Аустралия және Океания — Аустралия құрлығы мен Океанияға кіретін аралдардан тұратын дүниенің бөлігі. Аустралия және Океания дәстүрлі түрде 4 аймаққа бөлінеді — Аустралазия (Аустралия және Жаңа Зеландия), Меланезия, Микронезия және Полинезия. Аустралия мен Океанияның жалпы ауданы шамамен 9 млн км². Халқы – 46 миллион адам (2024) (әлем халқының 0,56%).

Ұғымның анықтамасы Аустралия және Океания анықтамалары әртүрлі. Океанияның ең кең тараған анықтамасы құрлықтықтық Азия мен Америка арасындағы көптеген аралдарды қамтиды. Бүкіл құрлықты жер шарының бөліктеріне бөлгенде, Океания Аустралиямен дүниенің бір бөлігіне біріктіріледі. Кейде әлемнің тәуелсіз бөлігі ретінде ерекшеленеді және сирек жағдайда «Аустралия және Океания» бөлігі ретінде қарастырылады. Ағылшын тілінде сөйлейтін елдерде әлемнің «Аустралия және Океания» дүние бөлігі жай ғана «Океания» () деп аталады.

Аймақтар thumb|upright=1.35|Аустралия және Океанияың аймақтары

Аустралия

Аустралия толығымен оңтүстік және шығыс жарты шарларда орналасқан. Оның ортасында оны оңтүстік тропик кесіп өтеді. Австралия — оқшауланған, басқа континенттерден алыс материк. Бұл оның табиғатының бірегейлігін анықтады. Негізгі сауда жолдары материктен алыстап, экономикалық байланыстарды дамытуды қиындатады.

Бұл жер бетіндегі ең кішкентай және ең құрғақ материк. Материктің бүкіл аумағы аттас мемлекеттің негізгі бөлігі болып табылады.

Океания

Тынық мұхитының орталық және оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, көбіне жүздеген шағын аралдар мен атоллдардан құралған географиялық аймақ және геосаяси жер бөлігі.

Тарихи тұрғыдан барлық аралдар төрт этнографиялық және географиялық аймаққа бөлінген: Полинезия — солтүстігінде Гавай аралдарынан оңтүстігінде Жаңа Зеландияға дейін созылып, сондай-ақ, батысында Тувалу, Токелау, Самоа, Тонга және Кермадек аралдарын, ортасында Кук, Қоғам және Острал аралдарын, шығысында Маркиз аралдарын, Туамоту, Мангарева және Пасха аралдарын қамтиды. Меланезия — оңтүстік-батысында Жаңа Гвинея орналасқан, Гренландиядан кейінгі әлемдегі екінші үлкен арал және Тынық мұхитындағы аралдардың ең үлкені. Басқа негізгі меланезиялық топтар, солтүстіктен оңтүстікке қарай, Бисмарк архипелагы, Соломон аралдары, Санта-Крус аралдары, Вануату, Фиджи және Жаңа Каледония. Микронезия — экватордың солтүстігінде орналасқан, оған солтүстік-батыста Мариана аралдары, орталығында Каролин аралдары, батыста Маршалл аралдары және оңтүстік-шығыста Кирибати аралдары кіреді. Жаңа Зеландия — Тынық мұхитының оңтүстік-батысында екі үлкен аралда (Солтүстік және Оңтүстік) және көптеген (шамамен 700) көршілес кішігірім аралдарда орналасқан. Кей кезде Аустралиямен бірге Аустралазияның бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Мемлекеттер thumb|upright=1.5|Орталық барлау басқармасы әлемдік фактілер кітабынан Океания картасы

МемлекетЖер аумағы, км²ХалқыЕлордасы 7 692 02421 050 000Канберра 12 190196 178Порт-Вила 268 6804 108 037Веллингтон 81196 335Оңтүстік Тарава 18173 630Маджуро 702135 869Паликир 2112 329Ярен 45819 409Нгерулмуд 462 8405 172 033Порт-Морсби 2 935178 631Апиа 28 450494 786Хониара 748106 137Нукуалофа2611 146Фунафути 18 274856 346Сува

Тарих Отаршылдыққа дейінгі кезең Аустралиялық аборигендер — Аустралия материгінің және оның айналасындағы аралдардың бастапқы тұрғындары 70 000 жыл бұрын Африкадан Азияға қоныс аударып, Аустралияға шамамен 50 000 жыл бұрын келген. Олар Аустралияға Оңтүстік-Шығыс Азия арқылы қоныс аударған болса да, олар белгілі Азиялық немесе Полинезиялық популяциялармен байланысты емес. Адамдардың Аустралияға алғашқы ерте қоныс аударуы бұл құрлық Жаңа Гвинея аралымен құрлық көпірі арқылы жалғасқан Сахуль континентінің бір бөлігі болған кезде орын алды деп саналады. Олар Тасманияға шамамен 40 000 жыл бұрын соңғы мұз дәуірінде болған материктен құрлық көпірі арқылы қоныс аудару арқылы жеткен.

Жаңа Гвинея аралы мен оған жақын орналасқан Меланезия аралдарына шамамен 30-50 мың жыл бұрын каноэмен Оңтүстік-Шығыс Азиядан келген адамдар қоныстанған. Шамамен 2-4 мың жыл бұрын Микронезия мен Полинезияның көп бөлігі қоныстанған. Океания аралдарын қаныстану процесі шамамен 1200 жылы Пасха аралын қоныстандырумен аяқталды.

Отаршылдық кезеңі Аустралия өзінің шалғай орналасуына байланысты әлемге басқа континенттерге қарағанда кеш «ашылды». Аустралияның ашылуы Америка ашылғаннан кейін жүз жылдан астам уақыт өткен соң болды. Голландиялық саяхатшы Виллем Янсзон 1606 жылы жаңа жерді тапты (бұл Кейп-Йорк түбегі болатын).

Христофор Колумб сияқты Янсзон да өмірінің соңына дейін жаңа материк ашқанын білмеді.

1770 жылы Джеймс Кук Аустралияның шығыс жағалауына жақындап, ресми нұсқа бойынша оны «ашты».

XVIII — XIX ғасырлар аралығында еуропалықтардың Океанияны зерттеу кезеңі жалғасты, олар біртіндеп аралдарға қоныстана бастады. Алайда еуропалық отарлау процесі өте баяу жүрді, өйткені бұл аймақ табиғи ресурстардың жоқтығынан шетелдіктер арасында үлкен қызығушылық тудырмады және жергілікті халыққа теріс әсер етті: Океанияда бұрын-соңды болмаған көптеген аурулар енгізілді, және бұл эпидемияларға әкелді, нәтижесінде жергілікті тұрғындардың едәуір бөлігі қайтыс болды. Сонымен бірге тұрғындарды христиандандыру да орын алды. XVIII — XIX ғасырларда Океания аралдары отаршыл державалар арасында, ең алдымен Британ империясы, Испания және Франция (кейіннен АҚШ пен Герман империясы қосылды) арасында бөлінді. Еуропалықтардың ерекше қызығушылығы аралдарда плантациялар құру және құл саудасы болды.

Қазіргі тарих Аустралия 1901 жылы ал Жаңа Зеландия 1907 жылы доминионға айналды, бірақ олар сәйкесінше 1942 және 1947 жылдары Вестминстер актінің статутын қабылдауға дейін ресми түрде толық тәуелсіз мемлекет бола алмады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін отарлардың тәуелсіздігі үшін күрескен алғашқы саяси ұйымдар пайда бола бастады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Океания көптеген шайқастар (негізінен жапон және американдық күштер арасында) болған соғыс театрларының бірі болды. 1960 жылдардан бастап отарсыздандыру процесі басталды. 1946 жылы Полинезиялықтар Франция азаматтығын алды, ал аралдардың мәртебесі шетел аумағына өзгертілді. Гавайи 1959 жылы АҚШ штатына айналды. Фиджи мен Тонга 1970 жылы тәуелсіздік алды. 1979 жылы 1 мамырда Маршалл аралдарының саяси мәртебесінің өзгеруін мойындай отырып, Америка Құрама Штаттары Маршалл аралдарының конституциясын және үкіметінің құрылуын мойындады.

