Есқуат Арыстанұлы Арыстанов (16 ақпан 1940 – 2016) — биология ғылымдарының кандидаты, академиялық профессор, паразитолог-ғалым. 1991–2012 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Биология» кафедрасында қызмет атқарған.

Өмірбаяны Есқуат Арыстанұлы 1940 жылы 16 ақпанда Түркімен Республикасының Ташауыз облысы, Көнеүргеніш ауданында дүниеге келген.

1957 жылы Қарақалпақ АССР-ның Шоманай ауданындағы орта мектепті тәмамдады. 1957–1962 жылдары Нүкіс қаласындағы Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып, география-биология мамандығы бойынша диплом алды.

Ғылыми қызметі Еңбек жолын Өзбек ССР Ғылым академиясының Қарақалпақ филиалының паразитология зертханасында бастады. Зертханада 29 жыл қызмет атқарып, лаборанттан зертхана меңгерушісіне дейінгі сатылардан өтті.

1964–1967 жылдары А.А. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінде аспирантурада оқыды.

1969 жылы «Амудария дельтасы және Арал теңізінің оңтүстігіндегі моллюскалар – трематодтардың аралық иелері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (мамандықтары: зоология және паразитология).

Ғалым Орта Азия республикаларындағы кәсіптік маңызы бар су айдындарын және Арал теңізін зерттеуге арналған ұзақ мерзімді ғылыми экспедицияларға қатысқан. Зерттеулері моллюскалар мен балық паразитологиясы, су экожүйелерінің паразиттік фаунасы мәселелеріне арналды.

Ғылыми еңбектері Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Алматы және басқа қалаларда өткен ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда баяндалған. Кеңес Одағы кезеңінде гельминтологтар ғылыми қоғамының мүшесі болған.

Педагогикалық қызметі 1991 жылдан бастап Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтының (кейін университет) «Биология» кафедрасында доцент қызметіне қабылданды.

1996–1999 жылдары кафедра меңгерушісі болды. Зоология, адам анатомиясы, паразитология, орнитология және экология пәндерінен дәріс оқыды, зертханалық сабақтар жүргізді.

Жалпы еңбек өтілі – 47 жыл, оның ішінде педагогикалық қызметі – 18 жыл.

Марапаттары 1983 жылы академик К. И. Скрябиннің 100 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен марапатталған.

1988 жылы «Еңбек ардагері» медалін алған.

Университетте қызмет еткен жылдары алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталған.

Негізгі еңбектері Арыстановтың ғылыми және оқу-әдістемелік бағыттағы 100-ге жуық еңбегі жарық көрген. Олардың ішінде:

Влияние экологических факторов на зараженность моллюсков партенитами трематод в водоемах дельты Амударьи // Паразитология. – 1970. Вопросы паразитологии Аральского моря. – Ташкент, 1976. Паразиты рыб и водных беспозвоночных низовьев Амударьи. – Ташкент, 1980. Фауна партенит и личинок трематод моллюсков дельты Амударьи и юга Аральского моря. – Ташкент, 1986. Омыртқасыздар зоологиясы терминдерінің орысша-қазақша сөздігі. – Көкшетау, 1998. Ихтиопаразитология. – Көкшетау, 2011.

Дереккөздер

https://www.shokan.edu.kz/kk/

Санат:Ғалымдар Санат:Биология