Спенсер-хаус () — Вестминстердің Сент-Джеймс орамында орналасқан аристократиялық зәулім үй. Ол XVIII ғасырдың ортасында герцог Мальбороның шөбересі — 1-граф Джон Спенсер үшін салынған.

Ғимараттың «грек жаңғыруы» стиліндегі жобасын «Афиналық» Джеймс Стюарт әзірлеген. Ол 1750–1753 жылдары Дилетанттар қоғамының тапсырысы бойынша Николас Реветтпен бірге ежелгі грек сәулет өнерін зерттеу мақсатында Грекияға алғашқы ғылыми экспедиция жасағандардың бірі болды.

1895 жылдан бастап Спенсерлер әулеті (бұл әулетке ханшайым Диана да жатқан) зәулім үйді қоғамдық іс-шаралар өткізу үшін жалға беріп келеді. 1987 жылдан бастап Джейкоб Ротшильдтің бастамасымен Спенсер-хауста қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сілтемелер Спенсер-хаус сайты

Санат:Вестминстер сарайлары Санат:Ротшильд әулеті Санат:1750-жылдары салынған сарайлар