Жапон самурайының қару-жарағы. Бұл қару-жарақ жиынтығына дулыға, сауыт және екі семсер кіреді (5-сурет). Дулыға «судзи-кабуто» деп аталатын типке жатады, төбесі бірнеше жіңішке пластиналардан құралып жасалған. Пластиналардың төменгі жағы жалпақ пластина түріндегі құрсаумен («косимаки») ұстатылған, үстіңгі жағында ортасы тесік төбелдірікке («тэхэн») бекітілген. Дулығаның маңдай алдында сөре темір («мабидзаси») бар. Сөре темірге жарты ай бейнесіндегі әшекей («маэ-датэ») және айыру белгісі – жалауша («сасимоно») бекітілетін түтікше орнатылған. Дулығаның төменгі жиегіне көк түсті жібек баулармен байланған 5 темір пластиналардан құралған желкелік («сикоро») ілінген. Дулығаның алдында жауынгердің бетін қорғайтын, адамның мұрны, ауызы мен иегі түрінде жасалған темір томағасы («мэмпо») бар, оның ішкі жағы қызыл лакпен жабылған. Томағаның мұрын бөлігі бөлек алынып салынады, мұрнының астына қылдан мұрт жапсырылған. Томағаның астыңғы жағына 4 пластинадан теріліп жасалған мойынқорғағыш («едари-какэ») ілінген.

Сауыт самурай сауытының («мару-до») деп аталтын түріне жатады. Жапондарда сауыттың бұл түрі ХVIII-ХIХ ғасырларда қолданылған болатын [13, с.88]. Дулыға мен сауыт та сол кезеңге жатуы мүмкін. Сауыт бірнеше бөліктен: иықтықтан, жеңседен, кеудені қорғап тұратын кирасадан, белдемшеден, тізеліктен, балтырлықтан тұрады. Кеудені қорғайтын кираса «до» ұзын темір пластиналарды көк жібек баумен теріп жасалған екі бөліктен – арқалық және кеуделік бөліктен құралған, олар оң жақта топсамен қосылған, сол жақта баумен байланады, иықта темір таспалармен жалғасады. Кирасаның астыңғы жағында матадан тігілген етегі бар, асты бөз матадан, тысы өрнекті жібек матадан тігілген, етегінің астарына кіреуке өрімі салынған. Кирасаның арқалығында самурайдың әулеттік гербі салынған тудың сабы орнатылатын түтікшесі болған, оның тек астыңғы бекітпесі ғана сақталыпты. Иықтықтар («о-содэ») жеті ұзын темір пластиналардан, көк жібек баумен теріліп жасалған, астыңғы жағында матадан тігілген астарлығы бар, кирасаға ұшы шашақты қызыл жібек баулармен байланады. Жеңселер («котэ») бірнеше қабат матадан ұзын жең түрінде тігіліп, сыртынан арасына кішкентай темір пластиналар тоқылған кіреукелі өріммен күшейтілген. Белдемше («гэссан») бес ұзынша пластиналардан жібек баумен теріліп жасалып, белге тағылатын жіңішке белдікке байланған жеті бөліктен тұрады, белдікте бірнеше ағаш түймелер байланып, сол түймелер арқылы белдемше қосымша кирасаның астындағы ілмекбауларға түймеленеді. Аяқтың санын қорғайтын тізелік («хайдатэ») жеңсе сияқты бірнеше матадан тігіліп, белдемшеден шығып тұратын төменгі жағына жібек баумен жіңішке төртбұрышты темір пластиналардың бес қатары бекітілген. Тізелік санға түймемен түймеленіп, белге таспабаумен байланады. Балтырлық («сунэатэ») кіреуке шығыршықтармен қосылған жіңішке темір пластиналарды мата астарлыққа бекіту арқылы жасалған, балтырға байланатын екі таспабаулары бар. Жапон дәстүрі бойынша сауыттың қорғанысын құрайтын темір пластиналардың беттері қара лакпен жабылып, ескі сауыттардың көбе терімін имитациялайтын қырлар салынған. Иықтықтардың беттері ғана алтын бояумен боялған. Осы жауынгерлік жарақ құрамына самурайдың дәстүрлі атрибутына айналған қос семсер («дайсе») - ұзын семсер («катана») және қысқа семсер («вакидзаси») қосылған [13, с.19]. Бұл семсерлерді самурай беліне қыстырып тұрақты алып жүрген, олар сауыт, дулығамен бірге самурайдың биік әлеуметтік статусының символы болды. Дәстүрлі ғұрыптық сый-тартуларда да олар осы мәнде қолданылды.