей Федерациясының Еңбек Ері (М. Н. Готовцев пен В. А. Михайлов) бар.

КСРО тарихындағы Еңбек Даңқы орденімен соңғы марапаттаулар 1991 жылы 21 желтоқсанда жүргізілді.

Орден статуты Орденмен өнеркәсіп, көлік, құрылыс және материалдық өндірістің басқа да салаларының жұмысшылары мен шеберлері, ұжымшаршылар мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері, сондай-ақ бір кәсіпорында, мекемеде, ұйымда, ұжымшарда немесе кеңшарда ұзақ жылдар бойы жанқиярлықпен әрі жоғары өнімді еңбек еткені үшін өндірістік емес сала қызметкерлері марапатталады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерді оқыту мен тәрбиелеудегі, оларды өмірге және еңбекке даярлаудағы жетістіктері және бір оқу-тәрбие мекемесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткені үшін мұғалімдер (ұстаздар), тәрбиешілер, өндірістік оқыту шеберлері марапатталады.

Еңбек Даңқы ордені үш дәрежеден тұрады. Орденнің ең жоғары дәрежесі — бірінші дәреже. Марапаттау рет-ретімен жүргізіледі: алдымен үшінші, содан кейін екінші және соңында бірінші дәрежемен марапатталады.

Еңбек Даңқы орденімен марапаттау мынандай себептермен болады: жоғары өндірістік көрсеткіштері, өнім өндіру нормалары мен жоспарларын жүйелі түрде асыра орындағаны үшін; жоғары еңбек өнімділігіне қол жеткізгені, жоғары сапалы өнім өндіргені, материалдарды үнемдегені және еңбек шығындарын азайтқаны үшін; еңбектегі жаңашылдығы, құнды өнертабыстары мен оңтайландыру ұсыныстары, жаңа техника мен озық технологияны игеруге және пайдалануға белсенді қатысқаны үшін; ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары өнім алғаны және мал шаруашылығының жоғары өнімділігіне қол жеткізгені үшін; өндірістік қуаттарды, мәдени-тұрмыстық нысандар мен тұрғын үйлерді салу мерзімдерін қысқартуға және құрылыс сапасын жақсартуға қосқан елеулі еңбек үлесі, сондай-ақ оларды уақтылы пайдалануға бергені үшін; жас жұмысшылар мен ұжымшаршыларды оқыту мен тәрбиелеудегі үлкен жетістіктері үшін; балалар мен жасөспірімдерді оқыту мен тәрбиелеудегі, оларды өмірге және еңбекке даярлаудағы жетістіктері үшін.

Аталған еңбек сіңірген еңбектері үшін марапаттау бір кәсіпорында, мекемеде, ұйымда, ұжымшарда немесе кеңшарда, бір оқу-тәрбие мекемесінде ұзақ жылдар бойы еңбек еткен жағдайда жүргізіледі.

Еңбек Даңқы орденінің барлық үш дәрежесімен марапатталғандар мынадай құқықтарға ие: зейнетақысын 15 пайызға арттыруға; белгіленген нормалар бойынша тұрғын үй алаңымен бірінші кезекте қамтамасыз етілуге; жылына бір рет (бару және қайту) теміржол көлігімен — жүрдек және жолаушылар пойыздарының жұмсақ вагондарында, су көлігімен — жүрдек және жолаушылар желілерінің 1-сыныпты каюталарында (1-санатты орындарда), әуе немесе қалааралық автомобиль көлігімен жеке тегін жүруге; қалалық жолаушылар көлігінің барлық түрлерін, ал ауылдық жерлерде — аудан шегінде республикалық бағыныстағы автомобиль көлігін (таксиден басқа) жеке тегін пайдалануға; шипажайға немесе демалыс үйіне тегін жолдама алуға (емдеу мекемесінің қорытындысы бойынша жылына бір рет). Жұмысшыларға, өндіріс шеберлеріне, ұжымшаршыларға, мұғалімдерге (ұстаздарға), тәрбиешілерге, өндірістік оқыту шеберлеріне тегін жолдамалар жұмыс орны бойынша, ал жұмыс істемейтін зейнеткерлерге зейнетақы тағайындаған органдар арқылы беріледі; ойын-сауық және коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарда, мәдени-ағарту мекемелерінде кезектен тыс қызмет көрсетілуге.

Еңбек Даңқы ордені кеуденің сол жағына тағылып, Даңқ орденінен кейін дәрежелерінің үлкендігіне қарай орналасады.

