Қазақ қыз-келіншектерінің ұлттық киімдерінің өздік ерекшеліктері бар. Олардың көбі бұрынғы заманнан сақталып тек қана кішігірім өзгерістерге ұшыраған, ал кейбіреулері, өкінішке қарай, мүлде сақталмаған. Олардың әр-алуан түрлері бар және, ең алдымен, ер адам мен әйелдің киімі деп бөлінеді. Екі түрлі киімнің де өздік айырмашылықтары бар. Ер адамдардың ұлттық киімдерінің модельдері бір қалыпты ұқсас, тек қана қара, қоңыр немесе қара көк түсті болған. Егер сұлу да сымбатты қазақ қыздарының киім-кешектері туралы айтсақ, оларға сан жоқ және де неше түрлі үлгілері бар, қызыл, сары, жасыл, ақ сияқты ашық түсті болған. Бұған себеп, әйел затының көркем заттарды, киімдерді ұнатып киюі не тағуы. Оның үстіне, қазақтардың әлеуметтік деңгейін әйелдердің киіміне қарап анықтауға болатын, сол себепті де олардың киімдері ер адамдардың киімдерімен салыстырғанда қымбат матадан тігіліп, асыл тастармен әрлендірліген. Негізінде қазақ қыздары жастайынан ұлттық киімдерді киюді бастаған. Тіпті жаңа туған баланы да әдейі киіндіріп қоятыны бар еді. Олар өміріндегі белгілі бір себепке орай белгілі ұлттық киім киетін. Қиімнің үлгісі қыздың жасына және мәртебесі мен дәрижесіне байланысты болған. Киілетін киімнің тігілуі де, әшекейі де әр түрлі болатын.

Жаңа туған қыз баланың киімі Дүниеге жаңа келген нәрестеге иткөйлек кигізген. , Massaget.kz., Қыз-келіншектер не киген Иткөйлек дегеніміз қазіргі кездегі жейде сияқты, яғни түймесіз арты ашық, етек- жеңі кең көйлек. Бұл киімді бала қырқынан шыққанға дейін киеді, яғни сәбидің дүниеге келгенінен бастап тура қырық күн бойы. Иткөйлек жұмсақ, табиғи матадан, көбінесе шыт, сиса, бәтес, бөз сияқты маталардан тігіледі, себебі ол жас сәбидің нәзік терісін тітіркендірмей, батпау керек. Иткөйлекті сәбиге ырымдап кигізеді, аңыз бойынша ежелгі уақытта ит адамның қорғаушысы болған, сол себепті де көйлек нәрестені ажалдан, жаман көзден сақтау үшін осындай көйлек кигізетін. Қосымша айта кетсек, қазақтар нәрестенің бақыты иткөйлек киген күннен басталады деп сенген, дәл сондықтан да иткөйлекті көрінген жерге лақтырып не біреуге беруге болмайды. Оны қазақтар асыл зат секілді сақтаған. Бас киімдер жайлы айтсақ, қыз балаға туғанынан бастап сылау тақия кигізетін болған. Сылау тақия дегеніміз жаңа туған балалар киетін бас киім, тіпті телпек деп айтуға болады. Соңымен қатар балаға тіл-көз тимесін деп молдаға дұға жаздырып, былғарыдан жасалған бойтұмардың ішіне сол оқылған қағазды салып, сәбидің мойынына іліп немесе киіміне тігіп қоятын. Мұндай ерекшелік көптеген қазақ балаларында болған. Сонда бойтұмар бір жағынан нәрестені тіл- көзден сақтайтын зат болса, екінші жағынан сырт көзге әшекей сияқты көрініп тұратын. Бала бір-бір жарым жасқа толғанда оның басына сырма атты тақияны кигізеді.

