«Хат таныту әдістері» – қазақ жазушы, педагог және психолог Жүсіпбек Аймауытовтың бастауыш мектепте сауат аштыру мәселесіне арналған әдістемелік мақаласы. Еңбек 1926 жылы «Жаңа мектеп» атты ғылыми-әдістемелік басылымда жарияланған.Аймауытов Ж. Хат таныту әдістері // Жаңа мектеп. – 1926. – №14–15.
Мақала ұлттық мектептің оқу мазмұны жаңартылып, әліпби мен оқыту әдістемесі мәселелері өзекті болған уақытта жарық көрген. Автор өз педагогикалық тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ бастауыш мектебіне лайық сауат аштыру жолдарын ұсынды.
Мақалада көрсетілген әдістер
Мақалада хат танытудың бірнеше әдістері қарастырылады.
Дыбыс әдісі Дыбыс әдісі әріпті жеке дыбыстан бастап үйретуге негізделеді. Алдымен дыбыс танытылып, кейін буын мен сөз құрастыруға көшеді. Автор бұл тәсілдің жүйелілігін атап өтумен қатар, дыбысты жеке меңгерудің балаға күрделілік тудыруы мүмкін екенін көрсетеді.
Тұтас сөз (америка) әдісі Тұтас сөз әдісінде сөз бүтін күйінде, көбіне көрнекілік арқылы таныстырылады. Сөз кейін буынға бөлінеді. Бұл тәсіл баланың қабылдау ерекшелігіне жақын деп сипатталады.
Буын әдісі Буын әдісі оқытуды буыннан бастауға негізделеді. Буындарды меңгеру арқылы сөз құрастыру жүзеге асырылады.
Аймауытов аталған әдістерді өзара ұштастыра қолдануды ұсынады. Ол оқыту барысында әңгіме жүргізу, сөзді іріктеу, көрнекілік қолдану, буынға бөлу және жазу жұмысын қатар дамыту қажеттігін атап көрсетеді.
«Хат таныту әдістері» қазақ тілін оқыту әдістемесінің қалыптасу кезеңіндегі маңызды еңбектердің бірі саналады. Мақалада ұсынылған тұжырымдар қазақ бастауыш мектебіндегі сауат аштыру жүйесінің дамуына ықпал етті.Аймауытов Ж. Алты томдық шығармалар жинағы. «Комплекспен оқыту жолдары» (оқу-әдістеме), мақалалар, хаттар / Құраст. Н. Қуантаев. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 246–255 б.
Дереккөздер
Санат:Қазақ педагогикасы Санат:Жүсіпбек Аймауытов Санат:Әдістемелік еңбектер