Айлауық () – айлауыктар тұқымдасына жататын екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер, кейде бұта; өсімдіктер туысы. Дүние жүзінде Жерорта теңізі маңында, Батыс және Орта Азияда, Батыс Қытайда өсетін 150-дей түрі белгілі. Қазақстанда 10 түрі анықталған, топырақ талғамайды, тастақты, сортаңды жерлерде де өсе береді. Жиі кездесетін түрі – гмелина Айлауығы (Onosma gmelіnі). Биіктігі 20 – 50 см, сабақтары бірнешеу, бұталы, түкті. Жапырақтары ұзын, 15 см-дей. Тостағаншасы 5 бөлек жапырақшалы, күлтесі ақ, сары, қызғылт не көгілдір түсті, ернеуі 5 бөлікке тілімденген, сыртын тікен тәрізді қатты түк басқан. Аталығы 5, аналығы біреу. Мамыр – шілде айларында гүлдеп, тамызда жемістенеді. Жемісі – жаңғақша.
Айлауық – халық медицинасында дәрілік өсімдік, кейде бал арасы үшін қолдан өсіріледі. Аналық айлауық (Onosma stamіneum) деген түрі Солтүстік Үстіртте өте сирек кездесетін түр болғандықтан қорғауға алынып, Маңғыстау облысының «Қызыл кітабына» енгізілген.Қазақ ұлттық энциклопедиясы
Дереккөздер
Санат:Айлауықтар Санат:Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер