Фидес — Мажарстан азаматтық одағы (; Жас демократтар альянсы ретінде құрылған) — Мажарстандық ультраоңшыл консервативті саяси партия, елдегі ең ірі партиялардың бірі. 2010 жылдан 2026 жылға дейін Мажарстанда билеуші партия болды және Мемлекеттік жиналыста депутаттық мандаттардың басым көпшілігіне ие болды.
Жас демократтар альянсы (1988—1995) 1988 жылғы 30 наурызда 37 антикоммунистік студент Жас демократтар альянсын (), қысқаша Фидес () партиясын құрды. 1990 жылы Мажарстанның коммунизмнен кейінгі кезеңдегі алғашқы еркін парламенттік сайлауында Альянс 8,95% дауыс жинап, 22 депутаттан тұратын өз фракциясын құрды. 1992 жылы партия Либералды интернационалға қабылданды.
1992–93 жылдары партия вице-президенті Виктор Орбан мен Габор Фодор бастаған либералды топ арасындағы ішкі тартыста Орбан жеңіске жетті. Бұл партияның оңшыл консервативті бағытқа ауысуына жол ашты. Осыдан кейін Фодор бастаған либералды қанат партиядан кетіп, Еркін демократтар альянсына қосылды.
Ішкі іріткі салдарынан 1994 жылғы сайлауда Фидес небары 7,02% дауыс пен 20 мандатқа ие болды.
Фидес — Мажарстан азаматтық партиясы (1995—2003) 1995 жылы Жас демократтар одағы атауын Фидес — Мажарстан азаматтық партиясы () деп өзгертті. 1998 жылғы мамырдағы парламенттік сайлауда партия жеңіске ие болды; ол 28,18% дауыс жинап, парламенттегі 386 орынның 148-ін алды. Тәуелсіз ұсақ қожалықтар партиясымен және Мажарстан демократиялық форумымен коалиция құра отырып, Фидес өзінің жетекшісі, сол кезде 35 жастағы Виктор Орбан бастаған үкіметті жасақтады.
2000 жылдың соңында партияның саяси бағытын өзгерту процесі аяқталды. Қараша айында Фидес Либералды интернационалдан шығып, Еуропалық халық партиясына қосылды. Сол жылдың желтоқсанында партия Еуропалық демократиялық одақтың мүшесі болды.
2002 жылғы сайлауда Фидес 41,07% дауыс жинап, парламенттегі өкілдігін 147 депутаттан 164-ке дейін арттырса да, басқарушы коалиция жалпы есепте небары 188 мандат алды. Соның салдарынан партия биліктен кетіп, оппозицияға ауысуға мәжбүр болды.
Фидес — Мажарстан азаматтық одағы (2003 жылдан бастап) солға|нобай|275x275 нүкте|«Фидес» партиясының 2022 жылғы сайлауалды үгіт-насихаты 2003 жылы партия атауы Фидес — Мажарстан азаматтық одағы болып өзгертілді. Сонымен қатар, жаңа жарғы қабылданып, оған сәйкес партия төрағасының өкілеттіктері кеңейтілді. Жаңартылған ұйымның басшысы болып Виктор Орбан қайта сайланды.
Партия 2004 жылғы Еуропалық парламент сайлауында 47,4% дауыс жинап, 12 мандатқа ие болды, бұл Мажарстанға тиесілі орындардың жартысын құрады. 2006 жылғы сәуірдегі парламенттік сайлауда Фидес Христиан-демократиялық халық партиясымен (ХДХП) коалиция құрып қатысқанымен, үкіметті жасақтай алмады. Екі партия бірігіп 42,03% дауыс жинап, 164 мандат алды, оның 141-і Фидеске тиесілі болды.
2009 жылғы Еуропарламент сайлауында Фидес—ХДХП коалициясы 56,4% дауыспен зор жеңіске жетіп, Мажарстанға бөлінген 22 мандаттың 14-ін иеленді (13 орын — Фидес, 1 орын — ХДХП).
2010 жылғы парламенттік сайлауда ХДХП-мен коалиция құрған партия дауыс берудің бірінші айналымда — ақ орындардың басым бөлігіне ие болды (386 орынның 206-сы). Фидес—ХДХП кандидаттары 176 бір мандатты округтің 119-ында абсолютті көпшілік дауысқа ие болса, қалған 57 округтің 56-сында салыстырмалы басымдыққа ие болды. Екінші айналымда Фидес—ХДХП кандидаттары қалған 57 округтің 53-інде жеңіске жетті. Нәтижесінде Фидес бастаған коалиция 386 орынның 263-ін (68,1%) иеленді, оның 226-сы тікелей Фидеске тиесілі болды. Сайлаудан кейін коалиция Виктор Орбан бастаған үкіметті жасақтады.
