Ұлы Антиох ІІІ () (б.з.б. 242 — 187) — Селевки әулеті мемлекетінің билеушісі (б.з.б. 223 — 187).

Таққа отырғаннан кейін 220 — 214 ж. Персия, Мидия мен Кіші Азиядағы көтерілістерді басып-жаныштады. 219 ж. Египетке қарсы соғыс бастаған ол Келесирия, Финикия мен Палестинаны басып алды. Алайда Рафия түбіндегі шайқаста (217 ж.) жеңіліске ұшырап, жаулап алған жерлерінен айрылып қалды. 212 — 205 ж. шығысқа жасаған жорықтары нәтижесінде Парфия мен Грек-Бактрия патшалығы бағындырылып, үнді патшасымен одақ жасалды. Осы жорықтардан кейін 203 ж. Ұлы Антиох ІІІ Египеттен Палестинаны тартып алды, одан кейін Кіші Азия қалалары мен Фракияны басып алуға әрекеттенді. Бұл 192 — 188 ж. Пергам және Рим мемлекеттерімен соғысуға алып келді. 190 ж. Магнесия түбінде жеңіліске ұшыраған Ұлы Антиох ІІІ Рим республикасы және оның одақтастарымен (Пергам, Родос, т.б.) Апамей шартын (б.з.б. 188 ж.) жасасты. Шарт бойынша Ұлы Антиох ІІІ Тавр тауынан батысқа қарайғы жерлерден бас тартуға мәжбүр болып, Римге 15 мың талант көлемінде контрибуция және Пергамға өтемақы төлеуге міндеттенді. Ұлы Антиох ІІІ пен оның мұрагерлеріне Жерорта т-нде әскери флот пен жауынгерлік пілдер отрядын ұстауға тыйым салынды. Апамей шарты Селевки әулетінің Эгей теңізі алабындағы ықпалын толық жойып, патшалықты екінші дәрежедегі державаға айналдырды. Ұ. А. ҚҚҚ Элимаидадағы Бел құдайдың ғибадатханасын талан-таражға салып, тонау кезінде жергілікті тұрғындардың қолынан қаза тапты.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IX том

Дереккөздер

Санат:Б. з. д. 242 жылы туғандар Санат:Б. з. д. 187 жылы қайтыс болғандар Санат:Селевкилер билеушілері