Уикипедия ескерткіші () — Польшаның Слубице қаласындағы ескерткіш, 2014 жылғы 22 қазанда ашылған. Бұл — интернет-энциклопедия Уикипедияға арналған әлемдегі алғашқы ескерткіш.

Тарихы 2010 жылы Слубицедегі «Коллегиум Полоникум» ғылыми-дидактикалық орталығының директоры Кшиштоф Войцеховский қалада Уикипедия ескерткішін орнату бастамасын көтерді. Интернет-энциклопедия Польшада айтарлықтай танымал. 2012 жылға дейін полякша Уикипедия славян тілдеріндегі ең ірі бөлім болып саналды, онда миллионнан астам мақала бар.

Ескерткіштің авторы — «Коллегиум Полоникумның» 30 жастағы студенті, армян мүсіншісі Михран Акопян. Ескерткіштің құны шамамен 11 мың еуро болды, бұл соманы жергілікті муниципалдық билік бөлді. Слубице мэрі Томаш Чишевич ескерткіш орнатуды қолдады, өйткені оның пікірінше, жаңа көрнекі орын қаланы туристер үшін тартымдырақ етеді.

Ескерткіштің салтанатты ашылуы 2014 жылғы 22 қазанда сағат 18:00-де Слубице қаласының орталығындағы Франкфурт алаңында өтті. Салтанатқа «Уикимедиа» қорының Польшадан, Германиядан және АҚШ-тан өкілдері қатысты. Ескерткіш ашылар алдында әртүрлі елдерден келген уикипедияшылардың қатысуымен білім беру сессиялары ұйымдастырылды. Церемонияға Уикипедия туралы кітаптың авторы Дарюш Емельнякта қатысты.

Сипаттамасы Ескерткіш ресми Уикипедия логотипін бейнелейді, оны кітап үйінділерінің үстінде тұрған төрт адам (екі ер адам және екі әйел) қолдарында ұстап тұр. Ол әркім өңдей алатын еркін энциклопедия — Уикипедия авторларына арналған. Ескерткіштің биіктігі 1,7 метрді құрайды. Ламинатталған материалдан жасалған мүсін сырт көзге металл сияқты көрінеді. Ескерткіш тікбұрышты тұғырдың үстіне орнатылған.

Галерея

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Алфавит бойынша ескерткіштер Санат:2014 жыл шығармалары Санат:Любус воеводствосы ескерткіштері Санат:Слубице ғимараттары мен құрылыстары Санат:Мәдениет және өнердегі Уикипедия Санат:Мүсіндеме