Мәмлүк сұлтандығы (, Салтанат аль-Мамалик, сондай-ақ Мәмлүк Мысыры немесе Мәмлүк империясы деп те аталады — XIII ғасырдың ортасынан XVI ғасырдың басына дейін Мысыр, Сирия аймағы және Хиджаз жерлерін билеген мемлекет. Орталығы — Каир қаласы. Мемлекетті сұлтан бастаған, азат етілген құл-жауынгерлерден құралған мәмлүктердің әскери кастасы басқарды.

Сұлтандықтың негізі 1250 жылы Мысырдағы Айюб әулетін тақтан тайдыру нәтижесінде қаланып, 1517 жылы Осман империясының жаулап алуымен өз өмір сүруін тоқтатты. Мәмлүктер тарихы, билік құрған элитаның этникалық тегіне немесе әскери корпустарының атауына байланысты, негізгі екі кезеңге бөлінеді:

Бахри кезеңі (1250–1382) — билік басында негізінен түркі (қыпшақ) текті мәмлүктер болды. Бурджи кезеңі (1382–1517) — билікке черкес (адыг) текті мәмлүктер келді.

Сұлтандықтың алғашқы билеушілері Әйюбилер сұлтаны Әс-Салих Әйюбтің (1240–1249) мәмлүк жасақтарынан шығып, 1250 жылы оның мұрагерінен билікті тартып алды. Сұлтан Құтыз бен Бейбарыс бастаған мәмлүктер 1260 жылы моңғолдарды ойсырата жеңіп, олардың оңтүстікке қарай жылжуын тоқтатты.

Кейіннен олар Әйюбилердің Шамдағы әмірліктерін жаулап алды немесе өздеріне вассалдық тәуелділікке түсірді. Сұлтан Бейбарыс Каирде Аббас әулетін қайта тіктегенімен, олардың рөлі тек рәсімдік сипатта болды. XIII ғасырдың соңына қарай Бейбарыс, Қалауын (1279–1290 жж. билік еткен) және Әл-Ашраф Халил (1290–1293 жж. билік еткен) сияқты сұлтандардың қажырлы еңбегінің арқасында мәмлүктер крестшілер мемлекеттерін толықтай бағындырып, өз иеліктерін Мукурра (Нубия), Киренаика, Хиджаз бен оңтүстік Анадолыға дейін кеңейтті. Әл-Насыр Мұхаммедтің үшінші рет билікке келуі (1293–1294, 1299–1309, 1310–1341 жж.) сұлтандықтың ұзаққа созылған тұрақтылық пен гүлдену кезеңіне ұласты. Алайда одан кейін билік оның ұлдарына ауысқан тұста мемлекет ішкі қырқыстарға бой алдырып, нақты билік лауазымды әмірлердің қолына өтті.

Осындай әмірлердің бірі — Барқұқ 1382 жылы, содан соң 1390 жылы сұлтанды тақтан тайдырып, Бурджи әулетінің билігін орнатты. Оның мұрагерлері тұсында шетелдік басқыншылықтар, тайпалардың көтерілістері мен табиғи апаттар салдарынан империядағы мәмлүктердің ықпалы әлсіреп, мемлекет ұзаққа созылған қаржылық дағдарысқа ұшырады. Сұлтан Барсбейдің тұсында қазынаны толтыру мақсатында маңызды шаралар қолға алынды; атап айтқанда, Еуропамен арадағы саудаға монополия орнатылып, салық жинау үшін ауылдық жерлерге әскери экспедициялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ ол 1426 жылы Кипрді бағындыру арқылы мәмлүктердің халықаралық аренадағы беделін арттырды.

Осы кезеңнен кейін сұлтандық тоқырау дәуіріне аяқ басты. Сұлтан Қайытбайдың ұзаққа созылған әрі сыртқы саясаттағы сауатты билігі (1468–1496 жж.) мемлекетте біршама тұрақтылық орнатты, алайда бұл дәуір Осман империясымен арадағы алғашқы қақтығыстармен ерекшеленді. Сұлтандықтың соңғы қауқарлы билеушісі Қансух әл-Ғаури (1501–1516 жж.) болды. Оның билік еткен жылдары қатаң салық саясатымен, әскерді реформалау әрекеттерімен және Үнді мұхитында португалдықтармен болған әскери текетірестермен танымал. 1516 жылы ол Осман сұлтаны I Сәлім-ге қарсы шайқаста қаза тапты; осы жеңілістен кейін 1517 жылы османдықтар Мысырды толық жаулап алып, мәмлүктердің билігіне біржола нүкте қойды.