Ордендің тарихы thumb|left|200px|1976 жылғы КСРО көптиражды маркасындағы I дәрежелі Еңбек Даңқы ордені (СФА [«Марка» АҚ] № 4604) Еңбек Даңқы ордені — дәрежелерге бөлінген кеңестік еңбек ордендерінің ішіндегі жалғыз орден. Статуты мен марапаттау тәртібі, сондай-ақ барлық үш дәрежесінің иегерлеріне берілетін жеңілдіктері бойынша Еңбек Даңқы ордені Даңқ орденіне сәйкес келеді.

Орден суретінің авторы — суретші Ю. М. Егоров. Орденді жасау жұмысына КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы М. П. Георгадзе басшылық етті.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1981 жылғы 19 ақпандағы Қаулысымен марапаттау материалдық өндірістің барлық салаларының жұмысшылары мен шеберлеріне, сондай-ақ өндірістік емес сала жұмысшыларына да қолданылатын болды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1984 жылғы 25 маусымдағы Жарлығымен марапаттау мұғалімдерге, тәрбиешілерге және өндірістік оқыту шеберлеріне де қолданылатын болды.

Еңбек Даңқы орденімен алғашқы марапаттаулар КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1974 жылғы 9 тамыздағы Жарлығымен жүргізілді. Бесжылдық тапсырмалары мен социалистік міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындағаны үшін «Азовсталь» зауытының бір топ жұмысшысы, Қиыр Шығыс шахтерлері және Кузбасстағы «Юбилейная» шахтасының кеншілері III дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен марапатталды.

1974 жылы 21 тамызда Владимир Ильич атындағы Мәскеу электромеханикалық зауытында № 1 III дәрежелі Еңбек Даңқы ордені сілесір-құрастырушы М. И. Кисинге, № 2 — сілесір-құрастырушы В. И. Поляковқа және № 3 — сілесір-құрастырушы В. А. Сошниковқа табысталды. Келесі нөмірлері бар III дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерін Кузбасстағы «Юбилейная» шахтасының үңгілеушілері Сергей Георгиевич Сизых (№ 4 белгі), Николай Емельянович Зубков (№ 5 белгі), Андрей Васильевич Козлов (№ 6 белгі), Андрей Владимирович Кондратьев (№ 7 белгі), Виктор Андреевич Родин (№ 8 белгі), Петр Иванович Сабрецкий (№ 9 белгі) және Николай Ксенофонтович Семенюк (№ 10 белгі) алды.

II дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен алғашқы марапаттаулар КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1976 жылғы 23 желтоқсандағы Жарлықтарымен жүргізілді. Осы Жарлықтармен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үлкен тобы марапатталды. № 1 II дәрежелі Еңбек Даңқы ордені Краснодар өлкесі Кущев ауданының «Новомихайловский» кеңшарының механизаторы Н. И. Кузьменкоға табысталды.

Ордендің сипаттамасы thumb|right|200px|I дәрежелі орденнің бет жағы thumb|right|200px|Орденнің артқы жағы thumb|left|200px|III дәрежелі орденнің артқы жағы I дәрежелі Еңбек Даңқы ордені сәл дөңес, алтын жалатылған көпбұрыш түрінде жасалған. Көпбұрыштың жоғарғы бөлігі жан-жаққа таралған алтын түсті сәулелердің бес шоғымен, ал төменгі бөлігі үш қатар бидай масағынан тұратын бидай масақтарымен жиектелген. Масақтар «КСРО» () деген жазуы бар қызыл эмальды таспамен оралған. Бидай масақтарына, «КСРО» жазуына және таспаның жиектеріне алтын жалатылған.

Орденнің орталық бөлігінде қызыл эмальмен қапталған жан-жаққа таралған сәулелер аясында домна пеші мен салынып жатқан су электр станциясының бедерлі тотықтырылған бейнесі және жапсырма алтын жалатылған орақ пен балға орналасқан.

Орденнің орталық бөлігі шеңбер бойымен алтын жалатылған «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» () деген жазуы бар тегершік бейнесімен жиектелген. Тегершік бейнесі тотықтырылған. Орденнің жоғарғы бөлігінде алтын жалатылған жиекті қызыл эмальды бес күлді жұлдыз орналасқан.

II дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің I дәрежелі орденнен айырмашылығы — жан-жаққа таралған сәулелердің бес шоғы орналасқан көпбұрыштың жоғарғы бөлігі күміс түсті, ал орденнің орталық бөлігі ашық көк эмальмен қапталған.

