«Рокки» () — Сильвестр Сталлоне боксшы Рокки Балбоа рөлінде ойнаған 1976 жылғы америкалық спорттық драмалық фильм. «Рокки» франшизасының бірінші бөлімі. Өндірісті продюсерлер Ирвин Уинклер, Роберт Чертофф және олардың Chartoff-Winkler Productions компаниясы басқарды, ал режиссер лауазымына Сталлоне сценарийі бойынша фильм түсірген Джон Эвилдсен жалданды.

Фильмнің алғашқы прокаттық көрсетілімі 1976 жылы 20 қарашада Нью-Йоркте өтті, ал АҚШ-та толық кинотеатрлық прокат сол жылдың 3 желтоқсанында басталды. Өндірістік бюджеті 1,1 миллион долларға дейін жететін «Рокки» америкалық прокатта жылдың ең көп табыс әкелген фильмі атанды (117,2 миллион), ал басқа елдерде ол 107,8 миллион жинап, жалпы 225 миллион табыс таба алды. Фильм көрермендер мен сыншылардан негізінен оң пікірлерін алды, сонымен қатар үш «Оскар» және бір «Алтын глобус» сыйлығын жеңіп алып, жетекші актер Сильвестр Сталлонеге кеңінен танымалдықты әкелді. Фильмнің жетістігі сондай-ақ аттас медиафраншизаның қалыптасуына ықпал етті, оған Сталлоненің актер және сценарист ретінде тұрақты қатысуымен 8 сиквел – 1979 жылдан 2006 жылға дейін шыққан 5 тікелей сиквел, сондай-ақ үш спин-офф кіреді (2015 жылы «Крид: Рокки мұрасы» фильмінен басталған Аполло Кридтің ұлы және оның тәлімгері Рокки Балбоа туралы үш фильм).

2006 жылы «Рокки» Конгресс кітапханасы мәдени, тарихи және эстетикалық құндылығы бар фильм ретінде АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енгізді.

Сюжеті Фильмдегі оқиға 1975 жылдың 25 қарашасы мен 1976 жылдың 1 қаңтары аралығында Филадельфия қаласында өтеді. Басты кейіпкер Рокки Бальбоа — қаланың беделсіз клубтарында өнер көрсетіп жүрген, жолы болмаған кәсіпқой боксшы. Рокки күндіз жергілікті мафиозды өсімқор Тони Гаццоның қолшоқпары болып, қарызгерлерден ақша жинайды, ал кешкісін жаттығып, рингке шығады. Ол Кенсингтон ауданындағы ескі үйдің шағын пәтерінде, кедейшілікте өмір сүреді. Рокки өзінің досы Поллидің қарындасы, зоодүкенде сатушы болып істейтін ұяң қыз Эдриан Пенниномен танысуға тырысады. Бастапқыда қыз оның тұтқыр тілі мен қылмыстық беделінен үркіп, назар аудармайды. Алайда Рокки алған бетінен қайтпай, ақыры қыздың көңілін тауып, оны кездесуге шақырады. Осылайша олардың қарым-қатынасы басталады.

Сол уақытта ауыр салмақтағы әлем чемпионы Аполло Крид кезекті жекпе-жегін Филадельфияда өткізуді ұйғарады. Бірақ кездесуге аз уақыт қалғанда қарсыласы қолын қатты жарақаттап алады. Крид жекпе-жекті кейінге қалдырмас үшін, АҚШ-тың 200 жылдығына орайластырылған ауқымды жарнамалық шара ұйымдастырып, жергілікті боксшылардың біріне мүмкіндік беруді шешеді. Осы арқылы чемпион өз есімін одан әрі танымал етпек болады. Аполло Роккидің «Итальяндық айғыр» () деген лақап атына қызығып, белгісіз боксшыға әлем чемпионы атағы үшін таласуға мүмкіндік береді. Жаттықтырушылар Роккидің Аполло үшін ыңғайсыз оң жақты тұрыста бокстасатынын ескерткенімен, чемпион оған мән бермей, қарсыласын үшінші раундта-ақ сұлатып түсіремін деп сендіреді.