Мәмлүктер билігі кезінде Каир қазіргі заманға дейінгі дәуірдегі өзінің гүлденуі мен ауқымының шыңына жетіп, сол уақыттағы әлемдегі ең ірі қалалардың біріне айналды. Сұлтандық экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрағанымен, мемлекеттің тиімді географиялық орналасуы оны Еуропа мен Үнді мұхиты арасындағы сауданың басты орталығына айналдырды. Мәмлүктердің өздері табыс көзі ретінде иқта жүйесіне сүйенді. Сонымен қатар олар өнер мен сәулет өнерінің ірі жанашырлары болды: металды нақыштап өңдеу, эмальданған шыны бұйымдары және көркем безендірілген Құран қолжазбалары сол дәуірдегі өнердің жоғары деңгейін көрсетсе, мәмлүк сәулет өнерінің туындылары бүгінгі тарихи Каирдің келбетін құрап, империяның барлық бұрынғы иеліктерінде сақталып қалған.

Атауы «Мәмлүк сұлтандығы» — қазіргі тарихнамада қалыптасқан термин. Бахри мәмлүктері билік еткен кезеңдегі араб тілді дереккөздер бұл әулетті «Түркілер мемлекеті» (Дәулет әл-Атрак немесе Дәулет әл-Түрк) немесе «Түркия мемлекеті» (әл-Дәулә әл-Түркия) деп атаған. Бурджилер билігі тұсында мемлекет «Черкестер мемлекеті» (Дәулет әл-Жаракиса) деп те аталды. Бұл атаулар билеушілердің этникалық тегін ерекшелеп көрсеткен. Мәмлүк тарихшылары черкестер дәуіріндегі сирек жағдайларды есептемегенде, билеушілердің «құл» (мәмлүк) мәртебесіне баса назар аудармаған.

Тілі thumb|Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің бүгінгі күнге жеткен жалғыз қолжазба нұсқасы 1266 жылы Мәмлүк сұлтанатының құрамында болған Дамаск қаласында көшірілген. Мәмлүктер билік басына келген тұста Мысырда араб тілі діни, мәдени және мемлекеттік басқару тілі ретінде толық орнығып, тіпті мұсылман емес қауымдастықтар арасында да кең қанат жайған еді. Қарапайым халықтың араб тіліне бейімделуіне, ең алдымен, билеуші топ пен ғылыми ортаның тілін меңгеруге деген ұмтылысы себеп болды. Сонымен қатар, Мәмлүктер моңғолдар мен крестшілерге соққы беріп, жеңіске жеткеннен кейін, Мысыр мен Сирия аумағын жаулап алынған өзге араб елдерінен келетін босқындар үшін «қауіпсіз аралға» айналдырды. Осылайша, олар араб тілінің ықпалын одан ары күшейтті. Моңғолдардың Сирияға толассыз шапқыншылығы салдарынан Мысырға қарай ағылған сириялық ғалымдар мен өнерпаздардың кезекті толқыны бұл үдерісті одан ары жандандыра түсті.

Сұлтанаттың ресми әкімшілік тілі араб тілі болғанына қарамастан, мәмлүк билеушілері өзара сөйлесу үшін қыпшақ тілінің бір нұсқасын — мәмлүк қыпшақ тілін пайдаланды. Карл Петридің айтуынша, мәмлүктер Орта Азияның қыпшақ диалектілерінде немесе кавказдық черкес тілінде сөйлегеніне қарамастан, түркі тілін өз кастасының негізгі қарым-қатынас құралы деп санаған. Тарихшы Майкл Уинтердің пайымдауынша, «түркілік» мәмлүк элитасының басты ерекшелігі болды: тек солар ғана түркіше сөйлей білді және тек солардың есімдері түркіше болды.