III дәрежелі Еңбек Даңқы орденінде бидай масақтарының тек төменгі екі қатарына, таспаның жиектеріне, «КСРО» және «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» жазуларына алтын жалатылған. Орденнің қалған бүкіл беті және жапсырма орақ пен балға тотықтырылған. Орденнің орталық бөлігінде эмаль жоқ.

III дәрежелі Еңбек Даңқы ордені белгісінің бір нұсқасында беткі жағының орталық бөлігіндегі орақ пен балға орденнің бір бөлігі болып, онымен тұтас жасалған, ал артқы жағында тойтармалар жоқ.

Орденнің биіктігі — 43 мм (жоғарғы бөлігіндегі құлақшасын қоса алғанда 47 мм), ені — 41 мм.

I, II және III дәрежелі Еңбек Даңқы ордендері күмістен жасалды. Кез келген дәрежедегі орденнің құрамындағы күмістің салмағы — 33,264±1,389 г (1975 жылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша). I және II дәрежелі орденнің жалпы салмағы — 36,16±1,7 г. III дәрежелі орденнің жалпы салмағы — 36,03±1,7 г.

Орден құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға жалғанған. Таспада бойлық бір қою сұр және бір сары жолақ бар. Қою сұр жолақтың ені — 11 мм, сары жолақтың ені — 12 мм. Сары жолақтың ортасында бойлық қызыл жолақтар орналасқан: бірінші дәреже үшін — ені 5 мм бір жолақ, екінші дәреже үшін — әрқайсысының ені 2 мм екі жолақ, ал үшінші дәреже үшін — әрқайсысының ені 1 мм үш жолақ.

Еңбек Даңқы орденінің толық иегерлері

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1983 жылғы 7 қаңтардағы Жарлығына сәйкес, КСРО-ның құрылғанына 60 жыл толуына (1982 жылғы 30 желтоқсан) байланысты 35 еңбек ері бірден Еңбек Даңқы орденінің алғашқы толық иегерлері атанды. № 1 I дәрежелі белгіні Әзербайжан КСР-інің «Каспбурнефтегазпром» өндірістік бірлестігі Санчагал бұрғылау жұмыстары басқармасының бұрғылаушысы Векил Гаджагаоғлы Аббасов алды. № 2 I дәрежелі белгіні Татар АКСР-і Апостов ауданының Тукай атындағы ұжымшарының тракторшысы В. И. Аверьянов алды. № 3 белгіні Шығыс Қазақстан облысындағы В. И. Ленин атындағы Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты өндірістік қазандығының машинисті Қайырбек Айжігітов алды. № 4 I дәрежелі орден белгісін Башқұрт АКСР-і Илишев ауданының «Октябрь» ұжымшарының комбайншысы Рагиб Марвартдинович Бабертдинов алды. № 5 белгімен В. И. Ленин атындағы Магнитогорск металлургия комбинатының болат қорытушысы Николай Филиппович Батраев марапатталды. Орденнің алғашқы толық иегерлерінің қатарында бұған дейін аталған, № 4 III дәрежелі орден белгісін алған «Юбилейная» шахтасының үңгілеушісі С. Г. Сизых та болды.

I дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен соңғы марапаттаулардың бірі КСРО Президентінің 1991 жылғы 18 желтоқсандағы Жарлығымен жүзеге асырылды. Осы Жарлыққа сәйкес, Алматы облысы Қаскелең ауданының «Каменский» асыл тұқымды кеңшарының сауыншысы Кузьменко Валентина Алексеевна орденмен марапатталды.

КСРО тарихындағы I дәрежелі Еңбек Даңқы орденімен ең соңғы марапаттаулар КСРО Президентінің 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Жарлықтарына сәйкес жүргізілді. № УП-3115 Жарлықпен (теміржол көлігі қызметкерлерін марапаттау туралы) Брянск жол дистанциясының аға жол шебері Валентина Александровна Стененкова марапатталды. № УП-3121 Жарлықпен (Мәскеу метрополитені қызметкерлерін марапаттау туралы) «Мосметрострой» № 4 құрылыс-монтаж басқармасының электрсілесір-монтаждаушылар бригадирі И. С. Вишняков және «Мосметрострой» арнайы жұмыстар басқармасының сілесірлер бригадирі Ю. В. Коровкин марапатталды.