XX ғасырдағы отарсыздандыру процесіне қарамастан, кейбір аралдар әлі де бір дәрежеде тәуелді болып қала береді.

География Орналасуы Аустралия мен Океания Жердің оңтүстік жартышарында орналасқан және оларды батысынан — Үнді мұхиты, шығысынан — Тынық мұхит шайып жатыр. Бұл аймақтың жағалауын шайып жатқан мұхиттардың құрамына Маржанды, Тасман, Фиджи, Арафур және Тимор теңіздері кіреді.

Материкке Жаңа Гвинея, Солтүстік және Оңтүстік аралдар, Соломон аралдары, Тасмания сияқты ірі аралдар мен архипелагтар тиесілі.

Шеткі нүктелері

Норт-Уэст-Кейп мүйісі

Стип-Пойнт мүйісі

Саут-Ист-Кейл мүйісі

Саут-Ист-Пойнт мүйісі

Байрон мүйісі

Бедер АҚШ Ұлттық географиялық қоғамдастығының сайтында геологиялық ерекшеліктеріне байланысты Океания құрамына кіретін аралдарды жіктеу ұсынылған. Бұл қағидатқа сәйкес, аралдар материктік, биік және аласа болып бөлінеді. Материктік аралдар қатарына тектоникалық өзгерістер мен мүхит деңгейінің көтерілуі оларды бөліп жібергенге дейін ірі құрлық массаларының бір бөлігі болған Аустралия, Жаңа Зеландия және Жаңа Гвинея кіреді. Материктік аралдардың рельефі әртүрлілігімен сипатталады, ал бұл үш жағдайда да литосфералық тақталардың соқтығысуы кезінде жыныстардың жоғары ығысуынан пайда болған қатпарлы тау тізбектері қамтылады. Жаңа Зеландия мен Жаңа Гвинеядағы жалғасып жатқан тектоникалық белсенділік әрекет етуші жанартаулардың болуынан көрінеді. Сонымен қатар, материктік аралдарды қалыптастырған негізгі үдерістер айтарлықтай ерекшеленді, бұл рельефтің түбегейлі айырмашылықтарына әкелді. Мұндай айрықша белгілер ретінде: Аустралия үшін — оның орталық бөлігіндегі жазықтардағы шөлдер мен шөлейттердің ұлан-ғайыр аймағы — Аутбэк; Жаңа Зеландия үшін — үлкен биіктік пен басым ылғалды әрі суық желдердің әсерінен пайда болған мұздықтар; ал Жаңа Гвинея үшін — теңіз деңгейінен айтарлықтай биіктік экваторға жақындықпен және ылғалды тропикалық желдермен ұштасқан биіктаулы мәңгі жасыл тропикалық ормандар тән.

Океанияның биік немесе жанартаулық аралдары су асты жанартауларының атқылауы нәтижесінде пайда болған, бұл кезде атқылаған магма мұхит суымен салқындап, қатады. Ұзақ уақыт бойы жалғасқан мұндай белсенділік орталығында тік беткейлі тауы бар, ал одан жағалау сызығына қарай жоталар мен шатқалдар таралатын аралдардың қалыптасуына әкеледі. Биік аралдардың шоғырлануы Тынық мұхит және Аустралия тақталарының түйіскен жеріндегі су асты жанартаулары тізбегі болып табылатын Тынық мұхит отты шеңберінің контурымен сәйкес келетін Меланезия бөлігіне тән. Меланезияның маңызды жанартаулары — Томаниви (Фиджи), Ламингтон және Ясур (Вануату).

