Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы — 1994 жылы белгіленген спорттық атақ (2014 жылға дейін – құрметті спорттық атақ). Атақ беру және одан айыру туралы мәселені Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт саласындағы жоғары басқару органы шешеді.

Атақты беру тәртібі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» спорттық атағын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органының, спорт түрлері бойынша аккредиттелген республикалық және аймақтық спорт федерацияларының ұсынуы бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының азаматтарына береді.

Атақ беру сипатбелгісі Біліктілік талаптары: Олимпиадалық спорт түрлері бойынша келесі талаптардың бірін орындаған спортшы(лар)мен кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі: ересектер арасындағы Олимпиада ойындарында 1-3 орын алған бір спортшыны дайындау; немесе ересектер арасындағы әлем чемпионатында 1-3 орын алған бір спортшыны дайындау; немесе ересектер арасындағы әлем кубогында 1-орын алған бір спортшыны дайындау (кезеңдер сомасы немесе финал); немесе Дүниежүзілік Универсиадада 1-орын алған бір спортшыны дайындау; немесе Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында 1-орын алған бір спортшыны дайындау; немесе жастар (юниор) арасындағы әлем чемпионатында 1 орын алған бір спортшыны дайындау; немесе жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын алған екі спортшыны немесе екі рет алған біреуін дайындау; немесе ересектер арасындағы жазғы немесе қысқы Азия ойындарында 1-орын алған бір спортшыны дайындау (Азиада бағдарламасына енгізілген мәнерлер).

Олимпиадалық емес спорт түрлерінде спорттық атақ кемінде 20 елдің өкілдері қатысатын жарыстарға қатысу кезінде келесі талаптардың бірін орындаған спортшыларды дайындағаны үшін беріледі: ересектер арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын алған үш спортшыны немесе үш рет алған бір спортшыны дайындау; жастар (юниор) арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын алған үш спортшыны немесе үш рет алған бір спортшыны дайындау; немесе Паралимпиада не Дефлимпиада ойындарында 1-3 орын алған бір спортшыны дайындау; немесе мүгедектер арасындағы Азия және Дүниежүзілік ойындарда немесе мүгедектер арасындағы әлем чемпионатында 1-орын алған бір спортшыны дайындау.

Топтық спорт түрлері бойынша (олимпиадалық, олимпиадалық емес) спорттық атақ келесі талаптардың бірін орындаған спортшыларды (кемінде үш ойыншы) немесе командаларды дайындағаны үшін беріледі: Олимпиада ойындарының немесе әлем чемпионатының финалдық кезеңіне немесе ересектер арасындағы УЕФА (UEFA) клубтық жарыстарының топтық кезеңіне шыққаны үшін; немесе ересектер арасындағы Олимпиада ойындарында 1-6 орын; немесе жасөспірімдер Олимпиадасында 1-3 орын; немесе ересектер арасындағы әлем чемпионатында 1-3 орын; немесе ересектер арасындағы Азия чемпионатында 1-орын; немесе 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы әлем чемпионатында бірінші дивизионда 1-орын немесе жоғары дивизионда 1-3 орын; немесе 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатында бірінші дивизионда 1-орын немесе жоғарғы дивизионда 1-5 орын; немесе ересектер арасындағы Еуропа чемпионатында 1-3 орын; немесе Дүниежүзілік Универсиада не студенттер арасындағы әлем чемпионатында 1-3 орын; немесе ересектер арасындағы Азия ойындарында 1-3 орын.

Ұлттық спорт түрлерінде спорттық атақ жоғары санатты спортшыларды дайындау, халықаралық спорт ареналарында спортты дамыту, насихаттау және енгізу немесе келесі талаптар үшін беріледі: ересектер арасындағы әлем чемпионатында 1-орын алған бір спортшыны дайындау; немесе ересектер арасында аударыспақтан өткен Азия чемпионатында 1-орын; немесе ересектер арасында көкпардан өткен Азия чемпионатында 1 орын;

Сол спортшыға спорттық атақ Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларының тізімдеріне (бұдан әрі – тізім) сәйкес «бірінші» жаттықтырушы мен спортшының жаттықтырушысы бір мезгілде беріледі.

Қазақстандық спорттың халықаралық спорт аренасындағы беделін арттыру мақсатында спорттық атақ спорт түрлері бойынша ұстаз-жаттықтырушыларға, Қазақстан ұлттық құрама командаларының, спорт қоғамдарының, мекемелер мен клубтардың жаттықтырушыларына келесі сипатбелгілерді (критерий) ескере отырып, ұзақ мерзімді табысты оқу-тәрбие және оқу-жаттығу жұмыстары үшін беріледі: спорттағы оқыту-жаттықтыру тәжірибесі кемінде 25 жыл; 10 жас спортшыны дайындау және одан әрі спорттағы өнерін жетілдіру үшін басқа жаттықтырушыға тапсыру, олармен кемінде 3 жыл жұмыс істеген, осы уақыт ішінде кейіннен көрнекті спортшылар шығарған ұстаз-жаттықтырушыға.

Спорттық атақ спортшы белгіленген талаптарды қайталап орындаған жағдайда тізімге сәйкес басқа жаттықтырушыларға да беріледі.

Спорттық атақ қайта берілмейді.

Тағы қараңыз Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері

Дереккөздер