Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі () — Семей қаласының әйгілі музейі. Қазақстандағы бейнелеу өнерінің ең қомақты жинақтарына кіретін осы нысанның негізі 1985 жылы қаланған.

Музей ғимараттары 1870 жылдары салынған және қаланың жергілікті маңызына кіретін ескерткіші болып саналады.

Атауы Невзоровтар жанұясының коллекциясына байланысты. 1988 жылы Юлий Владимирович Невзоров және оның жұбайы Антонина Михайловна мен қызы Юлия Юльевна мұражайға 500-ден астам өнер туындысын сыйға тартты. Арасында кеңестік, орыс және шетел суреттері мен гравюралары болды. 1990 жылы Мәскеудегі А.С. Пушкин атындағы бейнелеу өнерінің мемлекеттік мұражайы Батыс Еуропадан келген бірнеше туындыны сыйлады. 1991 жылы музей Невзоровтардың есімімен аталды.

Бүгінгі таңда мұнда 5500-ден астам өнер туындысы сақталады. Авторлардың ішінде Салихитдин Айтбаев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Сергей Калмыков, Әбілхан Қастеев, Леонид Леонтьев, Евгений Сидоркин, Абрам Черкасский т. б.

Мұражай ғимаратының сәулеттік-құрылымдық ерекшеліктері Ғимарат – колонналы, екі қабатты кірпіш құрылыс. Іргетасы шойтастан қаланған, қабырғалары күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Төбесі ағаш конструкциялардан жасалып, шатыр жабыны қаңылтырмен жабылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 481,2 шаршы метр.

Көлемдік-жоспарлық құрылымы бойынша ғимаратты үш бөлікке бөлуге болады: орталық бөлік және оған жалғасқан сол және оң қанаттар. Орталық бөліктің қасбеті күмбез тәрізді шатырлық элементпен ерекшеленеді.

Бірінші қабаттың терезелері дәстүрлі тікбұрышты пішінде орындалған. Орталық бөлікте жеті терезе орналасқан, сол және оң қанаттардағы терезелер де осы пішінді қайталайды. Екінші қабаттағы терезелердің жоғарғы бөлігі жартылай шеңбер тәрізді болып келеді. Орталық бөліктің әр қабатында үш-төрттен терезе орналасқан.

Ғимараттың сол қанаты орталық бөлікке тікелей жалғасады. Ал оң қанаты орталық бөлікке қатысты шамамен 35° бұрышпен орналасып, кейін қарай ығысқан. Оң қанаттың әр қабатында алты терезеден бар.

Терезелердің аралықтарында колонналардың пішінін қайталайтын рельефті жапсырма сәндік элементтер орнатылған. Ғимараттың сыртқы қабырғалары сыланып, әктелген. Негізгі кіреберіс есік оң қанатта орналасқан және ғимараттың барлық бөліктеріне ортақ кіреберіс қызметін атқарады.

Дереккөздер

Санат:Абай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан мұражайлары