Аласа немесе маржан аралдарының негізін маржан қаңқаларының қабаты құрайды. Шығу тегіне байланысты бұл аралдар теңіз деңгейінен әрең көтеріліп тұрады және орталық лагунаның айналасындағы ұсақ аралдардың үзік жартылай дөңгелек тізбегі (атолл) пішініне ие болады. Мұндай пішін жанартаулық текті құрлық көтерілімінің айналасында маржан рифі қалыптасқан кезде пайда болады, ал кейін бұл құрлық эрозияға ұшырап, орнында теңіз суы толтыратын ойыс қалдырады. Бұған әлемдегі ең үлкен лагуналардың бірін қоршайтын әр түрлі аудандағы 97 аралдан тұратын Кваджалейн атолы (Маршалл аралдары) айқын мысал бола алады; олардың құрлық пен ішкі лагунаның жиынтық ауданы 2173 км² құрайды. Аласа аралдар Микронезия мен Полинезияда басым.

Аустралия аумағында бірнеше тау тізбектері бар, олардың ең танымалы — Үлкен Суайрық жотасы, алайда Кимберли таулары (ең биік нүктесі — Орд тауы, 937 м) және Беркли үстірті сияқты жоталар да кездеседі. Материктің ең биік нүктесі — Папуа — Жаңа Гвинеядағы Вильгельм тауы.

Океанияның ең ірі таулары Вильгельм тауы (4509 м)

Мауна-Кеа тауы (4205 м)

Мауна-Лоа жанартауы (4169 м)

Кук тауы (3764 м)

Руапеху жанартауы (2797 м)

Улавун жанартауы (2300 м)

Косцюшко тауы (2228 м)

Либиг тауы (1440 м)

Мехарри тауы (1251 м)

Блафф-Нолл тауы (1096 м)

Орд тауы (937 м)

Океанияға әлемдегі ең терең жер — Мариана шұңғымасы (10 994 м) ерекше атақ әкеледі. Одан басқа, аймақ аумағында басқа да сондай терең екі шұңғыма бар. Олар — Тонга шұңғымасы (10 882 м) және Кермадек шұңғымасы (10 047 м). Құрлықтағы ең терең жер болып теңіз деңгейінен −16 метрге дейінгі тереңдікте жатқан тұзды Эйр көлі саналады.

Климат Климат әртүрлі аралдар мен мемлекеттерде сан алуан. Орталық Аустралияда жылдық жауын-шашын мөлшері 250 мм-ден аз, ал негізгі ауа температурасы +7°С пен +47°С аралығында болады. Аустралияның солтүстік бөлігінде (Дарвин қаласы) +10°С пен +41°С аралығындағы температура басым болып, жауын-шашын мөлшері 2000 мм және одан да көп түседі. Жауын-шашынның ең көп мөлшері Папуа — Жаңа Гвинеяның солтүстігінде тіркеліп, 3000 мм-ден асады, ал мұндағы ауа температурасы негізінен +18°С пен +24°С аралығында ауытқиды.

ҚалаАбсолюттік минимум және абсолюттік максимум (°С)Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері (мм)МинимумМаксимумАлис-Спрингс +7 +47250 — 300Веллингтон -2 +31500 — 1000Дарвин +10 +412000 — 3000Онслоу -3 +48250 — 500Порт-Морсби +18 +372000 — 3000 және одан жоғарыСидней +2 +451000 — 3000Хобарт -2 +411000 — 2000 және одан жоғары

Табиғат аймақтары Аустралия мен Мұхитты (Океанияны) қамтитын климаттық белдеулердің жалпы саны — 5: Экваторлық, Субэкваторлық, Тропиктік (көбірек бөлігі), Субтропиктік және Қоңыржай (Тасмания аралының оңтүстігі).