Ырғай () — тікенексіз бұталар, сирек жағдайда шағын ағаштардан тұратын Раушангүлділер (Rosaceae) тұқымдасының туысы. Атауы гректің cotonea — «айва» және aster — «ұқсас, түрі бар» деген сөздерінен шыққан. Бұл атау айва жапырақтары мен ырғайдың бір түрінің жапырақтарының ұқсастығына байланысты қойылған.

Туыс өкілдері Еуразияда, Солтүстік Африкада және Солтүстік Америкада өседі.

Ботаникалық сипаттамасы Бұлардың биіктігі 0,3 — 2 м, сабағы тік не жайқала біткен, ағашқа айналған бұтақтары бар. Жапырақтарының пішіні сопақша не дөңгелек, жиектері бүтін, үстіңгі беті ашық жасыл, астыңғы беті сұрғылт көк түсті, кезектесіп орналасады. Гүлі дара, ұсақ, ақ немесе қызғылт түсті, олар шашақ не қалқанша гүлшоғырына топталған. Тұқымынан, қолдан өсіргенде сұлама бұтағынан және қалемшесінен көбейеді. Мамыр — маусым айларында гүлдеп, тамыз — қыркүйекте жемісі піседі. Жемісі 2 — 4 сүйегі бар ұсақ, жалған алма. Жарық сүйгіш, ыстыққа, құрғақшылыққа және суыққа төзімді ағаш. Өсімдік әсіресе көктемде гүлдегенде және күзде жемісі піскенде өте әдемі..

Таралуы және экологиясы Ырғай Еуропада, Азияда (Жапониядан басқа), Солтүстік Африкада және Солтүстік Америкада таралған. Ол жазық жерлерде де, таулы аймақтарда да — тау бөктерінен альпілік белдеуге дейін, тасты беткейлерде, жартастарда, қорымдарда, өзен жарқабақтарында және орман жиектерінде өседі.

Қазақстанда оның 20 түрі кездеседі. Олар Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында, Іле, Күнгей, Кетпен, Жетісу (Жоңғар) Алатауларында, жазық жерлерде және тауларда — тау етегінен альпілік белдеуге дейін таралған. Сондай-ақ жартастарда, тау шөгінділерінде, өзен бойындағы жарларда және орман шеттерінде өседі.

Шаруашылық маңызы және қолданылуы Ырғай құмды беткейлерді бекіту үшін, бұталы шарбақ ретінде және сәндік өсімдік ретінде пайдаланылады. Ботаникалық бақтардың жинақтамаларында ырғай 1864 жылдан бері белгілі.

Ырғайдың артықшылықтарына топырақ пен ылғалға талғамсыздығы, аязға, түтін мен газға төзімділігі жатады. Өсімдіктер отырғызуға және бұтақтарын қырқуға жақсы бейімделеді. Кәрі бұталарды жасарту үшін түбегейлі қырқу әдісі қолданылады: түспежапырақты түрлері — ақпанда, мәңгі жасыл түрлері — қазанда қырқылады.

Ырғай тұқым арқылы және вегетативті жолмен көбейтіледі. Жасыл қалемшелер жоғары ылғалдылық жағдайында, яғни үлдір астында, тезірек тамырланады. Қалемшелеудің ең қолайлы мерзімі — шілденің екінші жартысы. Өсімдік өсірілетін субстрат шымтезек пен құмның тең мөлшердегі қоспасынан тұрады.

Қазақстандағы 1 түрі — Қаратау ырғайы (Cotoneaster karatavicus) өте сирек кездесетін эндемик түр. Биікт. 1,5 м-дей, жапырақтары ұзынша, төңкерілген жұмыртқа пішінді. Гүлшоғыры — 3 — 6 ұсақ гүлден тұратын қалқанша. Тек Қаратаудың оңтүстік және орталық бөліктерінде кездеседі, жойылып бара жатқан өсімдік, сондықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Алауын ырғайы және жылтыр ырғай түрлері Ресейдің Қызыл кітабына енгізілген.

Жіктелуі Таксономиялық орны Cotoneaster Medik., 1789, Philos. Bot. 1: 155

Ырғай туысы Раушангүлділер (Rosaceae) тұқымдасына, Раушангүлділер (Rosales) қатарына жатады. Раушангүлділер қатары бірізді түрде Фабидтер → Розидтер → Суперрозидтер → Эвдикоттар → Гүлді өсімдіктер ірі кладтарының құрамына кіреді. APG IV жүйесіне сәйкес таксономиялық жіктелуі 2024 жылғы маусымдағы жағдай бойынша төмендегідей:

Түрлері

Олардың ішіндегі біразы:

Дереккөздер

Санат:Алфавит бойынша өсімдіктер Санат:Алмалылар Санат:Еуразия флорасы Санат:Солтүстік Африка флорасы