Дөңгелек жапырақты алмұртшөп (Қазақстанның дәрілік өсімдіктері. Іскендіров Әбіш. Алматы "Қазақстан" 1982, 188 бет.) - алмұртшөптер тұқымдасына жататын көп жылдық, шөп тектес өсімдік.

Сипаты

Биіктігі 30 см-ге жуық. Тамыр сабағы ұзын және қосымша тамырлы. Тамырынан тікелей өсіп шығатын сағақтары ұзын, дөңгелек тәрізді, шеттері майда тісті, қыста да түспей тұра беретін бірнеше жапырағы бар. Жапырақтары қалың жасыл түсті, кейде сопақшалау, шеттері бүтін болып та келеді. Әдетте, олар 2-3 жылдан кейін барып түсіп қалады. Гүлдері ақ немесе ақшыл түсті, ұзын гүл сабағының жан-жағынан салбырап тұрады. Гүл тостағаншасының ұштары имектеу, бес жіңішке қалақшалардан тұрады. Гүл тәжі ақ түсті, 5 гүл жапырақшасы бар. Жемісі 5 ұялы, дөңгелек, көп тұқымды қауашақ. Дөңгелек жапырақты алмұртшөп тамырынан тез көбейеді. Алғашқы 2-3 жылда жапырақтары пайда болады да 3-ші, 4-ші жылдары мамыр айының аяқ шенінен бастап тамызға дейін гүлдейді. Көбінесе қарағайлы, шыршалы ормандардың арасында өседі.

Табиғатта таралуы. Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Орал, Гурьев облыстарының қарағайлы, шыршалы ормандарының арасында өседі.

Химиялық құрамы. Өсімдік жапырағының құрамында илік заттар, гликозидтер, арбутин және басқа да заттар бар.

Қолданылуы. Дәрілік шикізат ретінде өсімдік жапырағын жаз айларында жинап алып, аса құрғатпай, көлеңке жерде кептіреді де, қағаз қапшықтарға салып, құрғақ орында сақтайды. Өсімдік жапырағының тұнбасы мал дәрігерлігі практикасында малдың бүйрегі мен зәр шығару органдарын емдеуге қолданылады. Тұнба жасау үшін 5 ас қасық жапырақ ұнтағы қайнаған 600 мл суға салынып, 15 – 20 минут тұндырылады. Ірі малға - 100 – 150 мл, уақ малға – 50 – 70 мл мөлшерінде күніне 3 – 4 рет ішкізіледі. Тұнбаны пайдаланар күні ғана жасау керек. Одан бұрын жасалса немесе келесі күнге жасалса ол бұзылып кетеді.Пайдалы өсімдіктерді мал дәрігерлігінде қолдану. - Алматы: Қайнар, 1988. - 248 б.

Дәрі үшін өсімдіктің жапырақтарын жинайды. Құрамында гликозидтер, илік заттар, арбутин бар. Дөңгелек жапырақты алмұртшөптің жапырақтарынан жасалған дәрілердің несеп айдайтын және қабынуға қарсы әсер ететін қасиеттері бар. Осыған байланысты бүйректің, қуықтың, қуық жолдары бездерінің созылмалы түрде іріңдеп қабынуын және шемен ауруын емдеу үшін қолданады. Өсімдіктің тұнбасымен тамақ және бас ауруларын, жарықты емдейді.

Тағы қараңыз Дәрілік өсімдіктер

Дереккөздер

Санат:Көкбұталар Санат:Дәрілік өсімдіктер