Мәмлүк элитасы этникалық жағынан әртүрлі болғанымен, тегі түркі еместердің өзі толықтай «түркіленіп» кетті. Соның ішінде, Бүржі әулетінің билікке келуімен мемлекеттің басым этникалық элементіне айналған черкес мәмлүктері де түркі тілінде білім алды. Сол себепті арабтілді халық оларды «түріктер» деп қабылдады. Қыпшақ-түркі тілі жазбаша түрде де қолданылды, бірақ араб тіліне қарағанда сирегірек және негізінен мәмлүктердің өз ортасы үшін ғана пайдаланылды. Уақыт өте келе, Анадолы түріктерінің ықпалының артуына байланысты бұл рөлді оғыз-түркі тілі иемденді.

Сұлтанаттың билеуші әскери элитасы, сирек жағдайларды қоспағанда, тек мәмлүк тектілерден ғана құралды. Негізінен түркі немесе түркіленген мәмлүк элитасын олардың арабтілді қол астындағы халықтан бөліп тұрған басты фактор — этникалық тегі болды. Этникалық шығу тегі әрбір мәмлүктің жеке басын анықтайтын негізгі элемент саналды. Бұл бірегейлік олардың есімдерінен, киім үлгісінен, әкімшілік лауазымдарға қолжетімділігінен және сұлтанның нисбасынан (тегін білдіретін есімінен) айқын көрініп тұратын.

Мәмлүктердің ұрпақтары, яғни «аулад ан-нас» (тектілердің балалары), әдетте әскери элита қатарына қабылданбайтын. Оның орнына олар азаматтық әкімшілікте немесе мұсылман діни мекемелерінде қызмет атқарды. Бахри әулетінің сұлтандары мен әмірлері өздерінің қыпшақ-түркі тамырларын ерекше мақтан тұтты. Сол себепті, Бахри кезеңінің шежірелерінде Китбұқа, ІІ Бейбарыс және Лажын сияқты қыпшақ текті емес билеушілер «тақты заңсыз иеленушілер» ретінде жиі сынға ұшырап отырған.

Тарихы Шығу тегі thumb|Ибн Зафар әс-Сикиллидің «Сулван әл-Мута» еңбегінің титулдық бетінің безендірілуі. Мәмлүк Мысыры немесе Сирия, шамамен 1330 жыл

Мәмлүк — үй құлы саналатын «ғұламнан» өзіндік мәртебесімен ерекшеленген, еркіндік алған әскери қызметші. Олар әскери өнерді, сарай этикетін және ислам ілімдерін толық меңгергеннен кейін басыбайлылықтан босатылатын. Алайда, азаттық алғанына қарамастан, мәмлүктер өз мырзасына адалдық танытып, оның әулетіне қызмет етуге міндетті болды.

Мәмлүктер кем дегенде IX ғасырдан бастап Сирия мен Мысырдағы әскери аппараттың маңызды бөлігіне айналды. Уақыт өте келе олардың ықпалы артып, Мысыр мен Сирияда билік жүргізген Тулунидтер және Ихшидидтер секілді басқарушы әулеттердің негізін қалады. XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында, Әйюбидтер билігі кезінде мәмлүк жасақтары Мысыр әскерінің басты тірегі болды. Бұл процесс Әйюбилердің алғашқы сұлтаны Салах әд-Диннің (1174–1193 жж. билік еткен) тұсында басталды. Ол Фатимидтер халифатының қара нәсілді африкалық жаяу әскерін таратып, олардың орнын мәмлүктермен алмастырды.

Әрбір Әйюбид сұлтаны мен жоғары лауазымды әмірлерінің жеке мәмлүк жасақтары болды. Әйюбидтерге қызмет еткен мәмлүктердің басым көпшілігі Орта Азиядан шыққан этникалық Қыпшақ түркілері еді. Олар қызметке қабылданған соң сүнниттік исламды қабылдап, араб тілін үйренетін. Мәмлүктер өз мырзаларына барынша адал болды, оларды жиі «әке» деп атайтын. Өз кезегінде, қожайындары да оларға құл ретінде емес, жақын туысындай қарайтын. Олар азаттық алғаннан кейін сарай әкімшілігінен немесе әскерден тиісті лауазымдарын алатын.

Мәмлүктердің ерікті жауынгерлерден (азат туғандардан) артық бағалануының себебі — олардың тәрбиесінде жатыр. Мәмлүктер жастайынан әскер мен сұлтанды өз «отбасы» ретінде көруге бейімделді. Соның нәтижесінде олар өздерінің туған-туыстары мен руластарының мүддесін бірінші орынға қоятын ерікті сарбаздарға қарағанда, билікке әлдеқайда адал деп есептелді.

Әйюбид әмірі әрі болашақ сұлтан Әс-Салих Әйюб 1229 жылға қарай Сирия, Мысыр және Арабия өңірлерінен мыңға жуық мәмлүк жинады (олардың арасында азат туғандары да бар еді). Бұл кезде ол әкесі, Сұлтан әл-Камил (1218–1238 жж. билік еткен) жоқта Мысырдың найыбы (наменгері) қызметін атқарып жүрген болатын. Бұл мәмлүктер өз мырзаларының құрметіне «Салихия» (жекеше түрде — «Салихи») деп аталды. 1240 жылы әс-Салих Мысыр тағына отырғаннан кейін, өз жасағындағы мәмлүктердің көбіне азаттық беріп, оларды жоғары лауазымдарға тағайындады. Ол өзіне дейінгі әмірлерден тәркіленген иқталарды (әскери қызметі үшін берілетін жер үлестері) өз мәмлүктеріне бөліп беріп, олардың экономикалық қуатын нығайтты. Сұлтан Мысырда сондай пәрменді әскери-басқару жүйесін құрды, тарихшы Уинслоу Уильям Клиффордтың сипаттауынша, замандастары сол дәуірдегі Мысырды «Салихилер билеп-төстеген» өлке ретінде таныған.

Тарихшы Стивен Хамфрис «Салихия» тобының мемлекеттегі ықпалының артуы әс-Салихтың жеке билігіне еш қауіп төндірмегенін (олардың сұлтанға деген шексіз берілгендігінен) айтса, Клиффорд бұл топтың ішкі дербестігі мұндай адалдық шеңберінен шығып кеткен еді деген пікірді ұстанады.

Билікке келуі 1249 жылы Жетінші крест жорығы кезінде Франция королі ІХ Людовик Мысырдың Дамиетта қаласын басып алғанда, сұлтан әс-Салих пен оның мәмлүктері арасындағы қайшылық шегіне жетті. Соғыс өрті өршіп тұрғанда әс-Салих қайтыс болып, таққа оның ұлы Тұраншах отырды. 1250 жылғы 11 ақпанда Бейбарыс бастаған «Бахрия» полкі әл-Мансура түбінде крестшілерді талқандаса, сәуірдегі Фарискур шайқасында жау әскері біржолата күйреп, король ІХ Людовик тұтқынға алынды. Осы жеңістерден кейін Тұраншах билікті өз қолына алу үшін әкесінен қалған ескі гвардияны (Салихия) шеттетіп, олардың орнына өзінің жақын нөкерлерін қоя бастады. Бұл шешімге наразы болған салихи әмірлері 1250 жылғы 2 мамырда Фарискурда Тұраншахтың көзін жойып, Әюбилер әулетінің билігін іс жүзінде аяқтады.

Тұраншахтан кейін билік басына әс-Салихтың жесірі Шәжір әд-Дүрр келді. Ол «Бахрия» және «Жамдария» полктеріне жер үлестері мен ерекше құқықтар беріп, олардың қолдауына ие болды. Алайда әскери қолбасшы Айбек билікті жеке иемденуге тырысқанда, бахрилер оны Әюбилер әулетінің мұрагері Мұсамен билікті бөлісуге мәжбүр етті. Осыдан кейін Айбек пен бахрилердің көсемі Фарис әд-Дин Ақтай арасында ашық текетірес басталды. Бұл күрес 1251 жылы Айбектің бахрилердің штаб-пәтерін жабуымен және 1254 жылы Ақтайды өлтіруімен аяқталып, мәмлүктер арасындағы ішкі соғысқа жол ашты.