Гипо- және апластикалық анемиялар (панмиелофтиз, бағаналық жасушалар ауруы) – сүйек миында қан өндірілудің қызыл, гранулоциттік және мегакариоциттік өскіншелерінің редукциясымен және қанның панцитопениясымен сипатталатын гемопоэздің бұзылыстары. Апластикалық анемияға берілген көптеген анемиялар арасынан клиникалық-диагностикалық маңызы дәл көрсетілген А.А. Масчанның (1999) анықтамасын атап кеткен жөн: «апластикалық анемия – гепатоспленомегалиямен жүретін, миелофиброз, жедел лейкоз немесе миелодисплазиялық синдром белгілері жоқ, сүйек миының жасушалар санының кемуіне байланысты әр түрлі ауырлық дәрежесімен ерекшеленетін панцитопения».

Сүйек миының белсенді қан түзілуінің күрт қысқаруы және оның май тіндерімен алмасуы гипо- және апластикалық анемиялардың патоморфологиялық негізі болып саналады. Сонымен қатар, тек қана эритроциттердің мөлшері азаятын апластикалық анемияның парциалды түрі де кездеседі.

Апластикалық анемия кез-келген жаста кездеседі, бірақ жастар арасында жиірек анықталады. Дерт көп жағдайларда өлімге алып келеді, бұл көрсеткіш кейде 80 % дейін жетеді. Этиологиясы Этиологиялық факторларға байланысты гипо- және апластикалық анемияларды туа (тұқым қуалайтын) және жүре пайда болған деп бөледі. Жүре пайда болған гипо- және апластикалық анемиялар өз қатарында этиологиялық факторлары белгілі және идиопатиялық түрлерге жіктеледі. Идиопатиялық түрі барлық апластикалық анемиялардың 50-65% құрайды.

Жүре пайда болған гипо - және апластикалық анемиялардың белгілі этиологиялық факторлары:

I. Физикалық факторлар:

• иондаушы радиация мен рентген сәулелері.

II. Химиялық қосылыстар:

• бензол және оның туындылары;

• мышьяктың бейорганикалық қосылыстары;

• ауыр металдар (сынап, висмут және т.б.);

• хлорорганикалық қосылыстар;

• инсектицидтер;

• пестицидтер.

III. Дәрі-дәрмектер:

1. Антибиотиктер;

• хлорамфеникол (левомицетин);

• стрептомицин;

• метициллин;

2. Сульфаниламидтер;

3. Стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер және анальгетиктер;

• фенилбутазон (бутадион);

• индометацин;

• амидопирин;

• анальгин;

4. Алтын қосылыстары (ревматоидты артриттің емінде қолданылатын дәрі-дәрмектер);

5. Антитиреоидты препараттар;

• мерказолин;

• пропилтиоурацил;

6. Цитостатиктер;

• 6-меркаптопурин;

• циклофосфамид;

• 5-фторурацил;

• цитозин-арабинозид;

• винкрестин;

• рубомицин;

• мелфалан;

7. Тырысуларға қарсы дәрілер (гидантоин);

8. Диабетте қолданылатын дәрілер (хлорпропамид, толбутамид);

9. Антиаритмиялық дәрілер;

• хинидин;

• токаинид

10. Гипотензивті препараттар; • каптоприл, эналаприл;

• допегит.

Аталған дәрі-дәрмектер арасында левомицетин қабылдауға байланысты дамыған апластикалық анемия ауыр өтеді және ол 1:30 000 жағдайдағы жиілікпен кездеседі.

IV. Инфекциялық агенттер:

1. Вирустар;

• инфекциялық мононуклеоз;

• гепатит (G);

• грипп;

• Эпштейн-Барр;

• адам иммунтапшылығы; • цитомегаловирустар;

• ұшық (герпес);

• В19 парвовирусы;

• Эпидемиялық паротит.

V. Иммундық дерттер:

1. «Трансплантат қожайынға қарсы» ауруы;

2. эозинофилді фасцит;

3. тимус карциномасы мен тимомасы.

VI. Эндогенді себептер:

• уремия, гипотериоз және т.б. пайда болатын токсиндердің әсері,

• қан жасауға теріс әсер ететін айырша, қалқанша және аналық бездер қызметтерінің бұзылыстары. Соңғы жылдары жүктілік кезінде гемопоэз элементтеріне қарсы антиденелер түзілуі туралы мәліметтер көптеп жазылуда. Кейбір жағдайда жүктілікті үзу дерттің қайтуына алып келсе, басым көпшілік жағдайда ол апластикалық анемияның дамуын тоқтата алмайтыны дәлелденген. Патогенезі Апластикалық анемияның патогенезі толық зерттелмеген. Қазіргі таңда кейбір зерттеушілердің ойынша аурудың дамуына бірнеше патофизиологиялық компоненттер әсер етеді:

1. Сүйек миының бағаналық жасушаларының ішкі ақаулары;

2. Гемопоэздік тіннің иммундық реакциясы;

3. Микроқоршам қызметінің ақаулары;

