Ақбешім – орта ғасырдағы қала орны.
Орналасқан жері Қырғызстанның Тоқмақ қаласынан 6 км оңтүстік-батысқа қарай, Шу алқабында орналасқан.
Сипаты 1950 жылы археолог Л.Р. Қызласов, 1959 жылы П.Н. Кожемяко зерттеген. Қала екі бөліктен тұрады. Біріншісі (60х60 м) патша сарайы. Ол 8 м биіктікте орналасқан. Шахристаны 400х600 м. Қаланы қоршаған қамал бойында 10 мұнара орны байқалады. Үш қақпасы бар. Екінші бөлігі 870х900 м қамалмен қоршалған. 1953-57 жылдары қаланың негізгі бөліктерінен оңтүстікке қарай бір-бірінен 250 м қашықтықта орналасқан екі будда ғибадатханасы (VII ғ. соңы мен VIII ғ. басы) табылды. Қала сырты 11 км болып келген бекініспен қоршалған. Ішінде диаметрі 20-30 м, биіктігі 2 м үй орындары бар. Қабырғалары саз балшық пен шикі қыштан соғылып, нақышты өрнек, мүсіндермен безендірілген. Зерттеу барысында табылған заттай деректер Ақбешім қаласының V-XII ғасырлардағы өркениет орталығы болғанын көрсетеді. Ғалымдар орта ғасырдағы араб-парсы деректеріне және археологиялық материалдарға сүйене отырып, Ақбешім көне заманда болған Суяб қаласының орны болуы мүмкін деген пікір айтады.«Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, I том
Дереккөздер
Санат:Қырғызстан көне қалалары Санат:Қырғызстан археологиялық ескерткіштері Санат:Шу облысы