1996 жылдың 12 қараша күні Үндістанның Чархи Дадри ауылының үстінде Kazakhstan Airlines (KZA1907 рейсі) және Saudi Arabian Airlines (SVA763 рейсі) ұшақтары соқтығысып, соның нәтижесінде 349 адам қаза болды. Бұл авиация тарихындағы қаза болғандар саны бойынша әуеде ұшақтардың соқтығысуынан бірінші орында, ал жалпы әуе апаттарының ішінде үшінші орынды алады.

Тергеудің нәтижесі бойынша, ИЛ-76ТД экипажының кінәсі анықталған. Негізгі себептердің бірі ретінде тілдік барьер және экипаж мүшелерінің өзара түсініспеушілігі аталған.

Ұшақтар 1996 жылдың 12 қараша күні жергілікті уақытпен 16:21-де Қазақстанның Шымкент қаласының әуежайынан «Kazakhstan Airlines» компаниясының Ил-76 ТД ұшағы (борт нөмірі UN-76435) ұшып шықты. Ұшақ «Шымкент-Дели» рейсін орындап жатқан еді. Оның бортында 10 экипаж мүшесі, 27 жолаушы, оның ішінде бір сәби болды. Жолаушылар арасында Барнаул мен Новосібір қалаларының тұрғындары Ресейдің 13 азаматы болды.

Жергілікті уақытпен 18:32-де сауд арабиялық «Saudi Arabian Airlines» компаниясының «Boeing 747» (борт нөмірі HZ-AIH) ұшағы Үндістан астанасы Делидің халықаралық әуежайынан ұшып шықты. Ұшақ «Дели-Джидда» рейсін орындап жатқан еді. Оның бортында көпшілік бөлігін Сауд Арабиясына уақытша жұмысқа бара жатқан Үндістан азаматтары құраған 312 жолаушы болды. Олардан басқа Боингте Сауд Арабиясының, АҚШ, Ұлыбританияның, Пәкістанның, Непал мен Бангладештің азаматтары болды.

Оқиғаның хронологиясы Тәжірибелі үндістандық әуе диспетчері В. К. Датта екі рейстің де ұшуларын бақылап отырды. KZA1907 рейсінің бортрадисі әуе диспетчерімен байланыс жүргізіп, барлық қажетті мәліметтер мен нұсқауларды алды. Атап айтқанда, ол жақын маңда SVA763 рейсінің бар екені туралы ескерту алып, FL150 (4550 метр) эшелонына дейін төмендеп, сол деңгейде ұшуды сақтау жөнінде бұйрық алды, себебі FL140 (4250 метр) эшелонында қарсы бағытта SVA763 рейсі келе жатқан еді. Алайда KZA1907 рейсінің командирі мен екінші ұшқышы бұл нұсқауларды толық әрі дұрыс түсінгеніне дәлел жоқ. Бортрадис жақындап келе жатқан SVA763 рейсіне дейінгі қашықтықты сұрап, 14 километр деген жауап алды (Ил-76 ұшағының ерекшелігі — бортрадис жеке орында отырады және оның жеке биіктік өлшегіші болмайды, ол тек жермен байланыс жүргізеді). Түсініксіз себептермен KZA1907 рейсі бірқалыпты түрде төмендей беріп, дәл сол уақытта SVA763 рейсі орналасқан FL140 эшелонына түсті. Сағат 18:41-де әуе диспетчері радардан екі ұшақты білдіретін нүктелердің түйіскенін көрді (бұл олардың бірінің екіншісінің үстінен өткенін білдіруі мүмкін). Осыдан кейін екі ұшақ та байланысқа шықпай, радардан жоғалып кетті. Диспетчер біраз уақыт бойы ұшақтарды шақырды, бірақ ешқайсысы жауап бермеді. Көп ұзамай диспетчермен төменгі эшелонда ұшып бара жатқан АҚШ Әуе күштерінің Lockheed C-141 Starlifter ұшағының екінші ұшқышы, капитан Т. Д. Плейс байланысқа шығып, бұлт ішінде жарқыл болғанын, ұшақ сынықтарының құлап жатқанын және кейін жер бетінде екі өртті көргенін хабарлады. Кейін анықталғандай, Делиден оңтүстік-батысқа қарай 75 километр жерде және Чархи-Дадри қаласынан 5 километр қашықтықта, 4109 метр биіктікте KZA1907 рейсі сол қанатымен SVA763 рейсінің сол қанатын кесіп өткен (оның екі сол жақ қозғалтқышын жұлып кеткен). Қақтығыс сәтінде Ил-76 Boeing 747-ден 3 метр төмен ұшқан, ал тиісінше 300 метр жоғары болуы керек еді. Сонымен қатар KZA1907 рейсінің тік құйрық тұрақтандырғышы SVA763 рейсінің құйрық бөлігін зақымдады. Айнала отырып, Boeing 747 әуеде бөлшектеніп, сынықтары Чархи-Дадри маңына шашырап түсті. Ал сол қанатының бір бөлігі мен екі сол жақ қозғалтқышынан айырылған Ил-76 аударылып, Boeing 747 құлаған жерден 7 километр қашықтықта жерге құлады. Екі ұшақ та толықтай қирап, өртеніп кетті. Тірі қалғандар Құтқарушылар 1907-рейстен 4 тірі қалған адамды, ал 763-рейстен 2 тірі қалған адамды тапты, алайда олардың барлығы жедел жәрдем келгенге дейін қаза тапты. Тергеу Екі ұшақтың да барлық борттық самописецтері Ұлыбританияға жіберілді. Параметрлік және дыбыстық самописецтердің деректерін Ұлыбританияның Авиациялық оқиғаларды тергеу бөлімі (AAIB) расшифрлады.Чархи-Дадри үстіндегі қақтығыстың техникалық себептерін Үндістанның Азаматтық авиацияның бас директораттары (DGCA) тергеді.Тергеудің қорытынды есебі 1997 жылғы 15 шілдеде жарияланды.Есепке сәйкес, SVA763 және KZA1907 рейстерінің соқтығысуына KZA1907 рейсі экипажының белгіленген биіктіктен төмен түсуі себеп болды. Бұл келесі жағдайлардың салдарынан орын алған: ұшқыштардың ағылшын тілін нашар меңгеруі және әуе диспетчерінің командаларын дұрыс түсінбеуі; ұшқыштардың кәсіби шеберлігінің жеткіліксіздігі; экипаждың өз міндеттерін қанағаттанарлықсыз орындауы; экипажда стандартты фразеологияның болмауы.

Қосалқы факторлар ретінде мыналар көрсетілді: Дели әуежайында екінші реттік радиолокатордың болмауы; азаматтық әуе кемелері үшін ұшу және қону кезінде бірыңғай әуе дәлізінің болуы; екі ұшақта да TCAS жүйесінің болмауы.

Тағы қараңыз 2013 жылы 29 қаңтарда Алматы маңында болған Bombardier CRJ 200 әуе апаты Шымкент қаласының маңындағы әуе апаты (25 желтоқсан 2012)

Дереккөздер

Санат:Әуе апаттары Санат:1996 жыл