Рокки бастапқыда өз деңгейінің Аполлодан әлдеқайда төмен екенін және халықтың көңілі қалмауын айтып, жекпе-жектен бас тартады. Шеберліктен бөлек, Аполлоның физикалық көрсеткіштері де жоғары: Роккидің салмағы — 90 келі, Аполлонікі — 98 келі. Дегенмен ұсынылған 150 мың доллар гонорар оны келісуге мәжбүрлейді. Рокки бұрынғы кәсіпқой боксшы Микки Голдмиллдің жетекшілігімен аянбай жаттығуға кіріседі.

Жекпе-жек 1976 жылдың 1 қаңтарында басталады. Аполло залға алдымен Джордж Вашингтон, сосын Сэм ағай кейпінде шығып, нағыз шоу көрсетеді. Ол қарсыласын менсінбейді, бірақ Рокки бірінші раундта-ақ күтпеген жерден әлем чемпионын нокдаунға түсіреді. Осыдан кейін Крид шабуылды үдетеді. Ауыр соққылардан Роккидің көзі ісіп кетеді, ол ештеңе көре алмағандықтан, секундтардан ісікті тіліп жіберуді сұрайды. Соққыға шыдамдылығының арқасында Бальбоа барлық 15 раунд бойы құламай тұрады. Жекпе-жектің соңында ол тіпті басымдықты өз қолына ала жаздайды. Аполлоның қабырғасы сынып, тыныс алуы қиындаса да, соңғы раундқа дейін жетеді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен жеңіс аз ғана ұпай айырмашылығымен Аполлоға беріледі. Фильмнің соңында Эдриан қаптаған тілшілердің арасынан өтіп, Роккидің құшағына енеді.

Рөлдерде

Марапаттары мен номинациялары Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант НәтижеОскарҮздік фильмРоберт Чартофф, Ирвин УинклерҮздік режиссерДжон Г. ЭвилдсенҮздік түпнұсқалық сценарийСильвестр СталлонеҮздік ер адам рөліҮздік әйел адам рөліТалия ШайрҮздік көмекші ер адам рөліБёрджесс МередитБерт ЯнгҮздік әнКэрол Коннорс, Айн Роббинс, Билл Конти («Gonna Fly Now» әні үшін)Үздік монтажРичард Хэлси, Скотт КонрадҮздік дыбысГарри Уоррен Тетрик, Уильям Л. Маккоги, Лайл Дж. Бёрбридж, Бад АлперBAFTAҮздік фильм Үздік режиссерДжон Г. ЭвилдсенҮздік актер Сильвестр СталлонеҮздік сценарийҮздік монтажРичард ХэлсиАлтын глобусҮздік фильм (драма)Үздік режиссер Джон Г. ЭвилдсенҮздік сценарийСильвестр СталлонеҮздік актер Үздік актриса Талия ШайрҮздік фильм музыкасыБилл КонтиГрэммиҮздік фильм музыкасы (саундтрек)АҚШ режиссерлер гильдиясының сыйлығыҮздік режиссер (толықметражды фильм)Джон Г. ЭвилдсенАҚШ сценарийшілер гильдиясының сыйлығыҮздік түпнұсқалық сценарий (драма)Сильвестр СталлонеДавид ди ДонателлоҮздік шетелдік актерҰлттық киносыншылар кеңесіОн үздік фильмҮздік көмекші актрисаТалия Шайр

Кейінгі тану Америка кино институты (AFI) «Рокки» фильмін келесі рейтингтерге енгізді: 100 жыл… 100 фильм: № 78 (1998 тізімі), № 57 (2007 тізімі) 100 жыл… 100 шытырман оқиғалы фильм (2001): 52-ші 100 жыл… 100 қаһарман мен зұлым (2003): Рокки Балбоа кейіпкерлер тізімінде 7-ші орынға ие болды. 100 жыл… 100 ән (2004): «Gonna Fly Now» №58 орын 100 жыл… 100 дәйексөз (2005): "Эй, Адриан!" () 80-орын 100 жыл… 100 шабыттандыратын фильм (2006): № 4 100 жанрлық фильм (2008): № 2 үздік он спорттық фильм АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі (2006)

Дереккөздер

Санат:Джон Эвилдсен фильмдері Санат:АҚШ драма-фильмдері Санат:1976 жылғы АҚШ фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:United Artists фильмдері Санат:АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі Санат:Бокс туралы фильмдер