Жасөспірім қыз баланың киімі Бұл жаста қызды қыз деп бөле бастайтын кез. Баланың есі кірер жасында, яғни төрт-беске толғанда, қысқа шаштарын екі не бір жағынан тартып өріп қойып, басына ою-өрнекпен не моншақтармен өрнектелген, үкісі бар тақия, ал үстіне тізесін жауып тұратын түрлі-түсті көйлек кигізіп қоятын. Қыздардың тақиясы ұлдардың тақиясынан басты айырмашылығы келесіде: ол қымбат, сапасы жоғары матадан тігілуі және үкісінің бар болуы. Кішкентай қыздың ұлттық киімінін тағы біреуі- желетке. Желеткені де әдемі көрінсін деп неше түрлі оюлармен, немесе моншақтармен тігіп қоятын. Желетке көбінесе қыз баланын жылы жүрсін деп кигізіп қоятын, соңдықтан оны жылы, қалын маталардан тігетін. Аяқтарына теріден жасалған етік киетін, балалардың етігі жұмасқ және жеңіл болған, бұл бүлдіргендердің еш қиындықсыз қимылдап жүре алуы үшін. Әлі кішкентай болғандықтан, оларға аса қымбат әшекей бұйымдарды тағуға рұқсат болмаған. Тек қана құлағына кішігірім сырға мен саусақтарына сақина тағуға болатын. Соңымен қатар, баланың аяғы тоңбасы үшін оған байпақ кигізіп қоятын. Байпақ дегеніміз аса жылы аяқ киім, ол киізден жасалып, ал кейде жүннен тоқылып, етіктің ішінен киілетін. Негізінде байпақ тізені жауып тұруы керек, сол себепті оның қонышы етіктің қонышынан ұзынырақ болады. Тізеге келетін жері былғарымен, барқытпен не басқа матамен көмкеріледі. Қыздардың шашын шашбаумен бірге өретін, бұл әдемі көрініп және де шашты төмен тартып оның тез өсуіне себептес болады деп есептелген. Шашбау деген тиындармен тігілген қыздың шашына тағылатын лента.

Бойжеткеннің киімі

Бұрынғы кезде казақтың қызы 12-13 жасынан бастап бойжеткен деп есептелетін. Бұл жасында бойжеткен қыздар әсіресе өзгеше және көркем киінетін. Олар сұлулығын көзге түсетіндей аса әдемі киімдерді киген, таққан қымбат әшекейлерімен таң қалдырып етіп жүрген. Басындағы тақиялары неше түрлі моншақ-тастармен, түрлі-түсті жіптермен безендірілген, ал тақияның үкісі молырақ болған еді. Кей кезде тақияның орнына бөрік киетін. Бөрік те баршаның көзіне ілінетіндей әрлендірілетін. Оның төбесіне үкі, жібек шашақ тағып, жібек жіппен кестелеп, меруерт, маржан не алтын – күміс түймелер қадайтын. Үстіндегі көйлектеріне көшсек, олар аса бос емес, керісінше өзіңе шақ, тіпті кеудесінен тарлау, ыңғайлы, қыз баланың кеудесін жауып тұратын болған, ал етегі ұзын және қос етекті болған. Қос етек көйлек әдетте ақ түсті қымбат жібектен, торғын не шәйі сияқты асыл матадан тігілетін. Мұндай көйлектің етегі кең, жеңінің ұшы мен жағасы, белі бүрмеленіп қатпарлы желбір салынады екен. Тіпті көйлектің жағасы тік шығарылып түрлі кестелермен әрлендірілген, ол артынан не бір жақ иық үстінен түймеленеді. Үстіндегі желетке не камзол барқыт, пүліш, мақпал сияқты аса қымбат және де сапалы матадан тігіледі, ал астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылатын, киімнің өзі де әдемі тастармен әрленетін еді. Оның екі өңірі біріне бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігіледі. Сондықтан, түйме орнына камзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасалған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадайды. Камзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді. Дәл осы желеткені қатты тартып тастап жас қыздар өз төсін жасырған. Желеткені не камзолды белден буып тұратын белбеу атты бұйым алтыннан, күмістен және былғарыдан жасалған . Осы жастағы қыздар тек қана ашық түсті киімдер киген, себебі бұл жастықтың белгісі болған. Аяқтарына биік өкшелі әрі жеңіл аяқ киім, яғни етік киген. Етік – ертеде иленген теріден, бертінде былғарыдан тігілген. Былғарыдан тігілген етіктің қонышы ұзын болып келеді. Былғары етік қара, сары, қызыл түсті бояулармен боялады. Қыз-келіншектер қызыл түсті былғарыдан ою-өрнектеп тігілген етік киген. Оны «сапиян етік» деп атайды. Етіктің басқа да түрі бар.Ондай аяқ киімнің табанына түрлі өрнектер салып, өзің көкшіл түске бояп қоятын. Дәл осындай етік «көк сауыр етік» деп аталатын. Бұл кезде әшекей бұймыдар да аса көп тағылатын. Ұзын қолан шаштарына көптеген тиындармен безендірілген шашбау не күміс шолпы тақса, қолдарына күмістен жасалып қымбат тастармен безендірілген білезіктер, саусақтарына тастары бар сақиналар. Соңымен қатар жалпы жас қыздарға тән әшекей - құлаққа тағатын сырға еді. Сырғаны көбінесе бойжеткен қыздар таққандықтан, олар жеңіл болатын, жасалынатын материалы алтын не күміс. Сырғамен қатар жиі тағылатын және де сырғамен бірдей материалдан жасалатын әшекей – алқа деп аталады.

