Ықылас Дүкенұлы мемориалы – Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи және сәулет өнері ескерткіші.
Орналасқан жері Сарысу ауданы, Саудакент ауылына оңтүстік жағынан кіреберіс жолында орналасқан.
Кезеңі 1993 жыл; сәулетшілер – Э.М. Байтанов, А.С. Еспембетов, Г.Б. Сахариева.
Сипаты Мемориал халық күйші-қобызшысы Ықылас Дүкенұлының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында тұрғызылды. Тұтас құймалы темір-бетон мен күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, оның сыртқы жағы мәрмәр және гранитпен қапталған. Өзара үйлесім тапқан үш бөлімді құрылыс белдеулік осьпен тартылған. Мемориалдың негізгі көлемі – гөрхана негізіндегі дөңгелек (жерлеу орны), тік көтерілген биік конус тәрізденіп біткен; ал алғы беті жағынан көлденең биіктігі 5,4 м әшекейлі шынымен бөлінген. Ықылас Дүкенұлы мемориалының құрылысы қабырғаларында майшам-шырақтар қоятын қуыстар жасалған; интерьерінің ортасында жазбалары бар мемориалды тақта орнатылған. Мұнда Ықылас Дүкенұлы жерленген бейіттен (Шығанақ ауылынан солтүстікке қарай 18 км жердегі Шу өзенінің бойында орналасқан Қуарал деген мекен) бір уыс топырақ әкелініп, басына құлпытас орнатылды.С25 Қазақстан Республикасының тарих және мәдениет ескерткіштерінің жиынтығы. Жамбыл облысы. – Алматы: РМК "ММЕ ҒЖЗИ", 2002. – Т.2. – 364 б, карталар, ил. ISBN 9965-13-615-7
Дереккөздер
Санат:Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Жамбыл облысы сәулеті