Дүкен - байырғы кездегі темірші ұсталардың жұмыс істейтін және құрал-жабдықтарын сақтайтын үйі, ұстаханасы. Ондай үйді кей жерлерде көбінесе ұстаның қасиетті саналған көрігі тұратындығына байланысты көрік үй деп те атаған. Дүкен ретінде киіз үйді пайдаланса да, Дүкен аталып жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтарын түгел соның ішіне орнатады. Ертеректе Дүкен атауының төс және ұстахана деген екі түрлі мағынасы болды.
Дүкенге келіп жұмыс бастар алдында ұста дәрет алып, Дәуіт пайғамбарға сыйынып іске кіріседі. Ұста, зергерлер кейбір жағдайларда өз бұйымдарын есікті жауып алып, ешкімге көрсетпей жасаған. Өйткені олар жасап жатқан затты біреу-міреу көріп қойса, ол бұйым (мысалы, қылыш, білезік т.б.) киесінен айырылып, қасиеті төмендейді деп түсінген. Дүкендегі көріктің «боғын» (қалдығын) сұрап алып, суға салып жуынса, шошыну мен денеге шыққан бөрткенге шипа болады деп санаған. Босанарда ауырып, шалық тиген әйелдерді ұста дүкеніне әкеліп түнеткен, төске тәу еткізген.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Дереккөздер
Санат:Зергерлік