Қаратау жуасы () – амариллистер тұқымдасының жуа туысына жататын Қазақстандық түрлердің ішіндегі әйгілісі, Солтүстік жарты шарындағы көптеген елдердің мәдениетінде кеңінен танымал.
Әкті қорымда, сирек төменгі белдеуден субальпі белдеуіне дейінгі Батыс Тянь-Шань және Шу-Іле тауларының барлық жоталарындағы тастақты беткейлерде кездеседі (Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында). Өте ірі (Диаметрі 6 см дейін) шар тірізді пиязшықты, едәуір биік сабағымен (30 см-ге дейін) және жалпақ (4-10 см-ге дейін) жапырақтарымен (саны 1-4 көтерілетін) ерекшеленеді. Гүлдері жұлдызшалы, күлгіндеу, ақшыл-жасылдау, ашық-күлгін, қалың шар тәрізді шатырға жиналған. Аталықтары гүлсерігінен ұзындау және одан сәл ғана қылтиып тұрады. Сәуір-маусым айларында гүлдейді, мамырдың аяғынан жеміс салады. Құрғап қалған сабақ сынып, шар тәрізді гүл шоғырымен, желмен домалап тұқымын таратады. Тұқымымен көбейеді. Тұқымы өсіп-өнуінің созыңқы кезеңімен ерекшеленеді, мәдени жағдайда төртінші жылы гүлдейді. Қолда жақсы өседі,Қазақстанның ботаника бақтарында өсіріледі, сондай-ақ ТМД елдерінде және Батыс Еуропада гүлдеу мерзімінің ұзақтығымен (25 күн) бағаланады. Халықтық медицинада пиязшықтары өкпе ауруларына, алқынғанда және жараны жазатын зат ретінде қолданады."Қазақстанның өсімдіктер әлемі. Суретті энциклопедия". Алматыкiтап баспасы 2008. Автор: Иващенко А.А.
Дереккөздер
Санат:Амариллистер