4. Тұқым қуалайтын геннің ақаулары. Осы аталған төрт фактордың ішінде қанның бағаналық жасушаларының ішкі ақаулары жетекші қызмет атқарады. Апластикалық анемияны пароксизмалды түнгі гемоглобинурия, миелодисплазиялық синдром және жедел лимфобласты емес лейкоз деген сүйек миының клонды дерттерімен байланыстары, бұл болжамды дәлелдейтін сияқты. Дж. Марштың мәліметтері бойынша пароксизмалды түнгі гемоглобинуриямен зардап шегетіндердің 25 %-да апластикалық анемия дамыса, апластикалық анемиямен ауыратындарда, дерттің соңғы сатыларында пароксизмалды түнгі гемоглобинурия 5-10 % жағдайда пайда болады екен. Сонымен қатар, 4 % науқастарда апластикалық анемия кезіндегі гемопоэз клонды түрде зақымдануын дәлелдейтін, жүре пайда болған цитогенетикалық ақаулар табылады. Апластикалық анемиямен 2 жылдан ұзақ зардап шеккен және антилимфоцитарлы глобулин қабылдаған науқастардың 10 %-да жедел лимфобласты емес лейкоз дамиды. Дерт 8 жылдан ұзаққа созылған науқастардың 57 %-да апластикалық анемияға пароксизмалды түнгі гемоглобинурия, миелодисплазиялық синдром және жедел лимфобласты емес лейкоз қосылады. Сонымен бірге, глюкокортикоидтар, антилимфоцитарлы глобулин немесе андрогендерді қабылдаған науқастарда сүйек миының клонды дерттерінің даму қаупі жоғары болады екен. Апластикалық анемияның патогенезіндегі иммундық реакцияның қызметі туралы мәселені қарастырғанда, апластикалық анемияны классикалық аутоиммундық дерт ретінде санауға болмайды. Себебі иммундық тромбоцитопения, иммундық гемолиздік анемия кезіндегі иммундық реакцияда өзінің антигендері гемопоэз жасушаларына немесе цитоплазма мембранасына жабысқан экзогенді антигендерге қарсы бағытталады. Осы айтылған жағдайларда иммундық агрессия иммуносупрессивті емнің көмегімен тоқтатылса, гаптенді агранулоцитоз кезінде экзогенді антигенді жойғаннан кейін ол өзінен-өзі шешіледі. Ал апластикалық анемияда генетикалық ақпараттың мутациясы нәтижесінде иммундық жүйенің реакциясында антиденелер (антигендер) бағаналық жасушаның цитоплазма мембранасына қарсы бағытталады. Иммундық жүйенің осы реакциясы табиғаты бойынша ісікке қарсы иммунитет реакциясына ұқсайды. Бірақ бұл иммундық реакция бір жағынан толық емес, себебі ол ақау жасушаны толық жоя алмайды, ал екінші жағынан артық, яғни ол тек ақауға ұшыраған бағаналық жасушаны ғана емес, сонымен бірге қанның қалыпты жасушаларын да тежейді. Осы жағдайда иммуносупрессивті агенттерді қолданғанда, ол мутацияға ұшыраған бағаналық жасушалармен бірге гемопоэздің қалыпты жасушаларына да әсер етеді. Соңғы айтылған жағдайда сүйек миының клонды дерттері дамиды. Гемопоэздік қоршамның атқаратын қызметі апластикалық анемияның патогенезінде ешқандай күмән тудырмаса да, строма жасушаларының біріншілік бұзылыстары гемопоэздің тежелуін шақырудың ықтималдығы өте аз. Егер, ол керісінше болған жағдайда, науқасқа сәйкес донордан сүйек миын салғанда, ол күрделі мәселелермен кездесер еді. Өсу факторларын жеткіліксіз өндіруіне байланысты микроқоршамның гемопоэз тұрақтығын сақтай алмауы туралы теория патогенездің негізі бола алмайды, себебі өсу факторларын қолданып, рекомбинантты ем жүргізілуіне қарамастан дерт жылдам емделмейді. Жоғарыда айтылғандарға қарамастан тәжирибеде in vitro апластикалық анемиямен ауыратын науқастардың сүйек миында строма қабатасты түзілуінің бұзылғаны табылып отыр. Апластикалық анемияның дамуына гендік ақаудың әсер етуі туралы болжамды осы науқастарда HLA-DR2 антигендердің жоғары жиілікпен кездесуі және ол аурулардың ата-аналарында одан да жиі табылуы дәлелдейді. Ауыр апластикалық анемиямен ауыратын балалар арасында HLA-DRw3 антиген жоғары жиілікпен анықталған. Демек, бүгінгі күнде апластикалық анемияның патогенезінде белгісіз агенттер әсерінен пайда болған қанның бағаналық жасушалар ақауларының қызметі туралы болжам жетекші орында. Бұл ақау негізінен жасушаның мутациясы немесе соған ұқсас сипатта болады. 1994 жылы К. Ниссен ақаулы жасушаның тағдырында ісікке қарсы иммунитеттің қызметі туралы концепцияны ұсынды. Онда 3 жағдай қарастырылған. Егер иммундық жүйенің нормоэргиялық реакциясы болса, онда ақаулы жасуша жойылады. Егер ісікке қарсы қорғаныс әлсіреген болса, онда ақаулы жасушадан неопластикалық клон пайда болады да, сүйек миының ісіктік ауруы көрінеді. Егер иммундық реакция гиперэргиялық болса, онда ақаулы бағаналық жасушаның дамуы қанның қалыпты бағаналық жасушаларымен бірге тежеліп, апластикалық анемия дамиды.