2010 жылғы 29 маусымда Мажарстан парламенті елдің жаңа президенті етіп Фидес өкілі Пал Шмитті сайлады. Оның диссертациясындағы плагиат жанжалына байланысты отставкаға кетуінен кейін, 2012 жылғы 2 мамырда Мажарстанның жаңа президенті болып Фидес өкілі Янош Адер сайланды.
Одақтастарымен бірге конституциялық көпшілікке ие болған Фидес 2012 жылы күшіне енген жаңа Конституцияның қабылдануына бастамашы болды. Жаңа Конституцияда мажар халқын «Құдай мен христиандық» біріктіретіні айтылған. Мемлекетке адам өмірін қорғау міндеті жүктелді; бұл ретте өмір құрсаққа біткен сәттен бастап () қорғалуға жатады, бұл түсік жасату құқығын шектеуге конституциялық негіз қалады. Неке Конституцияда ер мен әйелдің одағы ретінде бекітілді.
2014 жылдың шілдесінде партия жетекшісі Орбан либералды демократияны Ресей, Түркия, Қытай және Сингапур үлгісіндегі мемлекеттік құрылым моделіне ауыстыруға, ал әлеуметтік мемлекетті «еңбек мемлекетіне» айналдыруға шақырды.
2016 жылы Виктор Орбан бастаған партия Еуропалық одақ ұсынған босқындарды орналастыру квоталарына қатысты референдум өткізуге бастамашы болды. Партия Мажарстан аумағында босқындардың қоныстануына қарсы белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
2021 жылғы 3 наурызда «Фидес» партиясы Еуропалық парламенттегі Еуропалық халықтық партия (ЕХП) фракциясынан шықты, ал 18 наурызда Еуропалық халықтық партия құрамынан біржола кетті.
Кейбір оппозициялық саясаттанушылардың бағалауынша, 2010 жылдан бастап Виктор Орбан мен «Фидес» партиясы Мажарстанда «мафиялық мемлекет» құрған. Олардың пайымдауынша, елдегі билік толықтай партиямен және Орбанмен жеке байланыстағы тар топтың қолына шоғырланған.Мадьяр, Балинт. Анатомия посткоммунистического мафиозного государства: На примере Венгрии / Пер. с венг. П. Борисова. (Библиотека журнала «Неприкосновенный запас») — М.: Новое литературное обозрение, 2016. — 392 с.; Twenty-Five Sides of a Post-Communist Mafia State. Edited by Bálint Magyar and Júlia Vásárhelyi. — Budapest: Central European University Press; Noran Libro, 2017. — 660 p.
Ұйымдық құрылым Мажарстан азаматтық одағы әр сайлау округіне негізделген сайлау округтік бірлестіктерінен (választókerületi szervezet) тұрады, ал сайлау округтік бірлестіктері әр қауымдастық деңгейіндегі жергілікті бірлестіктерден (helyi szervezet) құралады.
Жоғарғы орган — Конгресс (Kongresszus), конгрестер арасында — Ұлттық кеңес (Országos Választmány), ұлттық кеңестер арасында — Ұлттық басқарма (Országos Elnökség), бақылау органы — Мандаттар, жарғылар және мүдделер қақтығысы жөніндегі комитет (Mandátumvizsgáló, Ügyrendi− és összeférhetetlenségi bizottság) және Этика комитеті (Etikai Bizottság), тексеру органы — Тексеру комитеті (Számvizsgáló Bizottság).
Жастар ұйымы — Фиделитас (Fidelitas).
Сын Партияның саясаты жиі «оңшыл популизм» және «демократиялық регрессия» ұғымдарымен сипатталады. Freedom House мәліметтері бойынша, 2010 жылы билікке келгеннен бері «Фидес» партиясы елдің тәуелсіз институттарына бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін конституциялық және құқықтық өзгерістер енгізді. «Фидес» үкіметі мигранттарға қарсы және ЛГБТ-ға қарсы саясатты ұстанып, оппозициялық топтардың, журналистердің, университеттердің және партияны сынайтын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі келтіретін заңдарды қабылдады.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Фидес жарғысы
Санат:Мажарстандың саяси партиялары Санат:Консервативті партиялар Санат:Әлеуметтік-консервативті партиялар Санат:Христиан-демократиялық партиялар Санат:1988 жылы құрылған саяси партиялар Санат:Оңшыл партиялар Санат:Мажарстандағы оңшылдар Санат:Құқықтық-популистік саяси партиялар Санат:Еуроскептикалық партиялар Санат:Антигендер қозғалысы Санат:Христиандық анти-ЛГБТ ұйымдары Санат:Христиандық саяси партиялар Санат:Антиглобалистік саяси партиялар Санат:Протекционизм