Уильям Уайлер (; 1 шілде, 1902. Мюлуз, Эльзас, Герман империясы — 7 шілде, 1981, Лос Анжелес, Калифорния, АҚШ) — америкалық кинорежиссёр, сценарийші және кинопродюсер. Уайлдер — Голливуд тарихындағы ең табысты режиссерлердің бірі. Ол рекордтық көрсеткішпен 12 рет «Оскар» сыйлығына ұсынылса, оның басшылығымен түскен актерлер мен актрисалар 36 рет номинация алып, оның 13 жеңіске жеткен.
Америкалық киноакадемия тарапынан «Үздік фильм» деп танылған «Миссис Минивер» (1942), «Өміріміздің үздік жылдары» (1946) және «Бен-Гур» (1959) туындылары үшін үш мәрте «Оскар» сыйлығын иеленген. Сондай-ақ, 1956 жылы «Достық ниет» фильмі үшін Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алды. Уайлер түсірген фильмдер жалпы алғанда «Оскардың» түрлі номинацияларына 127 рет ұсынылып, 38 алтын мүсіншені қанжығасына байлаған.
Кино тарихшысы Ян Фрир Уайлерді «нағыз перфекционист» деп сипаттайды: оның әрбір детальді мінсіз шыңдауға деген ұмтылысы мен дубльдерді сан мәрте қайталауға құштарлығы кезінде аңызға айналған болатын. Классикалық әдеби туындыларды экрандап, оларды кассалық табыс пен сыншылардың жоғары бағасына ие болған шоқтығы биік туындыларға айналдыра білуі оны 1930-1960 жылдар аралығындағы Голливудтың ең табысты әрі сенімді киногерлерінің біріне айналдырды. Сахналау, монтаж және камера қозғалысын шебер үйлестіру арқылы ол театрға тән кеңістікті шынайы кинематографиялық әлемге айналдыра алды. Сонымен қатар, Уайлер актерлердің ішкі әлемін аша білетін бірегей режиссер ретінде де танымал — ол талай артистің бағын ашып, оларды әлемдік жұлдыз деңгейіне көтерді.
Фильмография Дыбыстық фильмдер
Дереккөздер
Санат:Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Алтын глобус сыйлығының иегерлері Санат:BAFTA марапаты иегерлері Санат:Алтын пальма бұтағы сыйлығының иегерлері (режиссёрлер)