Мамыт (Шығыс Орал) қоңыр көмір кені орны — Орал сырты үстіртінің шығысындағы Мамыт өзенінің алабында, Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы, Бадамша кентінің шығысында 25 км жерде орналасқан. Кен орны 1994 жылдан игерілуде. Қоңыр көмір қоры 0,6 млрд.т. Жылына орта есеппен 433,6 мың т тауарлы көмір өндіріледі. Тұрмыстық отын ретінде пайдаланылады.

Геологиясы мен сипаты Геологиялық барлау жұмысы 1951-1960 жылдары жүргізілген. Көмір қабаты орта юра дәуірінің саз және алевролит қабатындағы көмірленген ағаш қалдықтары бар ұсақ түйіршікті құмда шоғырланған. Шөгіндінің қалыңдығы 400 м-ге жуық, ортаңғы бөлігінде қимасының қалыңдығы 150-165 м. Көмірдің 30 қатының 23-і өнімді саналады. Олардың қалыңдығы 0,7-10 м. Өнімді қаттың тереңдігі оңтүстігінде 5-7 м, кен орнының оңтүстік-шығысында 180-220 м. Негізгі өнімді әрі қуатты қабаты 3-9 м тереңдікте жатыр.

Құрамы және физикалық қасиеті Көмірдің күлділігі 22-28%, кейде 30-40%-ға жетеді. Ылғалдылығы 30-40%. Ұшықтық заттардың үлесі 35%. Меншікті салмағы 1,66, кеуектілігі 50%. Жанғыш массасында сутектің мөлшері 4,4%, күкірт 2%, шайыр 3,4%, битум 2,8%. Құрғақ отынның жылу бергіштігі 5055 ккал/кг, жанғыш массасынікі 5825 ккал/кг.Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5

Дереккөздер

Санат:Ақтөбе облысы кен орындары Санат:Қазақстан көмір кен орындары