Клиникалық көрінісі Дерттің белгілері алуан түрлі және қан өндірілудің төмендеу дәрежесіне сәйкес күрделенеді. Осыған байланысты басты 3 синдромды іріктеуге болады. Олар анемиялық, геморрагиялық, сепсисті-некроздық. Бастапқы кезеңде тек жалпы әлсіздік, шаршау сияқты шағымдар анықталуы мүмкін. Науқастар бұл өзгерістерге бейімделіп алады да, дәрігерге өте кеш қаралады. Геморрагиялық синдром әр түрлі қан кетулер (мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан), терінің көгерулерімен білінеді және дәрігерге қаралуына себепкер болады. Кейде бұл науқастардың шағымдары агранулоцитоз аясында өтетін инфекциялық асқынуларға байланысты кез-келген бактериялық инфекцияларға ұқсас жүреді. Кейінгі (үш өскінше бойынша қан өндірілудің тежелуі) кезеңде геморрагия жиі тері мен көзге көрінетін сілемей қабаттарда көгеруі мен петехиялар түрінде кездесіп, көбінесе қызыл иектің, мұрыннан қан ағулармен қосарланып жүреді. Әйелдерде ол етеккірінің көп мөлшерде және ұзақ уақыт жүруімен көрінеді. Сирек жағдайда асқазаннан, ішектен, бүйректен профузды қан кетуі және ол бірнеше күнге созылуы мүмкін. Өте сирек өкпеге қан құйылып, геморрагиялық пневмония дамуы кездеседі. Кейде апластикалық анемиямен науқастардың көз түбіне қан құйылуының салдарынан кенеттен көру өткірлігі нашарлайды. Геморрагия ішкі және ортаңғы құлақта болса, естудің төмендеуі мүмкін. Апластикалық анемиямен ауыратын науқастың өзіне тән сырт бейнесі бар: тері жамылғылары мен көзге көрінетін сілемей қабықтары боз, кейде аздап сарғыштау тартады, онда көгергендер және/немесе петехиялар табылады, тері асты шел қабаты көбіне сақталған немесе тотығу үрдісі бұзылуының әсерінен артық болады. Көкбауыр, бауыр, лимфа бездерінің ұлғаюлары тән емес. Гипо- және апластикалық анемия кезіндегі гранулоцитопенияның нәтижесінде инфекциялық асқынулардың (пневмония, инфильтраттар, ине егу орнында абсцесс, парапроктиттер, сепсис) даму бейімділігі аңғарылады. Осы жағдайларда қызба (37-400 С) қосылуы мүмкін. Зертханалық және құрал-саймандық зерттеулер Гемограммада нормохромды анемия, лейкоцитопения, абсолюттік гранулоцитопения, салыстырмалы лимфоцитоз және тромбоцитопения, ЭТЖ жоғарылауы жиі анықталады. Көбіне гемоглобиннің мөлшері 50-80 г/л құрайды. Эритроциттер саны гемоглобин деңгейіне сәйкес өзгереді. Негізінее ретикулоциттер саны күрт төмендейді, кейде қалыпты болуы да мүмкін. Ал, егер, дертке гемолиз компоненттері қосарланып жүрсе, онда ретикулоциттер саны күрт жоғарылайды (12-20%). Лейкоциттер саны 1,5-3,5х109/л аралығында ауытқиды, бірақ кейде ол 0,5х109/л азаюы мүмкін, сонымен қатар нейтропения (2-40 %), лимфоцитоз (50-90 %) анықталады. Апластикалық анемия кезінде инфекциялық асқынулар қосылған жағдайларда лейкопения тереңдейді. Миелограммада эритроцит пен гранулоцит қатарындағы жасушалар, лимфоциттер саны күрт төмендеуі және мегакариоцитарлық өскіншенің редукциясы анықталады. Ауыр жағдайда сүйек кемігі «бос» көрінеді, төсте бірен-саран жасушаларды көруге болады. Нейтрофиль қатарындағы жасушалық элементтердің қосындысы аз болуына қарамастан лимфоциттер мен плазмалық жасушалардың пайыздық қатынасы жоғарылайды. Сондай-ақ эритро-, лейко- және тромбоцитопоэз жасушаларының жетілу үрдісі тежеледі. Мегакариоциттер анықталмайды немесе тромбоциттердің бөліну белгілері жоқ, жекелеген жасуша түрінде кездеседі. Сүйек миында сидероциттер мен сидеробластар санын санауға болады, олар тек темір алмасуының бұзылысын ғана емес, сонымен бірге айқын қан өндірілудің гипоплазиясы көрсетеді.