Ұзатылатын қыздың киімі

Ұзатылатын қыздың киімінің ең басты ерекшелігі - сәукеле. Сәукеле бас киімдерінің ішіндегі ең әдемісі әрі күрделісі болып есептелген. Қалыңдық күйеуінің еліне барғанда да сәукелесімен барған. Келіншек оны той өткенше киіп отырып, той өткен соң сәукелені іліп қойып, оның орнына бергекті желек киетін. Сәукеленің негізі оның төбесі, ол қиық конуска ұқсас болып көрінеді. Төбе не талдырма етіп қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып сырығы асыл матадан жасалады. Содан кейін төбені кестелеген, шет-шетіне құндыз жұрын ұстаған немесе алтын, күміс оқамен зерлеген тыспен тыстайды. Сәукеле төбесінің биіктігі екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржанмен, асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекелейді. Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды бетмоншақ немесе сәукеленің бетмоншағы деп атайды. Сәукеленің төбесінде алтынмен, күміспен әшекейленген қатырғы болады. Тізілген моншақты, асыл матадан, ақ жібектен жүргізген желекті осы қатырғыға бекітеді. Мұны бергек деп атайды. Кейде бергекке тоты құстың бірер тал қауырсынын тігінен қыстырып бекітіп қояды, оны қарқара дейді. Сәукеленің арт құлағы шашқап тәрізді белге дейін жетеді. Осы бас киімнің ең сыртынан жауып қойған шашақты әшекейлі жібек мата бар, ол көйлектің етегі құсап, жерге сүйретіліп жүреді. Кейде батырлар да осындай, сәукеле тәрізді мол әшекейлі дулыға киетін. Оның темірмен, шынжыр тормен қапталған, әсем түрлері көп. Бұларды «жыға» деп атаған.

Қыз ұзатуда киілетін көйлек жайлы айтсақ, ол басқа көйлектерден аса ерекшеленеді, себебі ұзату күнінде қыздың бұрынғыдан да әсіресе сымбатты және сұлу болуы керек. Киген көйлегі сәукелесі сияқты қымбат матадан тігіліп, бас киімі не түсі сай не бірдей болуы керек. Қыз ұзату көйлегі неше түрлі ою-өрнектермен, маржан және басқа да асыл тастармен безендірілген болуы керек. Бұл деген қалындықтың қаншалықты көркем екенін, сұлулығының мөлшерін көрсететін. Келесі қарастырылатын киім ол шапан. Шапан – қалындықтың сырт киімі. Ол да асыл матадан алтын жіппен зер салынып, өрнектеліп тігіледі. Шапанның өңіріне оюлы өрнек салынса, етегіне өсімдік тектес өрнектер кестелер тігілген. Бұл - өсіп-өңсін, өркенді болсын деген тілек белгісі. Әшекей бұйымдар туралы айтсақ, олардың да саны артылуда. Бұл жолы әшекей бұйымдардың саны аса көп, қымбат болуы керек. Алтын сырға, білезік пен алқа, қымбат тастары бар жүзік, асыл тастармен әрленген шолпы, алтыннан жасалған белбеу. Көбінесе қалындықтың қыз ұзату киімі ақ жібектен тігіледі, камзолы не шапаны да дәл сондай түсті немесе түсі сәйкес болатындай тігіледі. Кейде көйлектің сыртынан шапан емес камзол киетін. Ол болса алтын түсті жіптермен кестеленіп әрлендірілген, тағы да асыл тастар мен түрлі түймелер қадалған. Аяқтарына бұрынғыдай сапиян етік не көк сауыр етік киетін, той кезінде бұл етіктер одан да әдемі көрінсін деп ою-өрнектерін молырақ кестелеп тігілетін.

Жас келіншектің киімі